18 қаз, 2018 сағат 07:57

Жыр қызғалдағы

Бердібек Соқпақбаев бір сыншы туралы: «Біздің жазған-сызғанымыздың мазмұнын айтып беруді ғылым санап жүр», – деп әжуалап күледі екен. Сол айтқандайын, дарынды ақын, талантты журналист Жанғали Мырзәлиевтің туындыларының мазмұны мен көркемдік жағына баға беруді ұлы мәртебелі оқырманның еншісіне қалдырып, өзім анық білетін жағдайлардан естелік жазуды ұйғардым.

Жанғалиды біздің ауыл «Жәнекеш» дейтін. Бисен Жәнекешевтің тегі солай ғой, бәлкім, ертеректе болған үлкен адамның аты ма, әйтеуір қосақтап берілген бұл есім тұтас бір тағдыр секілді: «Жан кешті, жанын жегіп, жанын жеп жүріп өмір сүрді», – дегенді ойға түсіреді. Көп алысқа бармай, өзім ес білгелі куә болған барлық жағдай санамда осы пікірді берік орнықтыра түсті.

Түйдей құрдасы Жарасқан Әбдірашевтің:  

Ішесің бе?..

Кезінде іштім дейім.

Ал, қазір ме?..

Қалыпқа түстім дейім.

Туған жерім?..

Ст. Арал.

Қызылорда.
                Туған жылым?..

Соғыстан үш жыл кейін... – деп келетін шумақтары бар. Жәкең сол құрғырдан бойын аулақ сала алмады, «қалыпқа түсе алмады». Бәленің бәрі сол. КазГУ-ден оқудан шығады. Зерттеушілер үшін қысқаша мәлімет, Алматыда оқыған жылдарымда, облыстық радиодағы жалақысын көбейтуге септігі тиетін болғандықтан, курстастарым Кәримолла Ғайсин, Еділ Беркімбаев үшеуіміздің Раушан Жүнісбекқызы дейтін әпкеміздің табалдырығын тоздырғанымыз өз алдына бөлек хикая, «білімі бітірмеген жоғары» деген анықтама алып берумен айналыстым, үш курс оқып тастап кеткен құжаттардың түпнұсқасы оқу орнының архивінде әлі күнге дейін түгелдей мұздай аман тұр. Жанұяда жарасым болмады. Жұмыстың баяны жоқ. Мінезі құдды найзағай секілді, шу асау жүрген шағында Пушкин болып: «Алдыңда тұрған сия сауыттан өлең жазып тастаймын», – деп жер тарпып өрекпіп тұрса, «Ащы судың әлегімен балағаттап кетті, сия сауытпен ұра жаздады», – деп өкпелеп қалатын бейбақтардың ортасынан қайдан орын табыла қойсын. Жан-тәнімен жақсы көрген адамын құлай, жадырап қарсы алып, жайма шуақ әңгімені төкпелетіп отырады да, бірнәрсе көңіліне сәл жақпай қалса шарт ете түсіп: «Шатағы...» – деп лезде мұртын жыбырлата бастайды. Шын шатақ сол кезде. Ұнамай тұрған кісі бишік ұстап, басына қара бұлт төндіріп тұрса мейлі ғой, тіпті қарадан қарап қусырылады да қалады. Оқымаған кітабы жоқ, кейіпкерлерінің бірінің атын атап, түсін түстеп оқиғасымен кірістіріп жатса, енді бірде осы қарсы алдында тұрған адамға, Абай атамыз тіріліп келіп, соның шапанының шалғайына жармасқандай шошынып, селкілдеп ұрсып ала жөнеледі. Сонша таусылып жатқаны не десеңіз: «Күйдіретін осы қылықтарың, оспадарсыз әдеттерің, әне, Ақан сері қалды дала кезіп аласұрып». Қазақ жазушыларынан болса бір сәрі, жыға танымасаң да жобасын шырамытып жорамалдап тұрар едің, әлем әдебиетінен болса қайтесің, қапелімде Юлия Жемайтені қайдан іздеп табасың. Аптығы басылғанда қақ тұрмайтын жазғы жауын секілді дық қалмайды. Күнде көрсең көзің үйренетін шығар, ал екінің бірі ана жерге, мына жерге бір аяғы тиіп ұшып-қонып жүрген Жанғалидың артынан қуып, қайдан зерттеп отырады. Оқығаны аз, тәрбиесі кем кісі жолықса кек сақтап, ішіне қан қатып қалады. Мұндайлар қалтарыстарда көбірек араласып жүргендерінің ішінде жиі кездесетін. Түсіндіремін деп әлек. Жұдырық  сілтесіп қалады. Қайтесің, тағдыр...  

