04 қаз, 2018 сағат 11:42

Жаһандану – апат емес немесе эволюция туралы эссе

 


Таяуда Алматыда ПЕН-клубтың ұйымдастыруымен Жазушылардың 1-дүниежүзілік форумы өтті. Тақырыбы да өзекті болды: «Өзгермелі әлемдегі қазіргі заманғы әдебиеттің ролі».

Шынымен де XXI ғасыр басының жаңаша, бұрын-соңды боп көрмеген талаптары күллі адамзатты тарихи-танымдық тығырыққа тірегендей болды-ау. Ол сөз қозғағанда біз көбінесе экономика, ақпараттық технология, коммуникация туралы жиі айтамыз да, рухани өмір ұшырап жатқан өзгерістерді ұмытып кетеміз (шынын айту керек, қарабас қамы мен күнделікті күнкөріспен миы ашып, әбден зәрезап болған жұрттың ондай биік материялармен бас қатыратын уақыты да, мүмкіндігі де, зауқы да жоқ).

Оның үстіне осыған дейін іші мен айналасындағы драмалық деңгейдегі дау-дамаймен ғана аты шығып, оқырман қауымға заманауи роман, поэмаларымен емес, Жазушылар одағына тиесілі үлкенді-кішілі меншік төңірегіндегі скандал, сенсацияларымен ғана танымал боп қалған қазақстандық қаламгерлер жаһандану тақырыбына көп жолай қоймады. Сондықтан да осы талқылауға асыққаным рас. Оның үстіне шетелдің атағы жер жарған (арасында Нобель сыйлығына номинант болған тұлғалар бар) сөз зергерлері келіп, осы әңгімеге атсалыспақ екен. Бұдан артық қандай заманауи, планетарлық деңгейде рухани жаңғыру керек?!

Форумда көп нәрсе айтылды, бәрін тізіп шығу мүмкін емес.

Мен болсам, біреуге ұнаған, біреуге ұнамаған ұзын-сонар әңгіменің бір тұсын ғана айтайын: пікірталас барысында жаһандануға қатысты бір-біріне кереғар, ешбір жерде қабыспайтын екі көзқарас айқын көрінді.

Құлаққа оғаш естіліп, көзге қораш көрінген мына нәрсе болды: біраз қаламгер «жаһандану деген барып тұрған бәле, баршамызды құртып жіберетін қауіп, оған қарсы соғыс жариялап, аяусыз күресіп, көзін құртуымыз керек!» деген сыңайда қара аспанды төндіріп, байбалам салып, өз басым күтпеген ой айтып жатты. Бәрін қойып, қазіргі заман технологияларына тиісіп, ноутбуктарды жаһанданудың бас қаруы ретінде жариялады. Олардың қорқатын бір қаупі мынау екен: «жаһандану баршаны бір қалыпқа салып, ұлттарды жояды-мыс»!

Бір байқағаным, антижаһандану риторикасы көбінесе постсответтік кеңістік елдерінің өкілдеріне ғана тән болып шықты: дамыған, батыс және шығыс елдерінің өкілдері ондай асыра сілтеуші кертартпалықа бара қоймады. Керісінше, жаңаша талаптар тұсында әдебиет те жаңалану керек дегендей орынды ой айтып жатты. Бір байқасам, олардың сөздері ғана емес, көздері де, өздері де, керек десеңіз, киімі мен жүріс-тұрыстары да бөлек, баршаны бір стандартқа салып тастаған құрсаудан ада екен!

Мұның өзі өмір сүріп отырған орта, саяси жүйе де шығармашылық адамдарына өз әсерін тигізіп, олардың дүниетанымы мен фәлсафалық пайымдауына, қоршаған әлемді қабылдауына әсер етеді деген сөз. Авторитарлық, тоталитарлық саясаттың қолқаңды қабар қолаңса иісі біздің жазушылардың кәстөм-шалбарына ғана емес, романдар мен повестеріне сіңіп кеткен бе деп қаласың!

Оның үстіне постсоветтік елдер жазушылары осы күнге дейін 70 жыл бойына әдебиетті билеп-төстеп келген социалистік реализм әдісінен қол үзе алмай келеді (капиталистік, яғни өркениетті реализмге өтуге не құлқы жоқ, не білімі мен парасаты жетпейді).Бәлкім, ондай трансформацияның болмауының бір себебі мынада шығар: нарықтық экономиканың міндетті түрде жанынан табылатын бір «қоғамдық қосағы» бар, оның аты – демократия, саяси бәсеке. Ал ондай бәсеке әдебиет, өнер және мәдениет саласындағы шығармашылық бәсекеге алып келеді. Өкінішке қарай, біздегі бәсеке басқаша сипатты: ағымдағы билікке жағып, жағымпазданып, оның көңілінен шығатын шығарма тудырып, тиісті жүлдеге (атаққа, пәтерге, мансапқа, басқа да материалдық игіліктерге, соның ішінде қолдан жасалған Пантеон төрінен бір орын) қол жеткізу жарысы, таласы. Ал ол үшін саяси тұрғыдан биліктің сөзсіз жақтасы болуы керек. Талай талант осы қақпанға түсіп қалды! Билікке жағынамын деп олар нарыққа да, өз оқырманы – халыққа да, оның өсіп-өнген талғамына да бейімделе алмай қалды!

