Алматы облысында «2017 жылдың үздік мұғалімі» номинациясының жеңімпазына «ladaXRay» автокөлігінің кілті табысталды. Текелі қаласындағы №1 орта мектептің география пәнінің мұғалімі Бақытжан Молбаев мұғалімдер арасында үздік атанды. Ұстазды лайықты жеңісімен облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады. Бұл туралы бүгін Мұғалімдер күніне арналған салтанатты жиында белгілі болды.
Облыс әкімі өз құттықтау сөзінде мұғалім мамандығы әрқашан ерекше құрметке және жоғары мәртебеге ие екендігін, сонымен қатар облыстың білім саласы қызметкерлерінің еселі еңбегін атап өтті.
- Құрметті білім саласының қызметкерлері! Қымбатты ұстаздар! Сіздерді Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің дәстүрлі педагогикасы мен инновацияны үйлестіре отырып, көптеген сапалы нәтижелерге қол жеткізіп келесіздер. Қазіргі шақта да алдарыңызда көптеген маңызды міндеттер бар. Олардың көш басында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мен «Тәрбие және білім» бағдарламасы аясында ауқымды жобаларды орындау міндеттері тұрғанын атап өту қажет. Білімділік пен белсенділіктеріңіздің арқасында осы бағытта әлі талай белестерді бағындырып, алдыңғы қатардан көрінетіндеріңізге сенемін. Сіздерді тағы да осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін! «Ұрпақтарымыздың келешегі, еліміздің ертеңі – ұстаздардың қолында, оның алтын жүрегінде», - деген қанатты сөзді әрбір мұғалім, әрбір азамат есте ұстауы тиіс, - деді А.Баталов.
Салтанатты шара білім мен тәрбие беруде айрықша табыстарға қол жеткізген мұғалімдерді марапаттау рәсімімен жалғасып, марапаттарды облыс әкімі Амандық Баталов тапсырды.
Талғар ауданының №6 орта мектебінің музыка пәні мұғалімі Қуандық Имашев «Қазақстан Республикасы білім саласының үздік қызметкері» төсбелгісінің иегері атанды. Тағы 4 үздік ұстаз Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгілерімен марапатталды.
Шара барысында білім саласындағы облыстық конкурс қорытындыланды. «2017 жылдың ең үздік мұғалімі» атты негізгі номинация бойынша Текелі қаласы №1 орта мектебі география пәнінің мұғалімі Бақытжан Молбаев жеңімпаз атанып, жаңа «ladaXRay» автокөлігінің кілтіне ие болды.
«Үздік балабақша» атағы Қапшағай қаласының «Балдәурен» мектепке дейінгі білім беру мекемесіне беріліп, 300 мың теңгенің сертификаты табысталды. Сондай-ақ сертификат және «Үздік кәсіптік білім беру мекемесі» атағын Алматы облыстық қызмет көрсету және тамақтану саласындағы инновациялық технологиялар колледжі иеленді.
«Үздік сынып жетекшісі» атанған Балқаш ауданы Ақдала орта мектебінің мұғалімі Жазылбекова Ғалияға 150 мың теңгенің сертификаты табысталды.
«Үздік ауылдық мектеп» Кербұлақ ауданындағы Қарашоқы орта мектебі деп танылып, 250 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Іле ауданындағы №26 орта мектеп «Үздік орта білім мекемесі» атанып, 19,6 млрд. теңгенің грантын иеленді.
Сонымен қатар бірқатар мұғалімдер мен білім саласының ардагерлері облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Марапатталған ұстаздар атынан «2017 жылдың ең үздік мұғалімі» номинациясының жүлдегері Бақытжан Молбаев сөз алды.
- Барша әріптестерімді құттықтаймын! Сіздердің аттарыңыздан және өз атымнан облыс басшылығына осындай кездесу ұйымдастырғанына алғыс білдіремін. Өз тарапымыздан біз ел игілігіне адал қызмет етеміз, жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеп, отанымыздың лайықты азаматтары болуына бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Елбасы саясатының арқасында бізге барлық жағдайлар жасалған, ең бастысы - өзіміз мамандығымызға адал, жұмысымызды жақсы көретін, заман талабына сай мұғалім болсақ, кәсібиліктің кілті сол, - деді ұстаз.
Салтанатты шара мерекелік концертпен аяқталды.
Айта кетейік, Алматы облысында 33 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. Олардың еңбегінің арқасында, соңғы оқу жылында 242 оқушы әртүрлі интеллектуалдық жарыстарға қатысып, олардың 95-і жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ, өткен оқу жылында 1351 жас мұғалім жұмысқа орналасса, биылғы жылы 1400-ден астамы жұмыспен қамтылған.