#
#
Жексенбі 16/12/2018

Ақберен Елгезек: «Бір күні жазудың да маңызы жоғалады»

  • 12.01.2018
  • 0
  • 1542

Неге екенін қайдам, дәуірлер алмасқанда туған ұрпақтар туралы аңыз көп болушы еді. Екі дәуірдің өтінде туған ұрпақ мыңжылдық қасиет пен қасіреттің қоржынын арқалап алады деседі.

Түнеукүні қоржын арқалаған бір жолаушымен сұқбаттас болдым.

– Өз басым осы дидар-ғайып кездесуге Мансұр Халаждан Мұхамед Салыққа дейінгі төбесіне ай қадаған кеңістіктен келіп отырмын. Ал, сіздің қауырсыныңыз нешінші ғаламның сиясына матырулы қазір?

– Жаздыкүні екеуміз кемпірқосақтың үстінде аяғымызды салбыратып отырып сұқбаттасқанымызда, мен саған тибеттік әулие, ақын Миларепа туралы айтып едім ғой, есіңде ме?

– Есімде. Көлеңке ұрлау туралы болған ол әңгіме.

– Ол көптеген тибеттік құпия ілімдерді меңгеріп, өзінің отбасына қырғидай тиген жауларын табиғат стихиялары арқылы бір күнде жусатып тастаған. Кейін, әрине, ол ісіне өкініп, толығымен тақуалық жолға түседі. Әулиеліктің ең биік шыңына көтерілген адам. Миларепа өзге де құпия ілімдерінің ішінен адамның көлеңкесін ұрлау әдісін меңгерген дейді. Өзіне ұнамаған адамдардың көлеңкесін тартып алу арқылы Миларепа олардың өмірлерін де өзіне алып алған деседі. Сол Миларепа әлі тірі деген аңыз бар.

Бір қызық оқиғаны айтып берейін. Қайбір жылы мен бір қызық кісімен сапарлас болдым. Әлгі өзін көріпкел, емшімін деп таныстырды. Маған ұзақ қарап отырып, бір кезде: «Сенің ішіңде Тәңірдің құпиясын білетін адам бар», – десін. Шынымды айтсам, оған аса таңғала қойғам жоқ. «Білемін», – дедім. «Ол кісінің жасы қаншада?» – деп сұрады менен. Менің түйсігіме бес мың жыл деген ақпар келді. «Бес мың жыл», – дедім. Әлгі сапарлас ағай: «Дұрыс», – деді де, теріс қарап жатып қалды. Бұл оқиға менің «Бір кісі» деген өлеңім жазылғаннан он жыл кейін болған еді. Енді сол бес мың жыл ішімді мекен еткен рух менің тәнімді бес мың жыл пайдаланбайды ғой (күледі).

Демек, менің түйсігім мен санама көп жағдайда өзім ұқпайтын ойларды қалқытып шығаратын ол кісі талай замандар мен тарихи оқиғалардың тірі куәгері болса керек. Ол әлбетте, жер бетіне келген талай патшалар мен пайғамбарларды, сансыз пенделер мен әулиелерді көрді. Менің пайымдауымша, ол кісінің рухы алғаш Алтайда мекен еткен біреуге қонып, кейін мына алып әлемді емін-еркін кезген сияқты. Сол себептен, менің көптеген тырнақшаның ішіндегі дәстүрлі дүниелерге көзқарасым мүлде бөлек. Оған, әрине, өзімнің пенде ретінде жинаған білімім мен тәжірибемді қос. Осыдан шығатын менің жауабым – менің қаламымның түрлі-түсті сиясы адамзат тарихының өте көне құтысынан құйылған болу керек.

