19 мам, 2017 сағат 16:41

"Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат" экспедициясы: Мәшһүр Жүсіп Көпеев – Жасыбай батыр (фото)

Салт атты саяхатшылар жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен әйгілі қазақ батыры Жасыбай Өмірұлының бейітіне тағзым етті.

Жолда Сұлтанмахмұт Торайғыров ауылының маңында орналасқан ел ішінде Әбжалап әулие атанған Жұматай Тышқанбайұлының бейітіне аялдап, құран бағыштады. Әулие атанған Жұматай ауру-сырқау жандарға, мүсәпір, кедей-кепшікке қамқор болған жан. Мәшһүр Жүсіп Көпеевпен аса сыйлас болған. Ел ішінде Мәшһүр атаға: «Сенің денең шірімейді, менің денем жерде қалмайды» – депті – делінетін аңыздар кең таралған.

Келер жылы 125 жылдығы аталып өтілетін алаштың арда ақыны, небәрі 27 жыл ғұмыр кешкен Сұлтанмахмұт Торайғыров ауылында болып, ақын атындағы мұражайға атбасын тіреді. Шоң би мешітінде болды.

Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған ақынның кесенесіне де аялдап, құран бағыштады.

Бұдан әрі Торайғыр және Жасыбай көлдерін жағалай жүріп шамамен 1716-1741 жылдары өмір сүрген Жасыбай батыр Өмірұлының бейітінде болды. Шыққан тегі – Арғын тайпасының Бәсентин руы. Әкесі Өмір от ауызды, орақ тілді шешен адам болған екен. Анасы – қазақтың атақты батыры Олжабайдың апасы.

Шежіре деректерінде Жасыбай батырды «Олжабайдың жиені» дейтіні де сондықтан. Жасыбай Баянауыл өңірін қалмақтардан азат етуде үлкен ерлік көрсеткен батыр.

Арнайы Ұлт порталы үшін Еламан ҚАБДІЛӘШІМ