Бірақ, кездескеннің бәрімен керілдесе беретін керсоққанның өзі болды деу болашақ ұрпақ алдында күнә. Ашуланса – бет-алдына қаратпас құйынды дауыл секілді болғанымен, қуанса – құдды бала мінезді, жер аңсаған нөсерлі жауын. Ерекше ілтипатпен атап отыратын адамдары көп болды. Соның басында Қадырғали Хошеметов тұратын. Оған хаттары куә. 90-шы жылдары ақын Ерғали Сағат «Алматы ақшамы» газетіне суреті мен өлеңдерін жариялады. Жанында жүргенде өлеңімді жарыққа шығарамын деп ешкімді жағалағанын көрмедім, соған қарағанда ақындық қарым-қабілетін жақсы білетін Қадырғали аға араласты-ау деп ойлаймын.

Марат Қабанбаевтың әдебиеттегі қадамына қуанып жүрді. Кеңшілік Мырзабековтің университет қабырғасында «екі ұрты бұлтиып» өзімен өзі өлең шығарып жүрген шабытты шақтарында мына жолдарды айтып айналып-толғанушы еді деп сүйсініп еске алатын:

Айым Жанғали, күнім Жанғали,

Өзгеше бүгін түрің, Жанғали,

Өзгеріп кетіпті үнің, Жанғали,

Жыр боп шықсын күнің, Жанғали,

Өлеңім болсын гүлім, Жанғали.

Айым Жанғали, күнім Жанғали.

«Жігіттің төресі ғой, сегіз қырлы, бір сырлы» деп жерлесі Сұңғатов Марксті аузынан тастамады. Ән салады деп кәдімгідей тамсанады, бірақ оны да, нағыз жұлдыз болатын адам деп жерге-көкке тигізбей мақтаған марқұм Жексенбай Байтұяқовты да тыңдау бұйырмады. Белгісіз болып қалған қаншама тағдырлар деп толғанамын.

Қырыққа толған күні қойын дәптеріме өз қолымен мынадай екі шумақ өлең жазып қойыпты:

Енді маған қырық жыл ғұмыр қалдың ба,

Не тұрғанын білмеймін ғой алдымда.

Күннің ыстық жанарынан ұялып,

Жатар ма екем, туған жерде шалғында.

 

Жаңа келе жатқан тәуір басып,

Маған да оңай деймісің, бауырласым.

Өмірде көп екен ғой жөнсіздіктер,

Қалай менің ақ жаным ауырмасын.

Барша адамдарды ақ жанымен, таза жүрегімен сүйді. Өлең жазғанда өмірден соққы көрген адамның сойынан емес, кіршіксіз пәктікпен жырлады. Өмірге ғашық болудың үлгісі, ерлік емей немене.

Отын қат, тұрмыс өте ауыр жылдары қалған өмірінің соңғы күндерін өткізген ескі жатақхананың ортасына тамызық жиып қойып от тұтатып, айналасында газет-журнал оқып жүрер еді. (Нақ сол отқа шалынып ажал құшқанын қайтерсің. Өрт демекші, жасында Аяз ата боламын деп тұрғанда артық қалған жіпті қиятын қайшы табылмағасын, сіріңкемен үзе салыңдар деп, абайсыз тұтатқан от қар сияқтандырып оюлап жапсырып қойған мақтаға тиіп, қатты күйіп қалған екен, қолындағы шорланып біткен күйік тыртығы анадайдан көзге ұрып тұратын. Маяковский, Тайыр Жароковтерге еліктеп зор даусымен мәнерлеп өлең оқиды, нағыз шабытты шағында алға созған қолдарына қарап қабағын түйіп алған кезде біз балалар жағы салалы ала-құла саусақтарға сәл қорқып көз тігіп отырамыз. Осы күнгі қаптап кеткен түсіру құралдарының көмегімен бейнеролик жасаса, өрттің хаупі туралы жарнама клипке жарарлық, «Байқамады, байқаса, бұл бола ма,
Жарқ  етті өрт! Жалын тілі орап ап. Ән сағатта шабындықтың үстінде, Жайылғандай алау қызыл орамал» деп басталатын өлеңі бар. «Ертеңіне ел білді өрттің күштісін, Жанған жердің қайғы болып түсті ісі. Қарауытып жатты күйген алқапта, Бір трактор, Екі мая, Үш кісі...», (тап-таза сюжет, мөлдір сурет).  

