23 қыр, 2020 сағат 17:15

Президент Абайдың жаһандық ынтымақтастыққа қатысты формуласын әлем елдеріне жеткізді

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпы саяси дебаттары барысында Абайдың жаһандық ынтымақтастыққа қатысты формуласын әлем елдеріне жеткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қырғи-қабақ соғыстан кейін қарапайым адамның мүддесін көздейтін шын мәніндегі халықаралық жүйе құратын керемет мүмкіндікті пайдалана алмадық. Мұны мойындауымыз керек. Болашақ ұрпақтың тағдыры бірінші кезекте біздің, яғни мемлекет басшыларының осы жағдайдың туындау себебін қалай түсінуімізге байланысты болып отыр», - деді Қазақстан Президенті. 

Мемлекет басшысы «Жаңа әлем» парадигмасын құруға байланысты ортақ адамгершілік парызды атқару мәселесін ойлануымыз қажеттігін баса айтты.

«Қазіргі таңда адамзат үшін маңызды тарихи өзгеріс жасайтын кез келді деп санаймын. БҰҰ-ның құрылуынан жүз жыл бұрын дүниеге келген қазақтың ұлы ақыны, философ Абай Құнанбайұлы табысты жаһандық ынтымақтастыққа қатысты «Адамзатқа не керек: сүймек, сезбек, кейімек, қарекет қылмақ, жүгірмек, ақылмен ойлап сөйлемек» деген өзінің формуласын ұсынған болатын. Ақынның бұл ой-пікірін «өзара үйлесімге қол жеткізу үшін адамзатқа сүйіспеншілік, рақымшылық, батыл әрекеттер және байыптылық керек» деп түсінуге болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.