05 жел, 2019 сағат 08:21

Банкроттық және оңалту сатысында тұрған кәсіпорындар анықталды

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырпысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық рәсімдерін, бюджеттік, салық заңнамасын және теміржол көлігі туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

«Бүгінгі таңда банкроттық рәсімінен 4 мыңға жуық бизнес субъектісі өтіп жатыр, 400 кәсіпорын оңалту сатысында. Іс жүзінде, күрделі қаржылық жағдайдағы бизнес субъектілері айтарлықтай көп. Қолданыстағы заң кәсіпкерге сәтсіз бизнесті тез жабуға мүмкіндік бермейді. Әрбір төртінші жағдайда сот банкрот деп танудан бас тартады. Сотқа субъектінің қаржылық жағдайына объективті баға беру қиын. Сот болар-болмас активтің болуын қарыздар бойынша есеп айырысу мүмкіндігі ретінде бағалайды» деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Осы орайда ол мұндай жағдай оңалту аясында да байқалып отырғандығын жеткізді.

«Борышкердің төлем қабілеті бар немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін ресурстардың бар екенін дәлелдей алмады деген себеппен сот көп жағдайда оңалту рәсімін қолданудан бас тартады. Осыған байланысты, заң жобасы оңалту және банкроттық рәсімдерін қолдану үшін жағдайларды жеңілдетуге, сондай-ақ рәсімдерді жүргізу мерзімдерін қысқартуға және әрекетсіз борышкерлерді жабуды жеңілдетуге бағытталған» деді Ә. Смайылов.

Еске сала кетейік, биыл мамыр айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда кәсіпорындар мен компанияларды сауықтыру мен банкроттығы талаптарын түбегейлі жеңілдету және рәсімдер мерзімін қысқарту керектігін тапсырған болатын.