– Ұлылардың ауруы да ұқсас, ұлы болады, Федор Михайловичтің немен ауырғанын білесің ғой – деп әзілдеп қояды кейде. Өзіне меңзегені, талай көзіміз көрді. Достоевский жарықтық ұстамалы дерті басталғанша Раскольников түбіне жетпек болған кемпірдің қарғыс атқыр сол үйінде неше баспалдақ бар екенін білу үшін барып санап үлгеріпті. Жәкең осының бәрін білді. Не жазса да шындықты жазды. Шындық дегенде өзі білгенін жазды, жаңағы кеселмен алысып жүріп, жартықұрсақ қалпымен мұқият зерттеді. Тіпті көркемдеп отыр дегенде де, өлеңдерінің әр жолында өзі көрген суреттер жатыр, сұлу сөз, соны тіркес арқылы сәуле түсіріп көркем дүниеге айналдырды.

Жәкең сырласқан бір түнде Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсарысындағы» жылқының аузындағы қолға ілігер-ілікпес қылынан бастап жазылмаған тақырып қалмады деген еді. Өлеңіне тақырыпты оп-оңай табатын. Пушкиннің «Сия сауытын» бекер қозғап жүрген жоқ. Қандай жанрға қалам тартса да жеңіл, шапшаң жазады. Оқушы тез қабылдайды. Соған қарап «шетінен тұзы жеңіл дүниелер екен» деуге аузың бармайды, Жұмекен Нәжімеденовтің күй туралы ойын өз ыңғайымызға бейімдесек, оның өлеңдері «шабыттай жеңіл, табыттай ауыр». Иә, осылай.

Жәкеңнің қолынан кітап түскен күні жоқ, оқи беретін. Жады мықты, қай күні сұрасаң да жаңылмай қайталап айтып береді. Жасыратыны жоқ, оңды-солды оратын комбаин сықылды кейде көпе-көрінеу, керегі аз мәліметтерге талғаусыз, бекер уақыт рәсуа қылып отырғандай әсер қалдырады, артынан бір әңгіме барысында соларын сөз арасына әдемі қиюластырғанын көріп, шын талантына, даусыз дарынына еріксіз риза боласың. Кітап толы дорбасын арқалап жел қуған қаңбақтай болып жүрсе де, өзгенің тағдырына сергек қарады, ерді кебенек ішінде таныды. Жұманиязов Базарбайдың ағасы Оңайәлімен таныстырды, басынан кешкендерін тыңдатты. Риза болып: «Чеховтың, Гогольдің кейіпкерлері ортамызда жүр», – дейтін. Бір күні Жәнібектегі ескі мектептің қасындағы үйге жетелеп ертіп барды, ертеректе жарда тұрған суреттен Сәбит Мұқановты көрген екен, көпке дейін үй иесінің бұған қандай қатысы бар екен деп таңырқап жүрді.

Есімде: топ адамның ортасында маңдайы жарқырап Сәбең отыр, фотосуреттің шетіне Қазақстан жазушыларының Алматыда өткен съезі (нақ қай жылы екенін ұмыттым, отызыншы жылдардың ортасы шығар деп топшылаймын) деп жазылған. Бірқатар адамдардың есімін әдемі оқиғаларымен ұзақ-ұзақ келтіре аламын. Бірақ, әдейі орағытып отырмын, тағдыр олардың көбіне жылы шырай танытпады. Бұл мақаланың мақсаты басқа, көлемі де көтермейді. Әйтпесе, Жәкеңнің суретшілігі, суырыпсалмалығы жөнінде оқиғаға қатысты біраз адамды қозғап айтуға болар еді. Ақобаның тумасы, артынан ерген інісі, арқалы ақын, күміс көмей әнші марқұм Қадырболат Оразовқа осы жерден қимай қол бұлғап тұрмын, бір реті келер...

