#
#
Бейсенбі 24/10/2019

Асқар Мамин: Қазақстан цифрландыру жобаларына көп көңіл бөледі

  • 17.09.2019
  • 0
  • 1321

ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин Халықаралық Электр байланысы одағының Бас хатшысы Чжао Хоулинь және Дүниежүзілік пошта одағының Бас директоры Бишар А.Хуссейнді және байланыс саласындағы аймақтық достастық әкімшілігі делегациясын қабылдады.

Жиын аясында Байланыс саласындағы аймақтық достастық әкімшілігі басшылары Кеңесінің 55-ші отырысы және ТМД-ға мүше мемлекеттердің ақпараттандыру жөніндегі Үйлестіру кеңесінің 25-ші отырысы сөз болды. Сондай-ақ қазан айында Египетте өтетін Бүкіләлемдік радио байланысы конференциясының жұмыстары жайын талқылады.  

Кездесу барысында Үкімет басшысы қазіргі таңда елімізде  ақпараттандыру және цифрландыру жөніндегі жобаларға, 5G желісі мен кең жолақты интернетке қолжетімділікті арттыруға, отандық экономиканың дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге баса назар аударылып отырғандығын тілге тиек етті.  

«2023 жылдың соңына дейін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы негізінде республиканың барлық ауылдық елдімекендерін кең жолақты интернетпен қамту және жоғары технологиялық байланыс түрлерін қолданысқа енгізу жоспарланып отыр», - дейді ҚР Премьер-министрі.

Сонымен қатар Асқар Мамин көршілес Ресей, Қытай және Орталық Азия елдеріне телекоммуникациялық трафикті қамтамасыз ететін транспорттық инфрақұрылым құру жоспары туралы да айтып өтті.

Премьер-Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта елімізде Каспий теңізі арқылы Әзербайжанмен кең жолақты интернет орнату үшін дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл процесс 2021 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Сонымен бірге Асқар Мамин аймақтық достастық әкімшілігі делегациясы мүшелерін 2020 жылдың ақпан айында Алматыда өтетін «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі 2.0» IV форумына қатысуға шақырды.

Айта кетсек, ҚР Президенті Қ.Тоқаев Халықаралық электр байланысы одағының Бас хатшысы Чжао Хоулиньді қабылдап, инфокоммуникациялық технология саласындағы бірлескен жұмыстар жөнінде талқылады.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар