Фото: vecherka.tj
Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) КазТАГ басшылығына қатысты қозғалған қылмыстық іске алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды агенттікке сілтеме жасап Ult.kz.
«Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) KazTAG ақпарат агенттігінің директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасеновке жалған ақпарат тарату бойынша тағылған айыптарға, сондай-ақ ертең өздеріне табысталатын сотқа шақыртуға алаңдаулы. Бұл танымал журналист Гүлнәр Бажкенованың дәл осындай — жалған ақпарат тарату айыбы бойынша қамауға алынғанынан бір апта өткен соң болып отыр. Біз Қазақстан билігін жала жабуды қылмыстық жауапкершіліктен алып тастауға және мұндай істерді тек азаматтық сот өндірісі тәртібімен қарауды қамтамасыз етуге тағы да шақырамыз», — делінген CPJ-дің дүйсенбі күнгі мәлімдемесінде.
Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) — журналистердің құқықтарын қорғау және бүкіл әлемде баспасөз бостандығын қамтамасыз ету мақсатында 1981 жылы америкалық тілшілер тобы құрған тәуелсіз, коммерциялық емес халықаралық ұйым. Нью-Йоркте штаб-пәтері және Вашингтон мен Бангкокта филиалдары бар CPJ журналистерге қатысты кісі өлтіру, қамау, цензура сияқты құқықбұзушылықтарды бақылайды, тергеулер жүргізеді, «Attacks on the Press» және «Dangerous Assignments» секілді баяндамалар жариялайды, 120-дан астам елдегі журналистерге құқықтық, медициналық көмек көрсетіп, шұғыл эвакуация ұйымдастырады. Ұйым қайырымдылық қаражаты есебінен қаржыландырылады. Жыл сайын халықаралық Баспасөз бостандығы сыйлығын табыстайды және Африка, Азия, Еуропа және өзге өңірлер бойынша мамандарды үйлестіріп, қауіп-қатерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Еске салайық, КазТАГ басшылығына қатысты қылмыстық істің негізіне Freedom Finance компаниясындағы алаяқтықтан зардап шеккендердің және адвокаттың көрсетулері алынған. 2025 жылдың 3 сәуірінде олар редакцияға хабарласып, KazTAG жариялаған ақпарат Freedom Finance мүддесінде жарияланды деген уәж айтқан. Олар бұқаралық ақпарат құралдарына да, құқық қорғау органдарына, реттеушіге және президент әкімшілігіне де өз шағымдарын жеткізе алмай жүргендерін мойындаған.
