17 қаң, 2017 сағат 06:00

Айдын Байыс: "Ырғағына елтіп жұмбақ тәтті әннің"

Азамат ретінде Айдын сабырлы, салмақты. Дауысы бәсең, үні өзеннің гүріліндей. Әңгімесі салиқалы. Айқай, даурықпа думаннан бойын аулақ ұстайды. Саяқ жүреді. Қасында – жыр лебі, басында – ой дүрмегі. Жырлары да қорғасындай салмақты. Ізденуден танбайтын талант иесі қазақ қара өлеңдерін жиі оқиды, жиі айтады. Және жырынан қазақылықтың жұпар иісі аңқиды.

Абайдан қалған жесіріміз, Қасымнан қалған ғашығымыз (С.Әбдуғалиев) деп аялаймыз өлеңді. Жұмекеншелесек, жеңілдігі көбіктей, ауырлығы табыттай (Күй мен Жыр егіз ұғым деп түйсінеміз). Қалай десек те қазақтың өлең-сөзіне салмақ керек. Өлең туған жерге, топыраққа тамырымен байлануға тиісті. Қаңбақтай ғана салмағы бар жеңіл заттың жел тұрса ұшып кететіні секілді, ұлттық болмыстан ажыраған өлең өміршең болмақ емес.

Көкше теңіздің айдынында Айдынның балалығы қалған. Есі кіргелі «есінен ауып» жыр айдынында жүзіп жүр... жүрегі. Өзі айтқандай «су бетімен жүгіріп кеткісі келетін» ақын тосын «мінез» танытуға да, соны теңеу-жыр ұсынуға да бейім. Теңізін жыр қылған, сезімін сыр қылған Айдынның өзінен де, сөзінен де осыны аңғарамыз біз.

Еламан Қабділәшім

АҚПАН ЖЫРЫ 

Февраль. Достать чернил и плакать! 
Б.Пастернак 

Ырғағына елтіп жұмбақ тәтті әннің, 
Еңкіштетпек зәу еңсемді батпан мұң. 
Әйнегіне ентелеткен әлемді, 
Адамзатқа айтары бар ақпанның! 

Сауласа көп сонау көктен сұрақтар, 
Тауып бірден бере алады кім ақпар? 
Көзі бардың көрінбестен біріне 
Кеңістікке нұр сіңеді тұрақтар. 

Өлең болып түсе бермес хатқа анық, 
Көк аспаннан қалқып түсер ақ мамық. 
Титтей ұлпа арқалайды ауыр мұң, 
Жадымызға (жарықтық-ай!) жатталып. 

Жүрегіңді қытықтаса иісі аңқып, 
Ән төгеді кеудеңдегі күйсандық. 
(Жаным, мені мұңдарымнан оят та, 
Иығыма қос білекті сүйші артып!) 

Келсе көктен құдіретті күш – көндік, 
Ұйқысыз-ақ талай ғажап түс көрдік. 
Керемет қой ақпаны бар сиқырлы 
«Қыс» дейтұғын Құдай жазған үш томдық! 

ЖАҒАДА 

«Мен сені сағынамын…» дейтін, өбіп, 
Жұптастырып жанымды гөзәл мұңға. 
Дәл осылай Күн-Ару кейпіне еніп, 
Көкжиекке сүңгиді ол көз алдымда. 

Екі ортада көл сұлап, 
(емес пе – айна?) 
Қайырылмай ұзайды шет мүлде енді. 
-Жібермеймін,- деп сол сәт - сені ешқайда! 
Су бетімен жүгіріп кеткім келді. 


АҚ ЖАУЫН. САҒЫНЫШ 

Уа, зеңгір көк, зеңгір көк! 
Табиғаттың бұл дағы заңы қандай?! 
ҚазГидроМет болжамын қабыл алмай, 
Құтыруын қарашы мына күннің, 
Жілігіне май толған жануардай! 

Қан-тамырда Қара Ертіс - күй тасынды, 
Еске салдың сағыныш, қимасымды! 
(Өзімді алдағаным ғой) 
Доғар деймін! 
Ешкім өлген жоқ бүгін, тый жасыңды! 

