20 сәу, 2022 сағат 12:16

Зульфия Чиншанло Қазақстан чемпионатында 4 рекорд жаңартты


Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Зульфия Чиншанло Қызылорда қаласында ерлер мен әйелдер арасында өтіп жатқан ел чемпионатында төрт рекордты жаңартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан ауыр атлетика федерациясы мәлім еткеніндей, Зульфия 59 келіге дейінгі салмақта үздік шықты. Ол қоссайыс қорытындысында 223 келіні (95+128) көтерді. 

Екінші орынға ие болған қарсыласын 51 келіге артқа қалдырған Чиншанло Қазақстанның төрт рекордына (жұлқа көтеруден екі, серпе көтеруден бір және қоссайыс қорытындысында) қол жеткізді.

Сонымен қатар қазақстандық ауыр атлетке Ашхабад қаласында 2018 жылы өткен әлем чемпионатының қола жүлдесі де табыс етілді. Бұл біріншілікте Зульфия бесінші орынға табан тіреген еді. Әйтсе де оның алдындағы екі спортшының нәтижелері жоққа шығарылғандықтан, Чиншанло үздік үштікке іліккен еді. 

Зульфия ел біріншілігіне тыңғылықты дайындалғанын, сондай-ақ әлем чемпионатының жүлдесін алғанына қуанышты екендігін, бұдан былай да тынбай еңбектене беретінін жеткізді.

Чиншанлоны осынау табысымен Илья Ильин Инстаграмдағы парақшасында құттықтады.

«Бүгін Зульфия Чиншанло серпе көтеруден 128 кг олимпиада рекордына қол жеткізді. Жалпы нәтиже – 223 кг және әлемдік рейтингте 1-орынға көтеріледі. Саған өзіңнің бесінші олимпиадаңа барып, алтын алуыңа тілектеспін», деп жазды Ильин.

Қазақстан чемпионатындағы алғашқы екі күннің нәтижелері мынадай:

Әйелдер. 45 келі

1. Александра Беленко (59+76) – ШҚО

2. Айнұр Әбдіхалықова (59+72) – Жамбыл облысы

3. Альфия Гарифуллина (57+73) – Алматы облысы

49 келі

1. Дарья Балабанюк (70+83) – Қарағанды облысы

2. Айым Мұхаметжанова (60+75) – Ақмола облысы

3. Салтанат Қыпшақбай (48+59) – Қызылорда облысы

55 келі

1. Айгерім Ауылбек (76+94) Алматы обл.

2. Шынар Жапар (73+86) Жамбыл обл.

3. Бибісара Жанболат (64+80) Алматы обл.

59 келі

1. Зульфия Чиншанло (95+128) Алматы обл.

2. Алтынай Тәнірбергенова (74+98) Қызылорда обл.

3. Алина Колиушко (77+94) СҚО

Ерлер. 55 келі

1. Арли Чонтей (109+127) – Шымкент

2. Анатолий Грубов (110+125) – Алматы облысы

3. Ерназ Алпысов (102+123) – ШҚО

61 келі

1. Өтепберген Әлиев (121+145) БҚО

2. Азамат Төлеген (113+138) Қызылорда обл.

3. Жалғас Сеитов (113+133) Ақмола обл.

Қазақстан чемпионаты 23 сәуірге дейін жалғасады.