Бір қарағанда, Жәкеңнің араласқан ортасы шетінен жолы болмағандардан тұратын сияқты болып көрінуі мүмкін. Шындығы сол. Өз бетімен, ерік-қалауымен қиын-қыстау жолды кім таңдап алсын, әрқайсысының ешкімге ұқсамайтын, өзіне ғана тән өмір соқпақтары бар. Шебер жазушы қаршығадай соған шүйлігеді, майдан қыл суырғандай соны қаламға іліктіреді. Горькийдің «Шыңыраудасы» әлі күнге маңызын жойған жоқ. Жанғали Мырзәлиев сондай мақсат тұтты деп ойлаймын. Атақты жазушы Кобо Абэ қолынан фотоаппараты түспеген адам екен, бірақ әлемге әйгілі суретінің бәрін түгелімен күл-қоқысқа арнапты. Тегін бе. Жәкең берекетсіз ортада көп жүрді. Құдай өзі кешірсін, бір ғана өкініш пен өксік көкейімнен кетпейді, өзегімді өртейді: «Кейіпкерлер солар екені даусыз, нағыз өмірді зерттегің келсе, олардың ащы тәжірибесінен артық қандай сабақ таба аласың. Бірақ, өмір сүрудің мәні мен мазмұны басқа жақта екенін айыра алмай қалған жоқ па екен. Жылы жаққа бет алған жыл құстарының тізбегінен жаңылған сыңарқанат жалғызсырап жұртына қайтып оралса қыс көзі қырауда оңа ма?!»  

 Жаман әдеттен Жәкең құтылғысы келмеді, талпынбады деген де шындыққа жанаспайды. Күнделігінен кәдімгі «Менің атым Қожадағы» сияқты серттескен: «Тентек су, темекі сияқтылардан әт-мүт ат құйрығын үзісуім керек, біреудің сыртынан ғайбат сөз айтпаймын», – дегенді оқығаным бар. Бірақ, бәрімен бірдей қош айтыса алмады. Әсіресе, трубкасын өзі ағаштан жонып жасайтын шылым мәселесі. Қалтасынан тастамайтын бәкісінің керек жері осы. Мұхтар Шахановтың Шәмші туралы жазғанындай: «Тіршіліктен кетті солай ұлы сазгер саналы, Бар байлығы – қалтадағы мүштігі мен қаламы». Артымнан ергендерге жаман әдет жұғысты болмасын дей ме, құмырсқаның илеуіндей өрнектелген ағаш трубкасын беталды құла мақтамайды, «Осы құрғырды тастай алмадым, жасымда марқұм бір ағайды зиратқа апарғанда ат арбаға ілесіп еріп барғам, өмірі темекісі езуінен түспеген адам еді, арба шоқалаққа ұрынған сайын денесі селк-селк етіп, аузынан қою шәй секілді қара ыс ағып бара жатты, – деп бізді жиіркендіріп қояды. Аздап мақтанғысы келгенде Тарас Бульбаны айтып, жау тылына трубкасы үшін қайтып барып қолға түседі ғой деп қояды. Әйтсе де Жәкең құзыр мен құлқынға тыйым сала алмайтын босбелбеудің сойынан емес еді, әсіресе, өмірінің өзім куә болған соңғы он жылдың ішінде бөгде адам туралы ұшқары пікір айтқанын естімеппін, әрі қандай ауыр жағдайларға тап болып, талай қиындықты басынан кешсе де аузынан бір де бір рет балағат сөз шыққанын көрмедім. Бекзат қалпында қала білді.

Көп оқиды деп құрмет тұтқан адамдарының бірі Қайырғали Қуанәлиев өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары осы жолдар авторының бір ауыз сөзін жерге тастамай, Жәнібек аудандық «Октябрь туы» газетіне жұмысқа алды. Көп өлеңдердің дүниеге келуіне тікелей себепші болды деп есептеймін. Бір естелік айта кетейін, Жәкең жұмысқа тұрғаннан кейін кезекті еңбек демалысының да төбесі көрініп қалды. Ақшаның берекетті кезі, «елде жүріп етекбасты көп көрді ғой» деп ойлап-ойлап, Грузияның Цхинвали қаласына курортқа баруды ұсындым. Қайрақаң қолынан газет түспейді, бәріміз де жабылып жібермей оқып отырамыз ғой, бірақ ол кісінің жақсы қасиеті ешкімнің басына келмейтін тосын ой түйіп ала қояды. Бұл жолы да сол әдетімен: «Жігіттер, ол жақтағы саяси жағдай жақсы емес деп жазып жатыр, жағалай жұмысшылар ереуілі, абай болыңдар!» – деп күлді. Он шақты күннен кейін, қандай «саяси жағдай» әсер еткенін кейін өз аузынан естідім ғой, «Дәуке, мен «приключениеге» тап болмай жүремін бе, барғасын соңғы тиынына дейін есеп айырысамын, шұғыл 50 сом салып жібер» деген жеделхат келді...

