30 қыр, 2017 сағат 09:32

Әлішер Пірметов: «Астана ЭКСПО» нәтижелері барлық болжам мен үмітті ақтады

«Астана ЭКСПО 2017» Ұлттық компаниясы Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Пірметов Atameken business channel тілшісіне берген сұхбатында халықаралық мамандырылған көрменің нәтижелері мен оның Қазақстан һәм ел серіктестерінің дамуына экономикалық әсері туралы, одан бөлек EXPO-2017 көрмесінің экономиканың бүтін саласына тигізген пайдасы хақында айтып, өз ой-пікірімен бөліскен, деп жазады "Ұлт ақпарат". 

Оның сөзінше, айтулы шара еліміз бен оның астанасының туристік әлеуетін айтарлықтай дамытып, жаңа белестерге шығарды.

«Сөзсіз, келушілер санының көптігі - негізгі көрсеткіштердің бірі. Өйткені қай көрме болсын қонақ үшін қызмет жасайды. Оның ішінде - біздікі де. Яғни олардың саны мен көрілім саны - екі басты көрсеткіш. «Астана ЭКСПО» нәтижелері барлық болжам мен үмітті ақтады. Тіркеу құжаттамасы бойынша біз екі миллионнан астам қонақ күткенбіз, ал көрмеге төрт миллионға жуық адам келді. Оның жарты миллионы - 187 елден келген туристер. Объектілерді көру және аралау көрсеткіштері бойынша да нәтиже таңқаларлық. Жоспарлаған бес миллион көрілімнің орнына 33 миллион. Ең көп қаралған павильон - "Нұр Әлем". Ол Қазақстан мен Астананың бетке ұстар жеріне, мақтанышы мен бірінші туристік аумағына айналды. 

Екіншіден, біз үшін елордалық бизнесмендерден келген хат күтпеген жағдай болды. Олар көрме уақытын соза тұруды өтінді. Әрине, олардың өтінішін орындауға болатын еді. Дегенмен көрмелердің Халықаралық бюросының регламенті мен қатысушы елдер бюджетінің есебіне байланысты ондай қадамға бара алмадық. Бірақ бизнестің мұндай реакциясының өзі - үлкен жетістік. Көрмеге дейінгі негізгі дайындық кезеңінде, яғни Ахметжан Есімовтың төрағалыққа келген тұсынан ел бойынша он мыңдаған жұмыс орындары ашылды. Біз әрине ішкі және кірме-туризмге көптен күткен серпіліс сыйлаймыз деп ойладық. Ал, асылында елордадағы туристік бизнестің  мұндай өсімі мен өркендеуін еш күткен жоқпыз», - дейді ол сөзінде.

Одан бөлек, Әлішер Хабиболлаұлы "Экспо"-ның міндеті - мүмкіндіктер жасау екенін тағы бір еске түсіруді жөн санаған.

"Қалған аймақтарда да өсім бар деп ойлаймыз. Меніңше, ол жыл соңында, қорытынды статистикалар жасалған тұста белгілі болады деп болжаймын. Сосын, тағы бір мәселе, біз Ахметжан Смағұлұлы айтқандай, "ЭКСПО"-ның міндеті - мүмкіндіктер жасау екенін ұғуымыз керек. Оларды қолдану-қолданбау - өзге мемлекеттік құрылымдар мен жергілікті билік органдарының қабілеттілігі мен жұмыс жүйелігіне байланысты. Өз басым, Астана әкімдігі бұл мүмкіндіктерді толық қолданды деп есептеймін.

Мысалы біз Астананың туристік бизнесінде өз жетістігімізді көріп отырмыз. Оны дәл сол туркомпаниялардың жергілікті туристерді делдал ретінде Түркия мен Египетке жіберуден артық пайда әкелетін ішкі және кірме-туризмнің бар екенін ұққанынан байқауға болады. Енді олар ел экономикасына қатар пайда түсіретін сол нарық үшін тартысуға болатынын түсінді.

Үшіншіден, дайындық барысындағы 50 мың жаңа және сақталған жұмыс орны мен көрменің өту кезеңіндегі 20 мың жұмыс орны да - жетістік. Маған дәл осындай жетістіктерімен мақтана алатын бір мемлекеттік бағдарлама көрсетіңізші.

Төртіншіден, әлем бойынша медия мен жарнама арқылы 2,6 миллиард адам "көрме кеңістігіне" еніп, сырттай да болса көріп-білді. Ал, бесіншіден, ең бастысы, біз салыстырмалы түрде шағын ғана ауданда әлемнің түкпір-түкпірінен жинақталған 193 озық технологияның жетістігін паш еттік және сол арқылы қазақстандықтарға "әлем алдағы уақыттарда осылай өмір сүретін болса, біз қалай өмір сүреміз?" деген сауал төңірегінде ойлануға мүмкіндік жасадық. Меніңше, "ЭКСПО"-дан кейінгі әсермен он шақты ортақол технология компания құрылатын болса, бұның өзі үлкен жетістік болмақ", - дейді ол тілшіге берген жауабында.

Сөз соңында төраға орынбасары ЭКСПО әсерінің әлі де сақталғанын және алдағы бірнеше жылға дейін жалғасатынын айтады.