– Түрлі-түсті сия толы көне құтыңыздың қай бояуларын пайдалана алдыңыз? Мәселен, Есенғали жарқын түстердің де қасіреті болатынын, Тыныштықбек күңгірт түстердің ізгілік мақамдарын жырлады. Осы кезден бастап қаламгерлеріміздің өзіне ғана тән Гогендік не Ван Гогтық бояулары қалыптаса бастаған сияқты…

– Жалпы, бояу дегеннің өзі – өмір секілді иллюзиялық құбылыс. Әлемде бояу немесе түс деген зат жоқ. Бояу – шапшаңдығы өте тез толқындардың қозғалысын байқап қойған мидың елесі. Басқаша айтқанда, толқындарды «көріп үлгірген» мидың өнімі. Ал, түсінікті деңгейде айтқанда, менің түсім – ақ. Ақ түс – барлық түстердің синтезі. Мәселен, сол Гоген мен Моненің бояулар палитрасы неге ақ кенепке салынды? Себебі, тек ақ түс қана өзге бояулардың жарқырай көрінуіне негіз бола алады. Жасыл кенепке көкпен я қарамен дені дұрыс дүние түсіру өте қиын һәм эстетикалық тұрғыдан алғанда қылмыс болар еді. Түс – энергетикалық толқын әрі ол саналы құбылыс. Күңгірт түстен Тыныштықбек ізгілік көрсе, демек ол сол бояудың ақпаратын оқи алды. Есенғали болса, жалт еткен бір жарқын түстің алдамшы екенін сезіп қойған.

Меніңше, әр адам әр түсті өзінше көреді. Тек оларды анықтайтын ортақ сөздер ғана бар. Мәселен, сен көріп отырған көк түс менің көрген көк түсіме ұқсамауы мүмкін. Бізді ортақ мәмілеге алып келетін «көк» деген сөз. Сол сөз арқылы біз өзіміз көріп үйренген түсті есімізге түсіреміз.

Тәңірдің сөз қоймасында әлі адамзат білмейтін сансыз сөздер бар. Ол сөздерді біздің білмеуіміз жаратылыста бар, бірақ, әлі бізге беймағлұм құбылыстардан бейхабарлығымыздан болып отыр. Мысалы, Өлең деген дүниені тылсымнан жеткен ақпарат дегенге келіссек, көп жағдайда ақын өзі түйсінген көптеген құбылыстарды бере алмай дал болады. Яғни, ақын көріп тұрған көптеген құбылыстардың адамзат тіліндегі ұғым-түсініктері әлі жоқ. «Көңілдегі көрікті ой, ауыздан шыққанда өңі қашатыны» сондықтан.

Десе де, маған сенің көркемсурет өнеріне қатысты ұғымдарды поэзиямен байланыстырып сөйлеп отырғаның ұнайды. Түйсігің ол  екеуін қатар тоқи алатын өрмекшідей миыңа өте дұрыс ақпарат беріп тұр. Жаратылыста ешнәрсе өзімен өзі бөлек өмір сүрмейді, бәрі бір-бірімен байланыста. Егер кейінгі буын поэзиясында Ван Гогтық бояулар қалыптаса бастаса, ол да заңды. Неге болмасқа?! Бізге бояулардың шексіз комбинацияларынан тұратын поэзия керек. Өз басым «қайғы мен қуаныш» деп аталатын екі-ақ түстен құралған поэзиядан жалығып кеттім.

– Мұныңыз қисынды, бірақ мені «ұғымдар мен атауларды адам ойлап тапты» деген ой мазалай береді. Мәселен, күнә жайлы ұғым болмаған дәуір болған сыңайлы…

– Қызық пайым екен.

– Біз сезімдерімізге атау беру арқылы өмірімізді қиындатып алмадық па?

– Мүмкін. Негізі, адам – бір түйір құмды да жарата алмайтын бейшара жаратылыс. Бұл, әрине, материалдық тұрғыда айтқанда. «Біз көріп тұрмыз, ұстап тұрмыз» деген материалдық тұрғыда, әрине. Алайда, бізді қоршаған әлем, жаратылыстың барлығы Тәңірдің ойы ғана болса, онда Адам да жоқ болып шығады.

Жарайды, ол басқа мәселе. Сенің ұғымдарға байланысты ойларыңа келсек, Құдай адамға ой жарату құқығын бергенмен, материя жарату құқығын бермеген.

Сол себептен, адамға Құдай «мына сезімдерге мынандай атау бер, мына затты былай ата» деген еркіндік берген де шығар. Сезімдерімізге атау беру арқылы, керісінше, біз өнерді жараттық. Өнер адам бойындағы алуан түрлі сезімдердің әлемін жүйелеп берді. Бұл – адамның ұлы жеңісі.

