Расында, барлық қазақтардың бірлігі мен ерлігі болмаса әлемде тоғызыншы орын алатын жерді сақтап, ұстап тұра алмаған болар едік. Бабаларымыз «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді, бірлік бар жерде тірлік бар» деп өмір сүрген.
Ия, бізде «Ұлы Далада» ерлікте болған, бірлікте болған. Аталарымыз батыр болған. Оған ешқандай дау да жоқ, талас та жоқ. Бір мысал. Шығыстан шыққан Ерасыл- Қабанбай Қожағұлұлы хиуалықтардан, басқа да жаулардан оңтүстік өңірді үш мәрте өз аяғымен келіп азат еткен. Мен шығыстанмын деп жатып алмаған. Сондай барлық қазақ батырлары бірлікпен, ерлікпен қазақтың бүкіл жерін бірге жүріп жаулардан тазартқан. «Ұлы Дала» туған еліміздің қадір-қасиеті, болмысы мен мәдениеті, тарихы мен өмірі, абыройы мен айбыны. Ұлы Даланың арқасында қазағым қор болмаған.
Бұл ретте айтарымыз, Ұлы Дала Елі туралы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерекше ұсыныстары мен тамаша бастамасын толығымен қолдаймыз және құптаймыз. Айтарымыз, Елбасы Ұлы Даланың маңыздылығына жете көңіл бөліп, биік белеске көтеріп отыр.
Жалпы алғанда біз Ұлы деген сөзден қашпауымыз керек. Қазақ – Ұлы халық. Қазақ Ұлы болмаса, осынау көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын алып жерді ұстап тұра алмаған болар еді. Менің зерттеуімде, қазақтың тарихында болған барлық соғыстардың 93,3 пайызы осы Ұлы дала жерін жаулардан қорғау үшін болған. Біздің міндетіміз – Ұлы даланы қастерлеу, құрметтеу, тарихын зерттеу, соны тек зерттеп қана қоймай болашақ ұрпақтың игілігіне жарату – Ұлы даланың қазіргі жастарын рухты болуға, ерлікке, батылдыққа, батылдыққа, отансүйгіштікке, жерді сүюге тәрбиелеу. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы ата-бабаларындай ержүрек азаматтарды дайындау болып табылады.
Ең алдымен «Ұлы Далада» әділеттілік болған. Соттар әділ шешім шығарған. Қазіргі, кейбір соттардай көп ақша берсең «азаптап өлтірілген, өлген адамның өзін жазықты жасап қою» болмаған. Олар «тура биде туған жоқ» деп өмір сүрген. Әділ дала демократиясы болған. «Бас кеспек бар болса да, тіл кеспек жоқ» деп шырылдаған шындық жағында болған. «Ұлы далалықтар» қай кезеңде, қай ғасырда болмасын жемқорлықпен аяусыз күрес жүргізіп, ұры-қарылардың көзін құртып, олардан жерімізді тазартып отырған. Аталарымыз, өлтірмегендерді атқа теріс мінгізіп, теріс бата беріп, үрім-бұтағымен барса келмеске жер аударған. Олай болмағанда, ұлтқа қауіп жемқорлықтан деп санаған.