Содан кейін қол ұшын берген Сүндетқали Сариев, облыстық радиоға қызметке тартты. Қолына репортер тигенде Жәкең қайта туғандай құлпырып жүрді. Атақты шопан Хасен Шағыров қиналған сәттерімде пана болды дегенді өз аузынан естідім. Сапарғали Сиражев дейтін азамат көп пәтерлі үйден бір бөлмелік баспана беріп, біздің үйден енші алып бөлек шықты. Анам мен Ақсұлу қыз ұзатқаннан кем болмады.   

Жәкең үшін Ақоба мен Жәнібектің, жалпы оның есімін білетін қазақ шаңырағының қай жерде де есігі мен құшағы күндіз-түні ашық болды. Тұрақтамайтын өзі. Оның мәнісі: «Өлеңінің екі жолын айтсаң, жұрт көзін жұмған қалпы: «Қасым Аманжолов, Мұқағали», – деп жатқа айтып жатады, тыңдаушымды сондай күйге жеткіземін»,– деп өлеңнен талмай өзін іздеді, өзіндік стилін қалыптастыруды ақырғы демі таусылғанша армандады. Өзін өлеңге ғана жұмсады. Жәкеңнің табиғатына жасықтық қас. Жылап отырған кейпін өте сирек көретінмін. Оған арнаған бір өлеңімде: «Тұп-тұнық жанарыммен талай көрдім, Көзіңнен қайыс-жастың тарамдарын»,– деп жазғаным бар. Қайыс қандай болады, оның бар бордай егілгені сондай болатын. Осы ойды өзі жатқа айтатын Шолоховтың «Судьба человека» шығармасының соңғы сөздерімен түйіндесек: «...как бежит по твоей щеке жгучая и скупая мужская слеза...»  

Өмірін кері айналдыра алмасын анық сезді, үзілген жіпті жалғауға қауқары жетпеді, күнделікті күйкі тірлікті місе тұтпады, содан күш-жігерін тек қана өлеңге арнады. Үйірінен көз жазып қалған қаздай болып жүрсе де, жалғыздығын өлең дейтін періштемен бөлісті.

Кезінде жазған-сызған күнделігін оттан аман алып қалып, өзіне тосынсый қып тартқан едім, азын-аулақ прозаның ауылына ат ізін салып әңгімеге қалам тартты. «Клуб па, құлып па?», «2+2=5» деген мақалалары сатираға бейімділігін анық байқатады. Қамыс буып Жаңақалада жүргенде «К-700» тракторынан құлап, қолын сындырып алғанда айтқан: «Жанғали келді Жаңғалаға, Жаңғала дегенде жан қала ма. «Жан қалмағанның белгісі» деп, Қолымды сындырдым маң далада» деген тәрізді шымшыма уытты шумақтарын ел әлі күнге дейін жатқа айтады. Бірақ, бәрібір Пегас жалынан ұстап, стихиям қасиетті поэзия деп ұқты. Онысы бақыты еді.

Оқырманға түсінікті болу үшін сәл тоқталып өтейін, бір өлеңін оқығанда көз алдымызға Төлеген Айбергенов келіп қалады. Бұл жалаң ұқсастық емес, жарыспалықтан туған. Әдебиеттегі мұндай құбылысты ғылыми жағынан терең талдаған Мұқтар Әуезов «нәзира дәстүрі» деп атапты. Абайдың: «Бойдағы мінді санасам, Тау тасынан аз емес, Жүрегімді қарасам, Инедейін таза емес, Ойып алып тастауға, Апандағы саз емес, Бәрі болды өзімнен, Тәңірім салған наз емес» деген жолдары Сұлтанмахмұт Торайғыровта: «Жақсылық көрсем өзімнен, Жамандық көрсем өзімнен. Өзгеден болды дегенді шығарамын сөзімнен, Өзімнен болды дегенді таса қылман көзімнен» болып құбылады. Ой біреу болғанымен, өрнек бөлек. Бұл әдеби үрдіс Ғұмар Қарашта кездеседі. Жәкеңді аты дүрілдеп тұрған Төлегенмен жыр бәйгесінде жарысып көрген деп есептеу керек.

