07 нау, 2019 сағат 11:40

Ана туралы өлеңдер

Ult.kz порталы аяулы аналарымыздың мерекесіне орай өлеңдер топтамасын әзірлеген болатын. Ана туралы үздік өлеңдерді оқырман назарына ұсынамыз.

Ана

Бесікте – Ана, бесікте – бөбек: 
Бірі тербеледі, бірі тербетеді. 
Бал-бөбек былдыр, өсіп те келеді, 
Анаға жалғыз, сол жетеді. 
Ана, Ана, қайран, ана! 
Тербейді Ана әлемдегі күлкіні, 
Нұр себеді аналардың кірпігі өліге де ояуға, 
Ана дайын біреу үшін жылауға, біреу үшін аяуға. 
Тербейді Ана қуанышты, бақытты, тербейді 
Ана – тебіренеді жаны шын. 
Тербейді Ана уақытты; Барлық әлем – бір-ақ бесік Ана үшін. 
Тербейді Ана бөбегін, 
Сол арқылы тербетеді өз елін, 
Құмын, тауын, өзенін. 
Тербейді Ана көлеңкені, шуақты – 
Планетаның алақаны сияқты... 

Жұмекен Нәжімеденов 

Ана 

Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем? 
Айға сіңілі, қарындассың қасиетті Жерге сен. 

Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем, 
Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.   

Сұлу әлем, әлем сұлу сен жаратқан адаммен, 
Көк жолының қарсылығын қағып тастап барам мен. 

Сендік қуат болар, бәлкім, басын иді көк маған, 
Әркез сенен туғанымды есіме алсам, тоқтаман. 

Ал ұмытсам, ұмыт болып қаларымды білемін, 
Ұмыт қалмау үшін менің шарқ ұрады жүрегім.   

Шат жүріп-ақ қас қаққанша боламын мен шерменде, 
Жетім емес кей ананың жетімдігін көргенде, 

Көз алдымда жас дөңгелеп булығам да ызадан, 
Маған тіпті сөз келмейтін ұяттардан қызарам.   

Бұл дүниеге онсыз-дағы кеткен жоқ па көп есең, 
О, аналар, кей пасықты жаратасың неге сен?! 

Тасбауырлар дүниеге келсін де, тез кетсін де, 
Әлде өзгелер ондайлардан жиіркенсін дейсің бе?   

Қай кеудені жылытады лапылдаған отпенен, 
Өз кеудесін жылытуға құдіреті жетпеген. 

Анаң саған керек болса, балаңа да сен керек,
Кезекпенен ауысатын ғұмыр ғой бұл дөңгелек.

Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға, 
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда. 

Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы, 
Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы! 

Төлеген Айбергенов

*** 

Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды.
Қуандым ба,
Өзің бар деп қуандым.
Жыладым ба,
Өзің жоқ деп жас тамды.
Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.
Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,
Жасқандым ба,
Тек өзіңнен жасқандым.
Алғашқы дәм, ол да сендік сүт еді,
Ақ сүт берген қашанда үміт күтеді,
Отанымның өзі сенен басталып.
Жауларыма жеткен жерден бітеді 

Қадыр Мырза Әли 

*** 
Шеше,
Сен бақыттысың,
Жыламағын!
Жай түсіп жатқанда да құламадың.
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның
Сондықтан жыламағын, жыламағын! 

Бармын ғой
Тірімін ғой,
Қасыңдамын.
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын.
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын,
Байырғы берекеңді қашырмағын. 

Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа
Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап
«Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына. 

(Тәңірім кеше көрсін кесірімді)
Аспанға жазсам сенің есіміңді!!!
Шеше,
Сен бақыттысың, тербете бер
Құба талдан иілген бесігімді… 

Мұқағали Мақатаев 

Ана 

Құлайын деп бара жатам құлдырап, 
Көңілім жүдеп, көзім алды бұлдырап, 
Сол кезде бір ән естимін жақыннан, 
Аққан бұлақ секілденген сылдырап. 
Есім жиып, өз бойымды тік ұстап, 
Тіршіліктің әуенімен тыныстап, 
Сергимін де, сезім гүлін құлпыртам, 
Кел дегендей болады бір күміс бақ.. 
Сөндім-ау деп, өлдім-ау деп ышқынып, 
Қалған кезде бойымдағы күш бұғып, 
Сөнбейсің деп дауыстайды анашым, 
Мен орнымнан жығыламын үш тұрып. 
Ойнап шығам содан кейін құрақтай, 
Жарқылдаймын жүрегімді жылатпай, 
Мүмкін,мүмкін ана махаббаты шығар бұл, 
Мені сүйеп келе жатқан құлатпай. 

Тұманбай Молдағалиев 

Апама

Әр күніңе таң болып күле кірем,
Гүлің боламбағыңа мың егілем.
Саған алқа сыйлар ем, қалтам тесік,
Мөп-мөлдір ғып мойныңа жүрек ілем.

Тыныштығын жанымның түнге ұрлатып,
Жыр жазамын, бұл – азап, бұл бір бақыт!
Қиялымның шетінен қиып алып,
Сырға тағып беремін сыңғырлатып.

Олқы соғар бір саған бұ да, сірә,
(Сыйлық күтпес ұлынан кім асыға).
Жүзіңдегі жылдардың дағын анау,
Жуып берем ойымның тұмасына.

Шырқасам деп халқымның аяулы әнін,
Сағат сайын, сәт сайын ояу жаным.
Самайыңның ағына берем жағып,
Қара түннің тұп-тұнық бояуларын.

Сырқатыңның жараса бір еміне,
Сөзім менің, басқаша тілегім не.
Нұры тайған көзіңе сәуле беріп,
Мақтанышпен қаратам жыр еліне.

Одан өзге қолдан жоқ түк келері,
(Байтағынан байлықтың күтпе мені!)
Қазірше мен ел кезген диуанамын,
Адастырған өлеңнің нүктелері...

Тарқамаған бойынан далам шері,
Жұмақ күнге жетелеп барам соны!
Қартайсам да, қайрыла, бір еркелеп,
Алу үшін, жан Апа, табам сені!

Мұрат Шаймаран