– Кешкен сезімдеріміздің нақты атауын үнемі біле аламыз ба? Жыр жазғың келген сәттің нақты атауы болмағаны қандай жақсы! Күнә жайлы ұғым жоқ дәуірлерде ұят үстемдік құрған секілді. Маған мұны айту үшін де атауларға жүгінуіме тура келгені өкінішті…

– Дұрыс айтасың! Сол ұят деген ұғым табылғаннан бері күнә деген «саяси құрал» пайда болды. Кейде маған ұят – адам өзі ойлап тапқан жасанды сезім сияқты көрінеді. Ұят қазір адам бойына әбден бекіген, төл сезімдердің ортасынан ойып тұрып орнын алған. Негізі ұяттың орнында әу баста иман тұрған еді. Ол – этика. Адам мен Тәңірдің арасындағы, Адам мен жаратылыс арасындағы қарым-қатынас этикасы.

Ал, ұят – ерсі қылық жасап қойған соң пайда болатын сатқын сезім. Қылмыс жасаған соң, ұялғаның кімге керек?! Өмір сүру этикасын білетін адам теріс қылық көрсетпейді. Ол ұялмайды, ол ондай дүние жасауға болмайтынын біледі. Қалған ұят-сұят, қысылып-қымтырылу, шынын айтқанда, жүре пайда болған психологиялық комплекс қана секілді. Сезім де біз жоғарыда айтқан түстер сияқты, меніңше. Оның адам бойында құбылуы әркелкі шығар, бірақ ортақ атаулары бар. Ер адамның бойындағы махаббат сезімі әйел адамның іңкәр сезімінен қатқылдау болуы ғажап емес. Бұл – күрделі де қызықты мәселе. Сол сияқты әр ақынның өлең жазар алдындағы көңіл-күйі де әрқалай болуы мүмкін. Ол өлеңнің деңгейіне байланысты, шамамда.

– Сіздің ұятқа қатысты айтқандарыңызбен толықтай келіспес едім. Себебі, ұят тек күнәлі іс жасаған соң ғана туатын сезім емес қой. Керісінше, сақтандырушы. Исламға дейін күнәдан қорыққандықтан емес, ұят болғандықтан тыйылған шығармыз. Әлде, иман мен ұят бір түйсіктің қос атауы ма?

– Жоқ, сақтандырушы – ұят емес, иман. «Бұзылған» адамды түзеген – дін деп айту – қате. Адамның бастапқы табиғаты – Тәңір матрицасында жаралғаннан бері өзгерген жоқ. Заманға сай икемделген шығар, тұрмыстық кейбір жағдайларға қатысты білім-тәжірибесі молайған шығар, бірақ адам ішіндегі мәңгілік тәңіри болмыс сол қалпы. Керісінше, дін атаулы адамды бір қалыпқа салғысы келетін сияқты, оған еркін ойлап, Тәңірді өз бетінше табуға жол бермейді. Ал, иман деген діни категория емес. Ол – адамның бойына дарыған даналық категориясы. Өкінішке қарай, көбі өз ішіне үңілгеннен гөрі, өзін қинаған сауалдарға діни кітаптардан жауап іздейді.

– Әңгіменің ауаны діни пәлсапаға қарай ауып бара жатқан секілді. Маған қызық, санаңызға кейде «дінсіз ойлар» келе ме?

– Мен көбінесе «дінсіз ойлаймын». Тәңірге апаратын діннен басқа да жолдар жетеді. Мәселен, ғылым.

– Ғылым сізге ақылды болу үшін, анығы, «ақылды болып көріну» үшін керек десем ше? Әлде, түйсіктегі ақпаратқа өзіңді ғылыми тұрғыда сендіру үшін керек пе?

– Жоқ, олай емес. Ғылымды адамзат әртүрлі мәселелерін шешуге пайдаланады. Адам тұрмысын жеңілдету үшін, кей дүниелерді жүйелеп, пайдалану үшін, тіпті соғыста жеңу үшін. Айта берсең, көп. Мен үшін ғылымның кез келген саласы – Тәңірдің кемел білімінен, оның Құдіретінен ақпарат береді.