Қарапайым тірлікте кеудесін ешкімге бастырмаған Жанғали өлең мәселесінде екінің бірін мойындай берген жоқ. Жасырақ кезімде Жанғали Нәбиуллинді көрдім, «Ә, өлеңдеріңмен таныспын, өзіңді көріп тұрғаным осы»,– деп қалтасынан қойын кітапшасын суырып алды, әртүрлі деңгейдегі басылымдар бетінде жарық көрген Жанғали есімді талапкерлерді тіркеп жазып жүреді екен, «Сатирада Жанғали Меймандосов бар, дегенмен аттас ақындардың ішіндегі менен кейінгі екінші деп жазып қояйын», – деп түртіп алды дегені бар. Өлеңімді «жөргегінен жоғары бағалады» сыңайында айтатыны байқалатын. Көңілі шалқыған сәтте: «Дәуке, мен екінші Мырзәлиевпін ғой, солай емес пе», – дейтін. Бірақ, түсіндім, поэзия көгінде өз жарық жұлдызым, өлеңнің сары даласында сайрап жатқан өз жолым болса екен деп армандады.

Ұстазымыз Ғайнижамал Көбеева Хаби Халиуллин туралы ұзақ толғауын арнаулы тапсырыспен жаздырып алып аудандық пионерлер слетінде пайдаланды. Бала күнімде сахнада орындаған «Күннен күнге өр тұлғаң бара жатыр биіктеп» дейтін жолдары әлі есімде. Кейін өзіне айтып бергенімде көзіне жас алды. Жақсы пікірге мұқтаж-ау деп ойладым сол кезде.

Аудан кітапханашыларымен жақсы қарым-қатынаста болды. Жәкеңнің шығармашылығы туралы баспасөзде сөз болып талқыланды деу артық. Кейін тоқсаныншы жылдары басталды. Ол туралы сөз бөлек.

Жасыратыны жоқ, Жәкең кітап шығару алынбас қамал, орындалмас арман болып қаларын сезді. Тіпті, талпынбады да. Бәрінен арашалап алған ар-ұятыңды, бар өміріңді түгел сарп етіп тұрып, соңғы нәтижесін көре алмау деген үлкен трагедия емес пе. Кеңестер Одағы дейтін алып машина Жәкеңдерге жаңқа деп қарады, кейінгі тоқсаныншы жылдардың топалаңы өмірде Жәкең бар екенін еске алуды ойлаған жоқ, мойын бұруға мұрша бермеді. Ал, ол қасқайып тұрып ағысқа қарсы жүзді. «Тынбай соққан ақ боранның ішінен, Ақ жапырақ қызғалдақ тұр гүл атып» деп лекітті. Өзі де заманның ұйтқи соққан үскірікті дауылының ішіндегі «Жыр қызғалдағы» емес пе еді. Қызғалдақ ғұмыр дейміз, ұзақ па, қырықтан енді асқан шағында бәрімізбен жырдағыдай: «Балталы, Бағаналы ел, аман бол, Бақалы, балдырғанды көл, аман бол, Кірім жуып, кіндігім кескен жерім, Ойнап-күліп, ержеткен жер, аман бол!» – деп бақұлдасып кете барды. Тек, жыры ғұмырлы болғай. Елдің амандығын берсін. Әр жердегі өлеңдерін жинақтап, кітабын шығару шаруасына айналайын Ахмедьяр Батырханов сегіз жылдан астам уақытын сарп етіп, 168 өлеңін тауып айналымға қосып отыр. Осы мақаланың жазылуына себепші де сол бауырым. Ұлықбек Есдәулетовке құлақ түріп көрелікші, арамызда жүрген атақты ақын Жүрсін Ерман туралы не дейді екен: «Бүкіл ғұмырында жазған өлеңдері әлдеқайда көп болар, бірақ бізге бар ұсынғаны жүз жиырмадай-ақ жыр. Үлкенімізге де, кішімізге де үйре­нерлік үрдіс! Михаил Светловтың: «Егер бір жинақ­тан тұщымды он бес өлең табыла­тын болса, оның мықты кітап болғаны», деген сөзі еріксіз еске түседі». Жүрсін қазақ поэзиясынан өз орнын ойып тұрып алған жоқ па. Мәселе аз-көпте емес. Оқырман енді көз жазбайды деп сенемін.

Дәулеткерей Құсайынов,

Астана қаласы