
«Талдықорған аумағында 1869 жылы Гавриловка селосы бой көтерді. Бұл өңірде алғаш рет қоныстаған казактар болды. 1920 жылы Гавриловка селосының атауы ресми түрде Талды-Қорған селосы деп өзертілді.»
Бұл деректерді мен ғаламтордан алғанмын. Бірақ білмедім оған кімнің салғанын. Бір анығы, ғаламтор түгілі кітапхана, мұрағатқа барсаңызда әлгіндей мәлімет андағайлап алдыңыздан шығады. Себебі Талдықорған тарихы туралы бүгінгі ғылымның бар білері осы дейді журналист Гүлжан Қызайбаева. Эфирден естіген бетте елең ете қалдым. Шынымен де солай ма екен деп, менде ғаламторды қопарып көрдім. Шахар шежіресі Кеңес өкіметі тұсында жазылған, содан әлі өзгермеген екен. Әлі күнге Жетісудың басты қаласын Гаврилов деген біреу салған, кейіннен соның атауын алған деген жаңсақ пікірге иланып келеміз. Соңғы шыққан Қазақстан Ұлттық энциклопедиясына да солай жазылып кеткен. Тіпті бұл энциклопедияға жазылған деу артықтау, бұрынғы Кеңестік қызыл энциклопедиядан «копировать» етіп қоя салған. Бұл енді сол кездегі «Қазақ энциклопедиясын» басқарған ағалардың қазаққа жасаған «үлкен еңбегі». Ертеңіне Гүлжаннан қайта сұрадым,-Талдықорған туралы біреулер зерттеп пе еді өзі деп….Жауап берудің орнына өзінің осы тақырыпта жасаған арнайы репортажын көрсетті. Бір ұққаным Талдықорған туралы екі жақты пікір бар екен. Даудың бір басында Андрей Березин деген өлкетанушы тұр. Ол Гавриловкаға дейін бұл маңда ештеме болмаған дегенді ашық айтып отыр. Тарихи-деректік 13 кітап жазыпты. Қаласының 146 жылдық тарихы бар дегенді ғылыми айналымға түсіріп, тіпті біздің мүйізі қарағайдай ғалымдарды иліктіріп қойған. Онымен айқасып жүрген Оразгүл Мұхатова деген тарих ғылымдарының докторы екен. Ол кісі Жетісу жерінде негізінен Қимақтардың, оғыз қағандықтарының құрылғанын алға тартып, осы мекенде 9-12 ғасырларда қимақ, оғыздар өмір сүрді деп отыр. Сондықтан қаланың кемінде 9 ғасырлық тарихы бар дегенді айтады.
Гүлжанның репортажынан білгенім Талдықорған археологиялық тұрғыда кешенді зерттелмеген қала екен. Айналысындағы көне қоныстарды қопарса біраз дүниеге жолығып, көзіміз ашылатыны анық. Мәселен «Түркі тілінің сөздігін» құрастырған Махмұт Қашқари «Қаратал өзенінің оң жағалауында «Екіоғыз» қаласы болғанын жазады. 8-9 ғасырға тиесілі көне шахардың орны әлі күнге тұр. Талдықорғанның дәл түбіндегі Еркін ауылына барсаңыз елді бәрі жөн сілтеп жібереді. Сонымен қатар бүгінгі ғылым үшін «Талды» қаласының орны да белгілі. Шыңғыс хан жорықтары тұсында талқандандалған қоныс Талдықорғанның тура қасында. Бірақ, бұл көне шахардың екеуіне де археологиялық қазба жұмыстары толықтай жүргізілген жоқ. Археологтарды кінәлағанымыз болмас, олардың құлқы жоқ емес бар, тек қаражаты тапшы, қолы қысқа.
Тағы бір қызықты дерек айтайын. Бірер жыл бұрын, Талдықорғанның түбіндегі «Үйтас» саяжайынан таңбасы бар тастар табылған болатын. Ол жазбаларды ғалымдар қола дәуірі, андронов мәдениетіне жатқызады. Демек оған сүйенсек Қараталдың бойында 3 мың жыл бұрын тіршілік еткен адамдар тұрған. Ал осыдан кейін қаланы салғандар қазақтар емес казактар деп жүргендерге не айтамыз? Солардың шатпағына мойынсұнған, дүдәмал деректі ғасыр еңбегіне ( энциклопедия екі-үш жылда бір жаңартатын дүние емес) енгізіп жіберген тарихшыларымызға сеніп көр. Күні кеше Тараздағы тойда сол тарихшы ағаларымыз жоғары мінбеден жоғары тонда сөйлеп жатыр. «Ұлы дала тарихы» деген оқулық шығарып, мектеп бағдарламасына енгізу туралы ұсыныс тастады. Мақұл, жақсы бастама, қолдаймын. Бірақ Ұлы даланың тарихы деген жекелеген аймақтар тарихынан құралмаушы ма еді? Еліміздегі ірі облыстың орталығы Талдықорғанның тарихындағы ақтаңдақтар әлгіндей, басқа өңірлерде не болып жатыр?! Орал мен Павлодар, Қызылжардың төңірегіндегі дау-дамайды да білесіздер. Сондықтан тарихшыларға өтініш айтқым келеді. Айналайын ағатайлар алдымен қазақ жерінің тарихын зерттеп барып жазыңыздаршы не жазсаңыздарда. Ұлттық энциклопедияға Талдықорған туралы деректі ескі нұсқасынан көшіре салған секілді «Ұлы дала тарихы» оқулығына да қайдағы бірдемелер кіріп кетпесінші!! Өйткені сіздер де біздер де кетерміз, ал жазылған дүние қалады. Солар арқылы баламыз білім алады, көзқарасы, тарихи танымы қалыптасады. Ахмет атамыз айтқандай «ел бүгіншіл болса бола берсін, сіздер ертең үшін» қызмет етіңіздерші!!!
Айтпақшы Талдықорған тарихын Гавриловкадан бастар болсақ енді төрт жылдан кейін қаланың 150 жылдық мерейтойы тойланады. Бір кездері қашқын жездеміз Алматының 150 жылдығын тойлаймыз деп шыққаны естеріңізде болар. Бұл жолы да сондай әсіре белсенділер табылар. Тек Храпуновты сабасына түсіргендей ауызбірлік таныта аламыз ба? Сіз бен бізге үлкен сын болғалы тұр.
Есболат Айдабосын