Мәселен, біз көріп үйренген дүниені үйлесімді, сұлу, тағы басқадеп жатамыз. Ал, материяның ішіндегі әлем ше? Ол тіпті ғажап қой! Кванттық физиканың жетістіктерін оқып отырсаң, Тәңірдің зергерге бергісіз шеберлігіне қайран қаласың. Сол секілді гендік инженерия, биік математика, астрономия, тіпті лингвистика, ми туралы ғылыми зерттеулер Жаратушының шексіз шығармашылық әлеуетінен хабар береді.

Жаратылыстың кез келген құбылысы – мұғжиза! Сол таңғажайып дүниеге қараған сайын, зерттеп, зерделеген сайын Тәңірді ерекше құрметтей бастайсың, құрметтің ар жағында Құдайға деген махаббатың оянады. Соны таныған сенің жүрегіңді Жаратқанның сені еркелеткен нұры сипалап тұрғанын сезесің. Бұл – сопылардың хәлі іспеттес жағдай. Менің түсінігімдегі ғибадат – Тәңірдің жаратқан әр атомына таңғалу арқылы, оның Авторына деген ынтықтық сезіміне мас болу.

Демек, дінге қарағанда ғылым Жаратушы жайлы көбірек мағлұмат береді. Әлбетте, кез келген ғылыми дүниеге түйсік арқылы қарау керек. Осындай ғаламат Өмірді Құдайдың жаратып жатқан шағын елестетсең, тіпті ғажап! Ақынның миссиясы – ең әуелі Тәңірдің көркем дүниесін насихаттау. Тарихта Ақын я Суретші айтып кеткен дүниелерді ғылым көп уақыттан кейін тауып жататыны да осыдан болса керек. Оны кезінде ұлы ғалым Вернадский де айтып кеткен.

– Мұныңыз санаңызға өзіңіз ұқпайтын ойларды қалқытып шығаратын «Бір кісіге» тәпсір емес пе? «Бір кісі» ғылымға бағына ма?

– «Бір кісі» дегенде мен нақты адам я оның жаны деуден аулақпын. Бірақ, саналы жан иесі екені анық. Бұл әңгімемізді өзге адамдар оқитынын ескере отырып, қадірлі оқырман: «Мынаның ішіне жын кірген бе?» – деп ойлап қалмасын дегім келеді. Бәлкім «бір кісі» деп отырғанымыз іліми ақпарат шығар, Құдай білсін. Қалай болғанда да, ол маған көп дүниені әртүрлі ракурстан көрсетеді. Ол кісі ғылымнан гөрі, Тәңірдің заңдарына бағынады. Ол біреу ойлағандай қара ниетті күш емес. Қорғаушы ұстаз сияқты бір күш десем болатын шығар…

– Мұны оқырман түсінеді деп ойлаймын. Сізге «Бір кісінің» сыбыры қандай формада келеді? Өлең жолдары я сөйлем болып немесе бояу, әлде сюжет болып па?

– Көбінесе одан келетін ақпарат түйсік арқылы келеді. Және күнделікті емес. Оның ақпаратын мен түрлі-түсті, мың құбылған астарлы ой деп айтар едім. Тиісінше соған сәйкес хәл пайда болады. Қалыпты жағдайда ондай ақпаратты мың күн ойлансам, таппас едім.

– Ол сізге ажал туралы айта ма?

– Иә, айтқан.

– Қызық, не айтты?

– Барлық адам ажалдан қорқады. Ажалды жеңген батыр жоқ. Маған ол кісі ажалдан қорықпауды үйретті. Тағы да Тәңірдің жаратылыс заңдары арқылы. Бір рет түсіме Абайды кіргізіп те айтты. Абай сол түсімде: «Балам, адам өлмейді», – деген. Мен ол туралы кеңірек жазғанмын да кезінде. Негізі Ажал да – ғылым. Тіпті, ең жоғары ілім. Ажалмен қорқыту – ақымақтың ісі.

– Демек, сіз ажалды ақ түсте көресіз?

– Иә. Аппақ жарық.

– Менің әжеме де ажал бірнеше рет соғыпты. Ақ сәлделі екен дейді. Ажалды ақ түсте көру тектік санамыздан емес пе? Сағынышты сарыға, ашуды көкке бояп алдық. Әр түстің өзіндік мінезі бола ма сонда?

