16 қаз, 2018 сағат 10:49

Бақытжан Сағынтаев жекешелендіруді тиімді жүргізуді тапсырды

ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік меншік объектілерін сату жұмысын барынша пайдамен жүргізу қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі Үкімет отырысында Қаржы министрі Әлихан Смайылов қазіргі уақытта жекешелендірудің кешенді жоспарының 887 объектісінің 524-і сауда-саттыққа шығарылып, олардың 444-і сатылғанын атап өтті. Сату бағасы 253 млрд теңгені құраған.

«287 нысан қайта ұйымдастырылу және таратылу сатысында 12 объектіні жекешелендіру объектілерінің тізбесінен алып тастау туралы ҚР Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімі қабылданды. Қайта ұйымдастырылатын және таратылатын объектілерді қоса есептегенде, жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалуы бүгінде 84 пайыз деңгейінде қалыптасты. Осы жылы 257 объект сатылымға шығарылмақ. Іс жүзінде 142 объекті сауда-саттыққа шығарылып, 47 объекті бойынша қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылданды. Сатылымдағы объектілердің ішінен осы жылы 63-і сатылды. Сату бағасы 74 млрд теңгені құрады», - дейді Әлихан Смайылов.

Министрдің баяндамасын тыңдаған Үкімет басшысы белгіленген нысандарды сату кесте бойынша жүргізіліп жатқанын айтты.

«Алайда Қаржы министрінің (Әлихан Смайылов - авт.) баяндамасында айтылған кейбір нысандарды жекешелендірудің созылып кеткеніне министрліктер, жергілікті атқарушы органдар мен холдингтер назар аударуы керек. Нысандарды сатуға қоюды жылдамдатулары қажет. Жекешелендіруді мемлекет үшін барынша тиімді жүргізу қажет. Бұл Елбасының тікелей тапсырмасы», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Премьер-Министр бұл мәселені реттеуді өзінің орынбасары Ерболат Досаевқа тапсырды.