Ей, ақ жауын, мөлдір мұң сырғытты үміт, 
Ақтарғым-ақ келеді сыр ғып тұнық. 
...Кірпіктерін ақшулан бұлтқа малған, 
Қарындасым-ай менің, жұртта қалған, 
Бұрымымен көз жасын сүртіп тұрып. 

АУЫЛ. ҚЫСҚЫ ТАҢ. ӨМІР 

Үлкен қасқа үйірі еңіс бойлап, 
Керіледі сықырлап келісті аймақ. 
Езуіне қыстырып Шал шылымын, 
Аяңдайды сиырын өріске айдап. 

Әдетіне айналған қайбір көптен, 
Шал ақсаңдап барады – айғыр тепкен. 
Ақ бу ұшқан өзенге қарайды бір, 
«Толқынына тұншықса қайғым да еппен». 

Емес еді қария ол көреген. 
Ел ұйқыда жатқанда ертеменен, 
Беткейге өрлеп беттейді бір әнді айтып, 
Естігенге көп сырды шертеді өлең. 

Кім біледі, көп жұмбақ жатты өртеніп, 
Жігіт күнін аңсайды-ау, 
Ақ тер болып 
Жуанқоңыр - Жыланды жолсызбенен, 
Қаңтарда да қатынар атпен келіп. 

Шаға берсе сыймайды-ау мұң далаға. 
Ішке бүккен көп сырды бұл ғана ма?! 
Тетелесі секілді, түсінетін, 
Тек ақ таулар қасқайып тұрған ана. 

Беткейді асып, шөгуде күндер аулақ, 
Сәлден кейін шығады Күн де лаулап. 
...Сәлден кейін немере оянады, 
Ойнайды ғой, байқалмай ой алаңы, 
Жауып тұрған ақ қарды тілмен аулап. 



*** 

Айналайын, тебя называю… 
Олжас 

Айналайын! 
Сені ойласам – қараңғылық қашты ептеп, 
Бақша түгіл, кететіндей тас көктеп! 
Саған деген сезімімді аққулар, 
Көл бетіне оюлайды әспеттеп! 

Айналайын! 
Күн-көркіңе қызығады көктем де! 
Қырықпышақ болып іштей көп пенде. 
Бұрынғыдан бетер ғашық боламын, 
Күліп жұмған көздеріңді өпкенде! 

Қауырсындай қалықтайды ән өрлеп! 
Құрғыр тілім... жеткізе алмай бәлен деп, 
Айналайын дей бердім-ау, жан айнам, 
Сандуғаштың мақамымен мәнерлеп! 

Саған өлшем бола алмайды өлең де, 
Ешкімге де ұқсатпаймын сені өңге! 
Сен де мені өтінемін, ұқсатпа, 
Олжас көкем айналайын дегенге. 

Құйттай ғана бақытымның бөлшегі! 
Өмір деген - сүйіп өту, беу, сені! 
Айналам деп басым кетсе, таңқалма, 
Анам «қызда басың қалғыр» деуші еді! 

ҚАМЫСБАЙ 
(Баллада) 

Шіліңгірде күн танытып қиқарлық, 
Көл жағалай қонған ауыл жиған құт. 
Үйге сыймай қара сирақ кілең ұл, 
Бір-бір қоға тұтатамыз сигар қып. 

Сарышұнақтай шықпай жатса ел іннен, 
Біз балыққа аттанушы ек, көл – іргең. 
Ескі инені иеміз ғой қармақ қып, 
Көк кит аулап қайтатындай көңілмен. 

Әлі есімде сонау жылдың тамызы, 
Әр ауылдың болады ғой абызы, 
Абызымыз – сексендегі Қамысбай, 
Таң атқаннан таусылмайтын «аңызы». 

Көп көненің көзін көрген Қамысбай, 
Дөкейлердің сөзін бөлген Қамысбай. 
Жалаң қолмен жеті метр жайынды 
Ауладым деп көпіретін дауыстай. 