Қазіргі таңды алсақ, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына, еліміздің көркейіп гүлденуіне, отанымыздың жедел қарқынмен дамып, өркениетті елдердің қатарынан ойып тұрып, орын алуына зор кедергі болып отырған бір кесел бар. Оның аты — ЖЕМҚОРЛЫҚ. Коррупция мемлекетіміздің барлық саласында орын алып отыр. Пара алу, пара беру, бюджеттің қаржысын қымқыру, тендерлерден откат алу, жауапты мемлекеттік қызметтерді ақшаға сату белең алуда. Соның кесірінен, кейбір әкімдер мен министрлер, жауапты жұмыста болған мемлекеттік шенеуніктер, бірінен кейін, бірі сотталып, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа өте жағымсыз үлгі көрсетіп отыр. Олар бақшадағы арам шөптей қаптап кетті. Солардың ішінде, бұрынғы Үкімет басшысы бар дегенде жағаңды ұстайсың. Коррупциямен аяусыз күрес туралы сан рет заңдар қабылданды, бірақ жемқорлық жылдан — жылға меңдеп келеді. Қазір жемқорлық қарапайым еңбеккерлердің мойындарына талтайып мініп алып, екі өкпесін қысып, тынысын тарылтып барады. Бейне бір «Жеті басты, Айдаһар іспетті», ылғытып жеп, қазына байлығын аямай жұтып келеді. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлер тарапынан, бюджеттің ақшасын жеу үдеп барады. Бұл үлкен қылмыс.
Еліміздегі жемқорлықтың (коррупцияның) әбден меңдеп, сіңіп кеткені сондай, адамдар арасында «жемқорлықты жою мүмкін емес» деген өте зиянды, әрі қате пікір қалыптасып, қарапайым халық онымен келіскендей сыңай байқатуда.
Бұл жерде біздің позициямыз анық. Елбасының жемқорлыққа қарсы жүргізіп жатқан сындарлы саясатын, бағдарламаларын қолдаймыз.
Қоғамымызды жаулап алған жемқорлыққа тойтарыс беруге, күресуге болады. Дүние жүзінде коррупциядан ада болған, тазарған ондаған мемлекеттер бар. Бізде, солардың тәжірибесін енгізуіміз керек. Турасын айтсақ, мемлекеттің қалтасына қол салған шенеуніктер мен олигархтар әділ жазасын алып, өлім жазаларына кесілуі шарт. Ол үшін, ең алдымен заңды қатайту керек.
Тағыда бір жат келеңсіз жәйттің алдын алып, тосқауыл қоюымыз ауадай қажет болып тұр. Ол- мыңдаған қазақ қыздарының проституцияға бой алдыруы болып табылады. Жезөкшелік — өте қауіпті құбылыс. Ол ең алдымен қоғамдық адамгершілікті аяққа таптайды, қалыптасқан отбасының рухани құндылықтарын аяққа басады. Бір сөзбен түйіндеп кетсем, бүкіл әлемнің алдында Қазақстан осы тұрпайы жағдаймен масқара болуда. Сөзім дәлелді болу үшін мына мысалды келтірейін:
Үнді елінің аты мәшһүр блогері Шахкар Абиди атты азаматқа мың да бір алғыс айтып, үстіне шапан жауып, астына ат мінгізуіміз керек. Себебі ол, дер кезінде үнді мамандарының, эксперттерінің Қазақстанды жөзекшелік жайлағаны жөніндегі «жаңа үрдісті» байқап отырғандарын және Америка Құрама Штаттары дипмиссиясының 2012 жылдың қорытындысына арналған есебіндегі Қазақстан Республикасын әйелдер мен жасөспірім қыздардың секс-трафигінің бастаушысы және транзиттік орталығы ретінде көрсетуін жариялап, дабыл салды. Ал айтыңдаршы бізге қазақ қоғамына, қазақтарға мұнан артық қандай соққы, қандай қорлау керек? Аталарымыз: -«Мешкеу деген жаман ат» десе, мынау ярлык тіпті онан миллион есе сұмдық «клеймо- қара таңба» болып тұр. Осыны түсінетін сәт әбден келді.
Бұл жерде айтар ойымыз — біздің елімізде, қасиетті жерімізде, қоғамымызда, біздің ұлтта жоғарыда тілге тиек етілген жаман әрі жат құбылыстар: жемқорлық пен жезөкшеліктерді болдырмауымыз керек. Сонда, туған еліміз бәрінен озады!
Сәдібек Түгел,
«Ұлы Дала Қырандары» қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалыстың тең төрағасы,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы.
Ұлт порталы