18 мау, 2016 сағат 19:54

Абдолла Әбдірахманов: Суреттегі адамның өңі Мағжанға ұқсайды

Жақында редакциямызға өлкетанушы, саяси қуғын-сүргін көрген алаш арыстары өмірдеректерінің күмәнді тұстарын зерттеумен шұғылданып жүрген Алдияр Әубәкіров арнайы келді. Атырау облысының Құлсары ауданына сапарлап келген ағамыз оқырмандарға айтар жағымды жаңалығы бар екенін жеткізді.

Естеріңізде болса, 2013 жылы 25-шілдеде газетімізде Думан Анаштың «Магаданнан табылған суреттегі қазақ Мағжан емес пе?» деген мақаласы жарияланған еді. Мақалада сол кездегі облыстық мұрағаттың басшысы Алдияр Әубәкіровтің Ресейдің Магадан өлкесіне арнайы барып, сондағы 500 мыңға жуық іс-құжаттар сақталған облыстық мұрағат пен қаладағы ақпараттық орталықтағы 10 мыңға жуық ақталған азаматтар тізімінен 34 қазақтың аты-жөндерін тауып, жазып әкелгені, сонымен бірге Магаданнан түрі қазаққа келіңкірейтін бір суретті алып келгені, өлкетанушының бұл суреттегі адамды қазақтың ұлы ақыны Мағжанға ұқсататыны туралы айтылған-ды.

Алдияр Әубәкіров әбден тозып, жыртылуға шақ қалған суретті Өскеменге алып келгеннен кейін жергілікті суретші Николай Аштемаға өңдеткен екен. Суретші бұл туындының шамамен 1940-1950 жылдары салынғанын айтыпты.

Бұл сурет туралы неге айтып отырмыз? Жақында, нақтырақ айтсақ, мамыр айының ортасында Алдияр Әубәкіров бастаған ісін соңына дейін жеткізбек ниетпен осы суретті алып, Атырау облысының Құлсары ауданында тұратын «Мағжанды өз көзіммен көрдім, Магаданда бірге болдым» деп айтып жүрген, жасы тоқсаннан асқан Абдолла Әбдірахмановқа арнайы барып қайтыпты.

13487665_1059587557467131_866030258_n

Суретте: (оңнан солға қарай) Алдияр Әубәкіров, Абдолла Әбдірахманов және Құлсары аудандық мұрағатының директоры

— Мамыр айында Атырау облысының Құлсары ауданына жол түсіп, сондағы мұрағаттың директорымен бірге 96 жасқа келген ақсақалдың үйіне бардым. Ақсақал 96-ға келсе де, тың, ширақ көрінді. Бұл кісі Мағжан туралы 90-жылдардан бері айтып келе жатыр екен. 1948 жылы мұнайдың бұрғылау операторы боп жүргенде жалған жала жабылып, жазасын Магаданда өтепті. Ақсақалға Мағжан өмірін зерттеумен шұғылданып жүргенімді айттым. «Сен қашан бастадың?» деп өзіме сұрақ қойды. «10 шақты жылдай боп қалды» деп ем, «оны баяғыда іздеу керек еді, сендер қайда жүрсіңдер?» деп өзіме ұрысты, — дейді Алдияр Әубәкіров.

Абдолла ақсақал «Жас Алаш» газеті ұйымдастырған экспедиция аясында басылым қызметкерлерімен бірге Мағжанның жатқан жерін көрсетемін деп Магаданға екі мәрте барып қайтыпты. Бірақ ақынның мүрдесі табылмаған.

«Жас Алаш» газетінің 2012 жылғы 27 қарашадағы нөмірінде «Мағжан мен Сәкен шынымен атылмаған ба?» атты тақырыппен жарияланған мақаладағы Рысбек Сәрсенбайұлының баяндамасында Абдолла Әбдірахмановтің Магадандағы үкім кесілген сотталушылардың лагерінде Мағжанмен біршама уақыт бірге болғаны, талай рет кездескені, тілдескені, ақынның сырқаты әбден меңдеп, жұмысқа шыға алмай ауырып жатқан кезінде артық нанымен бөлісіп, шайын апарып бергені туралы жазылған. Мағжанның өзіне өлең жазған қойын дәптерін бергенін, бірақ оны жолда ұрлатып алғанын, ақынның аманатын орындай алмағанына өмір бойы өкініп келе жатқаны жайында да мақалада айтылған.

