15 сәу, 2024 сағат 20:36

Зорлық-зомбылық фактілері бойынша күніне 300-ге жуық арыз түседі - сарапшы



Жалпы тұрмыстық зорлық зомыблық мәселесі қаншама жылдардан кейін енді«көлеңкеден» шығуда.  Оның өзіндік бір себебі тирандардан жәбір көрген әйелдер  БАҚ пен әлеуметтік желілерге өзінің оқиғаларын ашық айта бастауы болар, деп жазды Парламентаризм институтының сарапшысы Дана Сүлейменова. 


Бас прокуратураның мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын отбасылық абьюзерлердің қолынан кемінде 80 әйел қаза табады, күнделікті полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 300-ге жуық арыз келіп түседі. Егер бұл заң бір жыл ерте қабылданғанда мүмкін статистика басқаша болар ма еді… 


Сарапшының жазуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жазаны қатаңдату және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы алдын алу шаралары негізгі заңнамалық жаңашылдықтар болып табылады.


«Негізгі Заң 15 заңнамалық актісіне, оның ішінде жеті кодекс пен сегіз заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Енді жаңа заң бойынша әйелдер мен балалардың денсаулығына бірнеше рет ұрып-соғу және зиян келтіру кезінде татуласу қарастырылмаған.  
Атап айтқанда, қазір денсаулыққа қасақана орташа және ауыр зиян келтіргені үшін тек 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Ал бұрын айыпталушы бостандықты шектеуі мүмкін еді.
Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру туралы бап та қатаңдатылды-200 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделеді. Сонымен қатар, қазір бұл қылмыс үшін әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.  Осы қылмыс ауырлататын мән-жайлар болған кезде 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салуды не 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруды немесе шектеуді көздейді.
Сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қайта біліктілігі бар ұрып-соғу үшін 80 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 25 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза көзделген. Ауырлататын жағдайларда ұрып-соғу 200 АЕК-ке дейін айыппұл салуға не 50 тәулікке дейін қамауға алуға әкеп соғады», деп жазды сарапшы Д.Сүлейменова.


Сонымен қатар, маманның айтуынша, азаптау үшін жауапкершілік күшейтілді. Енді 2 жылдан 3 жылға дейін, ауырлататын жағдайларда 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделуде.


Жаңа заң қазақстандық қоғамды шын мәнінде сауықтыруға арналған, өйткені отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамның қазіргі заманғы қасіреті болып табылады. Мұндай қылмыстар үшін жазаны қатаңдатылды. Осылайша халық арасында құндылықтардың жаңа жүйесін қалыптастырады. 


«Бұл жүйеде басты назар әйелдердің құқықтарын құрметтеу және олар мен ерлер арасындағы салауатты қарым-қатынасты қалыптастыру болуы керек. Бұл құндылықтарды өскелең ұрпақтың санасына сіңіру қажет» дейді сарапшы.