Өз басым жаһандану апат не апокалипсис емес, ол – заман өзі беріп отырған орасан зор, бұрын-соңды болмаған мүмкіндік деп санаймын. Тек ол мүмкіндіктерді оңтайлы пайдалануымыз керек.

Әрине, «заманың түлкі болса, тазы боп шал», нарық заңдары мен жаңа кезең талаптары қазақ әдебиетіне мүлдем әсер еткен жоқ деп айта алмаймыз. Өкінішке қарай, коммерциялану кезеңінен біздің әдебиет пен мәдениет орасан зор, орны толмас шығындарға ұшырап, хал үстіндегі жағдайда шығып отыр. Оның өзі кітаптардың, қала берді оқырманның, қоғамның тұрпайылануына алып келді.

Жаһанданудың бір шарты – цифрландыру екені мәлім. Бүгінде ұлы қарама-қайшылықты көріп отырмыз: интеллектіні, миды, рационалды ойды цифрландыруға болатын шығар. Ал мың құбылған көңіл-күйді, алабұртқан сезімді қалай цифрлық жүйеге түсіресің?

Жаһандану жауларының «бұл қауіп тілдерді жояды» деген «айқайы» мен «аттанына» «Одиночество в сети» романының авторы поляк Януш Вишневский өте дәл жауап берді. Өзі бірнеше тіл білетін көпсалалы (физика, химия, экономист, биоинформатик) ғалым: «Ғылыми еңбектерімді басқа тілдерде жаза беремін. Бірақ жұртқа айтқым келген іштегі сезімімді тек қана ана тілімде жеткізе аламын», - деп, осы тенденцияға нақты да мықты диагноз қойып берді.

Қаржылық, тақырыптық, жанрлық, саяси және басқа да заманауи дағдарыстарға ұшыраған әдебиетті тығырықтан не алып шығады? Меніңше, осы күнге дейін әлем әдебиеті классиктерінің шығармашылығына арқау боп, адамзатты мүлдем құлдыраудан аман сақтап қалған өлмес те өшпес бір тақырып бар: оның аты – гуманизм! Сондықтан қазіргі қаламгерлер де нарықтық және саяси конъюнктураны тастап, осы мәңгілік тақырыпты қайтадан қолға алуы тиіс!

Алайда мүмкіншіліктердің де екі жағы бар: олар кімнің, қандай күштердің қолына түседі? Гуманистің бе, әлде террористің бе?

Жаһандану тұсындағы ұлтаралық, мемлекетаралық бәсеке де оң құбылыс: нағыз жүйрік тек бәйгеде танылады, жарыста өзін шыңдай түседі!

Шартты және нақты шекаралардың жойылуы міндетті түрде ұлттық ерекшеліктердің жойылуы емес. Керісінше, заманауи мүмкіндіктерді өз пайдасына жаратып, басқа ұлттардың бойындағы небір асыл қасиеттерді сіңіріп, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп, одан сайын байи, дами түсуге болады! Мәселен, кешегі Совет заманында біз, 60-жылдардың түлектері, көбінесе советтік әдебиетті танып-білдік. Сөйтіп әдебиеттануымыз тым шектеліп қалды. Шетел әдебиетінен бірен-саран ғана, оның ішінде коммунистік идеологияға біртабан жақын авторларды оқып өстік. Ал қазір болса, қазақ аудиториясы, оның ішінде, болашақ қаламгерлер әлем әдебиетінен армансыз сусындайды. Ешқандай шектеу, идеологиялық жағынан реттеу жоқ. Одан артық қандай мүмкіндік керек?

Әрине, бұл жайттың екінші жағы бар. Мәселен, осы форумда айтылғандай, Түркияда шығатын кітаптардың 30 проценті ғана түрік авторларынікі екен де, қалғандары – шетел әдебиеті. Ешнәрсе етпейді, жалпыадамзаттық құндылықтарға жақындаған ұлт ұтылмайды! Оның үстіне, отандық жазушылар да шынайы шығармашылық бәсеке алаңында ширығып, биік белестерге ұмтыла түседі. Бәлкім, сөйтіп арамыздан Нобель лауреаты болар бір қазақ жазушысы шығар?!

Сонымен не істеу керек? Менің екі ұсынысым бар.

Біріншіден, жазушыны, кез келген шығармашылық адамды абсолюттендіруді доғару керек деп ойлаймын! Адам өмірінің кез келген саласына, кез келген мамандық пен кәсіпке талант керек!

Екніші рецепт өте қарапайым: бәрін қойып, үстел басына отыру керек те, оқырман іздеп оқитын жақсы кітап жазу керек!

Әміржан Қосанов, саясаткер.

bairaq.kz