– Әркім ажалды өзінің таным-түсінігіне сай көреді. Ал, түстерді біз, өзің жоғарыда айтқандай, өзімізше атап кеткен секілдіміз. Сары, мәселен, жапондарда өлімді білдіреді, бізде ол – сағыныш. Ашу өзге ұлттарда қара түсті, мәселен. Ал, қазақ бойдағы бұла күшті қара бояуда көреді. Ажалды еуропалық ұлттар қара түсте елестетеді. Білместіктен болар…

– Түстерді адамның көңіл-күйін суреттеу үшін пайдаланып жүрміз. Олардың өзіне тән мінезін қашан жазамыз? Немесе әуеннің бояуы бола ма?

– Меніңше, түстерге бәрібір. Олардың қызметі – Тәңірдің көркем әлемін безендіру. Біз бала құсап, әлбетте, біз Жаратушының алдында мәңгілік баламыз, кез келген құбылысты өзіміздің ойынымызға пайдаланамыз. Түстер адам туралы не ойлайды, сол қызық маған… Ал, әуеннің, дұрысырақ айтсақ, ноталардың түсі бар. Әр нотаның мінезі де бар.

– Жаздыкүні кемпірқосақтан түсіп келе жатқанда, құлағыма «жазудың маңызы жоқ» деп сыбырлап едіңіз. Содан, міне, енді ұшырастық. Сұрайыншы, біз немен айналысып жүрміз сонда?

– Ақын үшін (бұл жерде жазушының қатысы жоқ) белгілі бір кезеңде жазудың маңызы жоғалатыны рас. Біреулер «ақын тоқырады, енді берері жоқ» деп жатады.

Басын ашып алайық. Ақынның жазатын дүниесі бітіп қалса, мәселе басқа. Мен мұны айтқанда басқа дүниені меңзеген едім. Ақынның алғашқы өлеңі – көшені түртпектеген соқырдың таяғы сияқты. Қараңғы көшемен тәй-тәй басқан сайын, сөйлемдердің аяқ жағында жарық пайда бола бастайды. Бұл – өте ләззатты күй! Одан кейін ақын 10 өлең жазады, 150 өлең жазады, жаза береді, жаза береді.

Ол бірдеңе білгеннен жазып жатқан жоқ. Ол байғұс жазу арқылы әлемді, оны жаратқан Авторды танумен айналысып жатқанын білмейді. Ашық тұрған түйсігіне беймәлім идеялар, бұрын-соңды кездеспеген ойлар мен сезімдер сарқырамадай бұрқырап кеп төгіліп жатады. Ол оны өзімнің талантымнан, білімдарлығымнан деп ойлайды. Бұл жерде көк-жерді ұйқастырып шимайлай беретіндер туралы әңгіме болып отырған жоқ, әрине. Биік деңгейдегі поэзияны айтып отырмыз.

Ал, кейін Өлең сияқты эфирдің арғы жағынан мүлде бөлек панорамалар ашыла бастайды. Оны суреттеуге я тілің жетпейді, я білімің жетпейді. Сен тек оған арбалып, аңырып қарап тұра бересің. Сен бұл хәлде бәрін біліп тұрасың және оны жазудың маңызы жоқ екенін ұғасың. Мұндай күйді жазудың қажеті де жоқ. Оны бәрібір жеткізе алмайсың. Жеткізген боласың, бірақ жүрегіңмен көрген деңгейдегідей болмайды, бәрібір. Бұл шақта тек бақытты боп күлімсірей беру керек…

– Сіз айтып отырған осындай ғажайып дүниені жаратарда Тәңірде алғаш сезім болды ма, ой болды ма?

– Әрине, сезім! Тәңірде ең әуелі әлі іс жүзінде жоқ жаратылысқа құдыретті ұлы махаббаты пайда болған. Ол өзінің жобасына деген шексіз махаббаты болмаса, мынандай ғажайып дүниені көзге көрінбес ең кішкентай бөлшегінен ұшы-қиыры жоқ ғарышқа дейін, ішінде сансыз химиялық, физикалық басқа да процестерді қоса алғанда алмасып жататын мұғжиза Өмірді асқан үйлесімділікпен жаратпас еді.

