11 қар, 2025 сағат 17:36

Жылыту жүйесі, ауызсумен қамту, жол мәселесі: Абай облысының даму қарқыны қандай?

Фото: Ортком
11 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді, деп хабарлайды Ult.kz.

Абай облысындағы ең өзекті мәселелердің бірі – халықты жылумен қамтамасыз ету. Жылыту маусымына дайындық барысында арнайы талдау жасалып, облыс аумағында жылу желілерінде анықталған ақауларды жою жұмыстары жүргізілді деп отыр облыс басшысы.

Б. Уәлидің сөзінше Президент пен Үкіметтің қолдауының арқасында биыл бұл мақсатқа 11,8 млрд. теңге бөлінді. Аталған қаражатқа Семей қаласын жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 12 жылу көзі жаңғыртылып, 13,6 шақырым жылу желілері ауыстырылды.

"Өздеріңізге белгілі, Аягөз қаласында да жылу тапшылығы  проблема болды. «Орталық» қазандығында әрқайсының қуаты 10 Гкал/сағат болатын үш қазандық орнатылды. Сонымен қатар, 3,9 шақырым жылу желілері ауыстырылды. Курчатов қаласында, Жарма, Бородулиха, Жаңасемей аудандарында 9 жылу көзінде және 4 шақырым жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді" , – деді облыс әкімі.


Жалпы, жылыту маусымы облыста 29 қыркүйекте басталып, штаттық режимде өтіп жатыр. 

Сонымен қатар әкімнің сөзінше Семей қаласының оң жағалауында қазіргі таңда жылу энергиясының тапшылығы – 146,99 Гкал. Бұл мәселе ұзақ жылдар бойы қала тұрғындары үшін өзекті болып келеді. Президенттің Семейде жаңа жылу электр орталығын (ЖЭО) салу туралы тапсырмасы осы проблеманы түбегейлі шешуге бағытталған. Осы мақсатта Абай облысы әкімдігі, «Самұрық-Энерго» АҚ және жобалаушы ұйымдардың қатысуымен жедел жұмыс тобы құрылды. Құрылыс алаңы мен күл үйіндісін жинақтау орны анықталды. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары аяқталу сатысында.

Жаңа жылу электр орталығының қуаты – 1000 Гкал, ал электр қуаты – 360 МВт болады. Нысанның бірінші кезеңін пайдалануға беру 2029 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған. Бұл жоба іске асқанда Семейдің оң жағалауындағы жылу тапшылығы жойылып, экологиялық тұрғыдан тиімсіз және қуаттылығы төмен ескі қазандықтар жабылады.

Ауызсумен қамту мәселесі қалай жүруде?

"Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес Абай облысында 33 жоба жүзеге асырылуда. Биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен 16,7 млрд. теңге бөлініп отыр. Аталған жобалар іске асқанда 38 мың адам ауыз сумен қамтылады. Нәтижесінде облыстың сумен қамтылу деңгейін 100%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. 
Су желілерінің тозуын азайту мақсатында биыл 4 жоба аяқталып, тозу деңгейі 40%-ға дейін төмендетіледі. Келесі жылға 24 су желілерін қайта құру жобаларын іске асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, облыс орталығындағы Мұрат саяжайы мен Бобровка кенттерін электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде", - деп атап өтті әкім. 


Абай облысында көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде

Берік Уәлидің есебіне сүйенсек биыл республикалық маңызы бар «Қалбатау-Майқапшағай» автожолының 184 шақырымы аяқталды. Бұл бағыт өңірдің ішкі және сыртқы көлік байланысын жақсартып, облыстың көршілес Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарымен, сондай-ақ Қытай Халық Республикасымен шекаралық сауда-экономикалық қатынастарын нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Талдықорған - Қалбатау - Өскемен» автожолының құрылысы аяқталуға жақын.

Қазір негізгі бөлігіне асфальт төселіп, соңғы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек Қытай компаниясымен («China Railway Asia-Europe Construction Investment Co.LTD») Семей қаласын айналып өтетін автожол құрылысын жүзеге асыруға бағытталған келісімге қол қойылды. Жоба қазақ-қытай кәсіпорындарының бірлескен консорциумы негізінде 2028 жылға дейін жүзеге асырылады.

"Жергілікті жолдарды жөндеуге биыл 21,4 млрд. теңге қарастырылды, бұл қаражатқа 358,8 шақырым жол жөндеуден өтеді. Оның ішінде Семей қаласының 52 көшесінде орташа жөндеу, 40 аулада аумақтарды асфальттау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 35 аула абаттандырылды", - деді Б. Уәли. 


Семей қаласындағы Қарағайлы және Энергетик шағын аудандарын «Омбы – Майқапшағай» тас жолымен жалғайтын жаңа көше пайдалануға берілді. Жоба аясында жаяу жүргіншілер мен веложолдар салынды, шамдардың тіректері орнатылды.
Семей қаласында төрт жолақты жаңа көпір салу жобасы іске асуда. Жоба Мемлекет басшысының қолдауымен, Қытай Халық Республикасымен өзара іс-қимыл аясында қайтарымсыз қаржы (грант) есебінен аяқталады. Екі ел арасында техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған.

Биыл Семей қаласының символына айналған аспалы көпір мен автогуж көпірінің асфальт жабындысы толық ауыстырылды. Аспалы көпірге толық күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.