01 қыр, 2016 сағат 11:28

Халықтың үйдегі шаруасы бастан асады, соны ескеру керек - Назарбаев

Парламент палаталарының бірлескен отырысын ашқан ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейінгі тәжірибені ескеріп, заңдардың тиімділігін, халыққа тигізер пайдасын жан-жақты түсіндіру қажеттігін тағы бір мәрте ескертті. Осы орайда Мемлекет басшысы депутаттардың қызметіне баса назар аударды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Әсіресе, Сенат пен Парламент депуттарының рөлін күшейту керек. Олар жаңа заңнаманың мақсат-міндеттерін халыққа жан-жақты түсіндіріп отыруы тиіс. Шынын айту керек, кез келген заң халықтың, мемлекеттің белгілі бір мәселесін шешуді көздейді. Бірақ осыны дұрыс жеткізбейміз. Бәрі бірдей теледидар көріп, газет оқиды деп ойламаңыздар. Халықтың үйдегі шаруасы бастан асады. Соны ескеру керек. Сондықтан заңды не үшін қабылдап жатырмыз, соның аясында не істеу керек, бұның бәрін халыққа жеткізу жағы ақсап тұр. Кез келген өзгерістің әлеуметтік-экономикалық артықшылығын барынша түсінікті етіп жеткізу керек», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Айта кетейік, бүгінгі отырыс барысында Президент ұлттық қауіпсіздікті басты мәселе ретінде белгілеп, бір қолға жүздеген мың гектар жер беруге болмайтынын жеткізді. Шараның басында Н.Назарбаев Әнұранды толық орындап, депутаттарға үлгі көрсетті.