“Қазақ малдың жайын жетiк бiледi”, “Мал бақса, қазақ бақсын!” деген қолпаш сөздердi жиi еститiнiмiз де рас. Бiрақ... Кеңес заманы кезiнде ерiк берiлмегенi де рас, ал ендi қазiр қанша қой, қанша жылқы, қанша сиыр өсiрсең де – өз еркiң емес пе?! Солай бола тұрса да, мыңғыртып мал айдап жүрген қазақты көрмедiм.
“Қарабайдың 90 мың жылқысы...” Бұрын мен мұны “Қозы көрпеш – Баян сұлуда”, яғни халық эпостарында көбейтiп, шамадан тыс өсiрiп айтатын “мыңдар” ғой деп ойлайтынмын. Ал ендi тарихи деректер не дейдi? Ежелгi түрiк байларында 85 мың жылқы, 60 мың жылқы, 55 мың жылқы болғанын тарихшылар растап отыр. Жарайды, әрiге бармай-ақ қояйық. 1917 жылғы Қазан төңкерiсiнiң қарсаңын ғана алайықшы. Атақты ғалым Қаныш Сәтбаевтың әкесi Имантайдың 24 мың жылқысы болған. 1910-1925 жылдары Арқада 45 мың, 30 мың, 28 мың, 15 мың, 10 мың жылқысы бар байлар өте көп болған. Оңтүстiк Қазақстан облысының Түлкiбас ауданында Иiрсу дейтiн жер бар. Осы Иiрсуда Әбдiраман деген бай болған. Жылқысы 17 мың екен. Әбдiраман байдың өзiн де, жылқысын да көрген қариялардың бiразымен әңгiмелестiм де. “Әбдiраман бай осы 17 мың жылқыны қай жерге жайды, қай жерге қыстатты? Қора-қопсы салды ма? Қанша жылқышысы болды? Жылқы жайылған жердiң аумағын көрсетiңiзшi...” деп, әрбiр қартты машинама салып алып, ертiп те жүрдiм. Сонда байқағаным, 17 мың жылқы бiр совхоздың жерiндей де емес, сол совоздың бiр бөлiмшесiнiң жерiндей ғана жерге, екi таудың арасында жайылып жүрген. Әбдiраман байдың екi-үш жылқышысы ғана болған. Ұры-қарыға алдырғанын, ит-құсқа жем болғанын есептемегенде, жылқы өлiм-жiтiмге ұшырамаған.
Көрдiңiз бе, 1927 жылы (1928 жылы Әбдiраман бай кәмпескеге iлiккен) бiр ғана адамның 17 мың жылқысы болған. Бүкiл Қазақстанды аралап, “жылқысы бар...” деген отбасылар мен шаруа қожалықтарын түгендеп шықтым десем де болады. Ең мықтағаны – 250 жылқы. Көбiсiнде 180 жылқы, 200 жылқы, 60 жыл, 40 жылқы, 20 жылқы, 15 жылқы, 10 жылқы бар.
Қазiр бiз неге жылқы өсiре алмай отырмыз? Бұл ретте Әбдiраман секiлдi байды көрген қариялар бiзге былай дейдi: “Жылқыны өсiретiн – тұқым. Жылқының тұқымын дұрыс таңдай бiлуiмiз керек. Жергiлiктi жер-суға, ауа райына әбден көндiккен, үйренген қазақы тұқымды көбейтуiмiз керек. Әбдiраман байдың үйiрге салған айғырлары қай күнi боран болатынын бiлетiн. Жылқыны жел тимейтiн терең сайға айдап кететiн. Үйiрге түсетiн айғырлары аса шақар, долы, адуынды болатын. Ұры-қарыға да алдырмайтын, қасқырға да бермейтiн. Жылқыны ұзатпай, алысқа жiбермей қайырып, үйiрiп жаятын. Қазiр сондай айғырлар бар ма? Жоқ, әрине. “Жылқы тұқымын асылдандырамыз” деп, Ресейден, Украинадан бой-басы серейген айғырларды алып келiп, жылқының тұқымын әбден аздырдық... Егер баяғы қазақы жылқылардың тұқымын көбейте алсақ (олар бар, жойылып кеткен жоқ!), жылқыны да көбейте аламыз”.
Қариялардың сөзiнде жан бар. Осы жөнiнде шындап ойлансақ қайтедi?
Әбiл ҚОНЫСБАЕВ,
этнограф,Тараз қаласы.
"Жас Алаш" газеті