20 сәу, 2022 сағат 11:28

Жылқының қазақ жерінде қолға үйретілгенін дәлелдеген ғалым дүниеден озды


Ежелгі Қазақстан аумағында жылқының қолға алғаш рет үйретілгенін дәлелдеген ғалым Виктор Федорович Зайберт өмірден озды. Қаралы хабарды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі растады, деп жазады ҚазАқпарат.

Виктор Федорович Зайберт 1947 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданына қарасты Николаевка ауылында дүниеге келген. Солтүстік Қазақстан аумағындағы тас дәуірінің ескерткіштерін зерттеу саласындағы маман бірнеше ғылыми жаңалықтар мен Солтүстік Қазақстанның ежелгі тарихына арналған 100-ден астам кітап пен мақала жазған. 

Виктор Федорович – тарих ғылымдарының докторы, археология профессоры, Берлин қаласындағы Герман археологиялық институтының және ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК-нің ғалым хатшысы болды. 

Қоғамдағы өзара келісімді сақтау жөніндегі жемісті жұмысы, халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған. 

Ғалым өмірінің 40 жылдан астам уақытын Қазақстан және бүкіл Еуразия құрлығының ежелгі тарихын зерттеуге жұмсаған. Дүниежүзінде бірінші болып, Солтүстік және Орталық Қазақстан далаларында б.э.д. IV ғ. жылқы малының қолға үйретілгенін ғылыми түрде дәлелдеген.