«Цинга деген аурудан тістері түсіп, бет-аузы ісініп кетті. Әлсірегені сондай, жүруге шамасы әзер келді. Жиі-жиі жөтелетін. Жұмысқа шықпайтындарға жарытып тамақ бермейтін. Норманы асыра орындағандарға артық нан, шай береді. Біз оны Мағжанға тасимыз. Шайды қатты қызылдап, чифир ішкіземіз. Мағжан сырқаты жанына батса да, шыдамдылыққа салып, сыр білдірмеуге тырысатын.

Мағжан сөйлескенде кісінің бетіне тура қарамайтын. Баяу сөйлейтін. Әркімге сыр аша бермейтін. Орысшаға өте жүйрік. Мәскеуде орысша оқыпты өзі. Қазақшасы тіпті керемет еді. Мағжан алаш туралы абайлап айтатын…

…Әйтеуір Мағжанның өзін Алаш орда дегенді құрғаны ма, қатысқаны үшін бе НКВД-ның соттағанын, ату жазасына кескенін ұққанбыз. Оны – ату жазасын он жылға ауыстырғанын да өзі айтқан. Тағы да оны Жапонияның шпионысың депті. Мені Иранның десанты, Жапонияның шпионы деп соттаған еді ғой. Мағжан да сол сияқты жаланы арқалаған.

…Мағжан 1948 жылы жазасын өтеп шығуы керек екен. Бірақ лагерьде жүрген кезінде өзара төбелескен екі тұтқынның біріне болысып, арыз жазып беремін деп айыпты болып, қайта сотталған. Мағжан бұрын да сотталған екен, сонда әйелінің Сібірге артынан іздеп барғанын, бірге болғанын айтушы еді…

Ертеңгісін жұмысқа айдап апарар алдында сапқа тұрғызады. Сол кезде Мағжанның мүрдесін әкетіп бара жатқанын көрдім. Беті ашық екен. Аурудан, цингадан денесі тұлып болып ісіп кеткен. «Қош, арысым» деуге мұрша келтірмеді. Екі көзімнен жасым сорғалап қала бердім. Оның денесін үш-төрт өлікпен бір шұқырға көме салды. 1951 жылдың қаңтар айында қайтыс болғанына куәлік ете аламын».

«2011 жылғы 20 тамызда, Магадан облысы Сусуман ауданы Берелех елдімекенінде – бұрынғы тұтқындар ұсталған лагерьдің орнында тұрып бізге Абдолла Абдрахманов осылай деді» деп жазады «Жас Алаш» газеті.

Мақаладағы Абдолла Әбдірахмановтың Мағжан туралы айтқан сөздеріне құлақ түрсеңіз, ақынды көргеніне, тілдескеніне, жабырқаулы сәттерде жанында болғанына күмәніңіз қалмайды.

Азамат анау қазақ қаным десең,

Ұжымақтың суын апарам, жаным десең.

Болмаса ібіліс бол да у алып бар,

Тоқтатам, тұншықтырам зарын десең?- деп жырлаған алаштың аяулы ақынының ит жеккенде азап кешкен жабырқаулы бейнесі көз алдыңа келеді.

Алдияр Әубәкіров Магаданнан алып келген суретін ақсақалға көрсетіпті. «Өңі Мағжанға ұқсайды. Бірақ ол кісі қалпақ кимеген. Қалпақ кигенін өзім көргем жоқ» депті ақсақал.

— Бауыржан Момышұлы Мағжанды Сібірде қазақы киімде, басына түлкі тымақ киген қалпында көргенін айтты емес пе? Бұған таңғалатын ештеңе жоқ. Мағжан қалпақты өзімен бірге алып баруы немесе сонда жүріп тігіп алуы да мүмкін ғой, — дейді суреттегі адамның Мағжан екенінен үмітін үзбей жүрген өлкетанушы.

PS: Кім біледі, бұл суреттегі адамның Мағжан ақынның тура өзі болуы да әбден мүмкін. Болмауы да мүмкін. Қалай дегенмен де, суреттегі кісінің тағдырдың айдауымен итжеккенде қорлық көрген қазақ баласының бірі екені анық.

Азамат Қасым

«Дидар» газеті