Демек, алдымен Махаббат, яғни сезім, сосын оны қалай жаратам деген біртұтас ғаламат Жоба, яғни ой пайда болды. Әуелі Сөз болған дейді. Келіспеймін. Дұрысы: «Әуелі Махаббат болған, сол Махаббат Құдай еді», – деу керек. Сосын ой пайда болды. Ой – жоба, сосын, сөз. Сөз дегенде де біз дыбыстан құралған сөз деп ойламауымыз керек. Ол – қимыл. Яғни, Тәңірге тән құдіреттің ісі. Бұл жерде Ой, Іс-қимылдың барлығы міндетті түрде, алғашқы пайда болған Махаббат сезімімен мәпелеу арқылы жасалып отырды.

– Жапонның дзен-буддизмінде «бәрі ойдан басталды» деген тәмсіл бар. Бұл да мейлі, ұлы махаббат – әлі жоқ жаратылысты ойлаудан пайда болған секілді. Әйтеуір «Әуелгі бастау – ой» деген түйсік маған қол бұлғайды да тұрады…

– Сен өлең жазарда қандай өлең жазарыңды білесің бе?

– Жоқ.

– Дұрыс. Бірақ сезім болатыны хақ қой?!

– Ой ағынының сіркірі санаға қарға кейпінде қонарда сезім тулататыны бар.

– Сұрағың орынды әрі заңды. Көрмеген дүниеге қалай махаббат ашылады деп отырсың ғой. Қисынды. Бізде сана алға шығып кеткендіктен, көптеген Тәңіри қасиеттен айырылып қалғанбыз. Сондықтан, бәрін өзімізге ыңғайлы қисынға салып алғанбыз.

Айтылып отырған қызық шаруаны түсіндіру де, түсіну де қиын. Дегенмен, түсіндіріп көрейін. Бұл жерде Тәңірдің Өз Жобасына деген тікелей сезімін айтып отырған жоқпыз. Жалпы, Тәңірдің Ой алдындағы Хәлін айтып отырмыз. Ұмтылыс дейміз бе, ерекше Күй дейміз бе, бәрібір тіліміздегі сөздерде, бізге таныс ұғымдар да Жаратушының ол шабытты шағын ашып бере алмайды. Бұл – шексіздікте алапат энергия түрінде фейерверк болып атылған Мейірім сезімі. Оның еш формасы да, идеясы да жоқ болатын. Бірақ ол жасампаз идеяны Тәңірі жаратылысты дүниеге әкелуге жұмсауға ұйғарды.

Сол кезде ой пайда болды: не істеу керек, қалай істеу керек деген. Тіпті, екеуміздің осы сұқбатымыз да сол кезде жоспарланып қойған. Солай…

– Біз жаңа бояулар жайлы айттық та, кескінді ұмыт қалдырдық. Менің досым Айбол: «Көзім үшбұрыштанып қарадым» деп жазды. Біздің ойлау жүйемізге кубизм элементтерінің ене бастағанының сәтті көрінісі. Сезім – бояу, кескін ой болып тұр ғой сонда?..

– Иә, кескін – кенепке штрихтармен тасталған идеяның нобайы. Оның бастауында тұрған Суретшінің шабыты. Ал, оған жан бітіріп, қозғалыс беретін бояуды Өмір деп атауға болатын шығар.

– «Құлап кеттім мен қанатсыз!.. осы өмірге – төменге, Содан бері,қорқып жүрмін қанаты жоқ денемнен…» дейсіз. Мен сіздің арқаңыздан қанаттың сұлбасын көріп тұрмын. Одан ақ нұр шашырайды…

– Ол шашыраған нұр – қанаттың тамырынан атқылаған қан шығар?.. Сенің де арқаңдағы қанаттың түсі ақ. Жалпы, адамның аурасы екіге бөлінген алма сияқты көрінеді. Анфастан қарағанда алманың бір бөлігі жайылған қанатқа ұқсайды емес пе?! Ал, қанаты қырқылған адамды айтқанда, біз періштелік кейбір қабілеттерден, киеден айырылып қалғанымызды меңзедік. Жоғарыда біз қисынға қатып қалған сана туралы сөз қозғадық. Жасампаздық энергияны бұғауда ұстап отырмыз.

