25 сәу, 2018 сағат 09:17

Астанада Шыңғыс Айтматовқа арналған жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Ұлттық академиялық кітапханада Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған халықаралық форум өтіп жатыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған «Айтматов тағылымы» атты халықаралық форумға Қырғызстан мен Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал ғалымдары мен ақын-жазушылары қатысуда.

Форумды ҚР Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева ашып, кездесу бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастық пен мәдени қарым-қатынасты одан әрі дамытуға септігін тигізетінін атап өтті.

«Бүгінгі басқосуға Алатаудың ар жағынан парламент қонақтары, академик ғалымдар келіп отыр. Шыңғыс ағаның көзін көрген, әріптес болған ағаларымыз да осында. Сіздерді Алатауды бірге жайлаған қос елдің достығын нығайту жолындағы еңбектеріңіз үшін ризашылығымды білдіргім келеді», - деді ол.

Осы орайда ҚР Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі форумда тұсауы кесілгелі отырған кітапқа қатысты өз пікірін білдірді.

«Бүгін Шыңғыс Айтматов туралы жаңа кітаптың тұсаукесері өткізілмек. Ұлы жазушының өмірінен сыр шертетін туынды Айматовтанушылар үшін ғана емес, қалың оқырман үшін де өте құнды еңбек боларына сенімдімін. Айтматов шығармаларымен тұтас буын тәрбиеленді. Оның нағыз өмірден алынған кейіпкерлері мен оқиғалары әрбір оқырманға етене жақын. Қаламгер туындыларының өзектілігі қазіргі заманда тіптен арта түседі. Адамның жан дүниесінің тазалығы, ойы мен ісінің үндестігі, табиғатпен үйлесімді болуы - қазіргі уақытта бүкіл адамзаттың алдындағы проблемалар. Терең философиялық мағынасы бар Айтматов туындыларының түпкі идеясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндесіп жатыр. Осындай ұлы қаламгерді халықаралық деңгейде ұлықтау - тұтас түркі жұртының елдігі мен бірлігіне лайық іс», - деді Аида Балаева.

Сонымен қатар ол Шыңғыс Айтматовтың мерейтойы Қазақстаннан бастау алуы қазақ-қырғыз халықтары үшін маңызды екенін атап өтті.

«Айтматовты ұлықтау арқылы біз бауырлас қырғыз халқына құрметімізді көрсетеміз. Ол шын мәнінде шексіз әрі шынайы құрмет. Біз тамыры бір бауырлас халықпыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан қырғыз халқына шынайы жанашырлық көрсетіп келеді», - деді ҚР Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі.

Жиында қос елдің зиялы қауым өкілдерінің назарына қырғыз режиссері Артықбай Сүйүндүковтың «Айтматов» атты деректі фильмі ұсынылды.

Кейін Қырғыз Республикасының экс-мемлекеттік хатшысы, профессор Османакун Ибраимовтың «Айтматов. Последний писатель империи» атты кітабының тұсауы кесілді.

«Шыңғыс Айтматов әлемдік деңгейдегі жазушы. Оның шығармаларындағы басты кейіпкерлер – қырғыз бен қазақ болды. Осылайша, ол қазақ пен қырғыз халқының арасындағы байланысты одан әрі тереңдете түсті. Қазақ халқының дархан даласы оған шабыт беретін. Ол биікке ұмтылатын. Сондықмен менің «Айтматов. Последний писатель империи атты кітабымның тұсаукесер рәсімі Астанада өтіп жатқанына қуаныштымын», - деді Османакун Ибраимов.

Сонымен қатар ол әлем мойындаған қырғыз жазушысы туралы жаңа кітап қазақ тіліне де аударылуы мүмкін екенін айтып қалды.

«Кітабым Шыңғыс Айтматовтың өмірі туралы. Қазіргі таңда бұл кітап Мәскеуде «Жизнь замечательных людей» атты сериямен орыс тілінде «Молодая Гвардия» баспасынан шығады. Қазіргі таңда кітабым басқа тілдерге аударылып жатыр. Ол қазақшаға аударылады деген үміттемін», - деп түйіндеді сөзін кітаптың авторы.

Сондай-ақ Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған халықаралық іс-шаралар басқа мемлекеттерде өткізілетінін жеткізді.

«Келесі аптада ЮНЕСКО көлемінде Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығын атап өтеміз. Сондай-ақ ұлы жазушының құрметіне арналған жиындар Өзбекстанда, Түркияда және басқа да мемлекеттерде өтеді. Ал соңғы шара Бішкекте ұйымдастырылады», - деді ол.