Боқтап алар қырсық мінез бар, білем, 
Ұмытайын қайтіп мұндай жанды мен. 
Шеге түзеп отырғанға тисетін, 
Қатыныңды түзеп ал деп алдымен. 

Дүрліктірді бір күні шал жұрт ішін, 
Ұн жағып ап танымастай түр-түсін, 
Ақ киініп, «Ау, ағайын, аққуға 
айналам» деп, қос «қанатын» сілкісін. 

Әй, ырғалды-ай, ырғалды-ай, 
Алжасты ма, шатақ еді бұл қандай!? 
Үркесоқтап Қамысбайға қараймыз, 
Айқай салып көрден атып тұрғандай. 

Бала көңіл сенер ме әлде сенбес пе, 
Жұрт жиылды шаңырағына сол кеште. 
Қатты ауырып кепкен шалым таң ата, 
Аққу болып ұшып кетті келмеске... 

Пері қызбен тілдесетін Қамысбай, 
Алай-дүлей күн кешетін Қамысбай. 
Су жылқысы, тайып келіп ғайыптан, 
Суынға да мінгесетін Қамысбай. 

Өтті содан талай көктем, бұла күз, 
Сенбесеңіз Көкше көлден сұраңыз... 
Мықты адамның қалады ғой артында, 
Тірісінде-ақ айта жүрер бір аңыз. 


БІР ҚЫЗҒА 

Жалған күйге жолатпай, жаным ашып, 
Боларсың деп басқаға тағы ғашық, 
Көз жасына бір қыздың қалып едім. 
Білте шамдай бір үміт жағып асық... 

Жұмсақ тілге тәтті сөз төселгіш-ақ, 
Обал деген жолымды өзен тұсап... 
Мазалай ма өткен күн уһілеумен, 
Шаншу ұстап кідірген шешем құсап? 

Дәл шешемдей уайымдап жоқ әрнені, 
Түн есіне сала ма оған мені? 
Кім біледі... 
Сары жел сыңсып ұзақ, 
Жаңбыр жиі жауады содан бері. 

ЕШКІМГЕ ҚАТЫСЫ ЖОҚ БІР ӨЛЕҢ 

Қарлығашты көрдің бе, анау ұшқан?.. 
Жақын тартып тұрады жан алыстан. 
Ең алғашқы досым – сол, ерке құсым, 
Мақпал қара қанаты дала құшқан. 

Мейірімі мамырлап ізгі күйдің, 
Бұрышына ұя сап біздің үйдің, 
Тату-тәтті тұрғанбыз, айырғанша 
Жылан қабық мұз қатқан күз, қыли күн. 

(Осы сөзге, білмеймін, сенесің бе?) 
Құсым қайтып келмеді Дересінге. 
Қармақтың қалтқысындай көлге салған, 
Дір-дір еткен дем кетті-ау денесінде. 

Бәлкім, еске салатын болар кей үн? 
Санамда сағынышқа көп ән бейім. 
Оған дейін бір досым болмап еді, 
Болмайтын да шығар-ау одан кейін. 

БЕЙІТ БАСЫНДА 

Қалың қорым ішінде, 
(Кім жатқанын кім білсін?) 
Пәк періште пішінде, 
Ойнап жүрді бүлдіршін. 

Көк жусанның түбіне, 
Көздің жасы тамады, ә... 
Ағайынның бірі де, 
Ұрыспады балаға. 

Шошытпады жуық көр, 
Былдырлайды тәтті тіл. 
«Ажал деген суық қол» 
Құлыншаққа жат пікір. 

Қуыршағын жұптап ап, 
Елемейді ол өзгені. 
Қасіретке тік қарап, 
Күлімдейді көздері. 

Айдын Байыс – 1994 жылы Қарағанды облысы, Балқаш қаласында дүниеге келген. 2016 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Көлік-Энергетика факультетін тәмамдаған. Өлеңдері «Балқаш аймақтық ақындар антологиясына», «Арқадағы арда жыр» жинақтарына енген.

Ұлт порталы