Әңгіменің басында сен Мансұр Халажды айттың. Оның бір ізбасары –өзіміздің Мәшһүр Жүсіп. Олар адам таңғаларлық кереметтерді жасаған. Пенделік тұрғыдан қарағанда олар әулиелік деңгейге көтерілген. Ал, ол қабілеттер бұрын бәрімізде бар еді. Бұл жерде қанат – символдық құрал. Жанның шарықтап ұшу қабілеті. Квант сияқты бір мезетте мың жерде бола алу. Сезім мен ойдың күшімен табиғат стихияларын жұмсау, көзге көрінбейтін жаратылыс иелерін басқару, материяның формалары мен қалып-тарын өзгерте білу сияқты көптеген қабілеттер бізде ұйықтап қалған. Мысалы, өлең жазу – екінің бірінің басына бұйыра бермейтін талант. Қарап тұрсаң, ешқандай қиын емес сияқты. Ақынға қиын емес сияқты. Бірақ, өлең жазу процесінде мыңдаған ваттық сұмдық энергия бар. Оны адамның жүрегі көтеріп тұра алатыны таңғаларлық жайт. Өнер атаулының барлығы – қырқылған қанаттың қауырсындары секілді…

– Сіз де Мансұр Халажбен жүздесіп пе едіңіз?

– Әрине!

– Ол сізге не айтты?

– «Мен – Құдаймын!» – деді…

Осыны айтты да, әлгі жолаушым ауыр күрсінді. Мен де күрсіндім. Сосын: «Өзімізді тарихпен жұбатқымыз келетіні – дәуірлер өтіндегі елегізіген санамыздан», – деді. Мен үндемедім. Қоржынындағы иісі бұрқыраған ескі жазбалар жайлы сұрап едім, менің қоржынымда да біразы бар екен, біразы жоқ болып шықты. «Қайда барасыз?» – дегенімде, секпілбет аспанға қарап тұрды да, ең жарық жұлдызды нұсқап: «Болашаққа», – деп жауап қатты. «Сапарлас екенбіз» дедім іштей…

Жолаушымен болған қоржындағы қазына жайлы әңгімемізді алда тағы жазатынымды ойладым. «Иә, жазамын»! Күтіңіздер.

 

Ақбереннің жыры

БАСТЫҒЫРЫЛУ

Түсініксіз түсімдегі қарамойыл қарғалар,
күдігім боп қарқылдап ап, үрейіме жалғанар.
Содан кейін ұя салып бұтақтанған шашыма,
Қорқынышты сөздер болып түйсігіме сорғалар…

Түйсігімнің ортасында иірім бар құйынды,
ортасына тартар мені, шыр айналтып миымды.
Мен түсімде сұрап жүріп, жылап жүріп табамын,
ешқашан да салынбаған үйімді.

Ол қара үйде өмір сүріп жатады екен өткенім,
бауырларым… естерінде елесім де жоқ менің.
Қарғаларға қарап қойып дән шоқиды аулада,
қалып қойған баяғыда менің көңіл-кептерім…

Ол қара үйде әкем, апам, ағам және кәрі анам
өмір сүріп жатады екен, бұрынғыдай… жаңадан…
Аттай алмай жүреді екем босағадан қиналып…
Қара итке айналады қолымдағы чемодан…

Бағана боп ыңырсиды күні ертеңгі жел дүлей.
(жан-жағымнан бақылайды қимылымды ел, білем)
Қаңғырамын, қара итімді қарғыбаудан тартқылап…
Үйді айнала жүгіремін… терезесінен телмірем…

(ешкім маған сәтке назар аудармайды дейді екем)
Терезеге қарап қойып, күрсінеді кейде әкем…
Бәрін тастап, баянсызға кетіп бара жатамын…
Өзім – өзім емес екем, жел ұшырған жейде екем…

Бір күрсініс жетер бір сәт моласы мол даладан.
Қалш-қалш етіп дірілдейді шам одан…
Селк-к етем де, оянамын… қабырғаны сипақтап,
Қара бөлме – чемодан?..

Бекзат СМАДИЯР

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2017

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар