10 шіл, 2020 сағат 09:12

Жыл басынан бері ұлттық экономика күрделі жағдайда дамып келеді - Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында қандай мәселелер қаралатынын айтты, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

«Бүгін біз коронавирус індетіне қарсы қабылданып жатқан шараларға қатысты мәселелерді қараймыз. Сонымен қатар, биылғы бірінші жартыжылдықтағы Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылаймыз. Жыл басынан бері ұлттық экономика күрделі жағдайда дамып келеді. Ел экономикасы жалпы 1,8 пайызға төмендеді. Пандемияға байланысты қызмет көрсету саласы айтарлықтай құлдырады (5,6 пайыз). Халықты және бизнесті қолдау үшін аса маңызды шаралар қабылдадық. Менің тапсырмам бойынша Экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөнінде кешенді жоспар қабылданды. Бүгін Үкімет пен әкімдердің экономикалық өсімді қалпына келтіру және халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету жөнінде қабылдаған шараларын талқылаймыз», - деді Қ.Тоқаев кіріспе сөзінде.

Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысын келесі тәртіппен өткізуді ұсынды:

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен жыл соңына дейін орындайтын міндеттер жөнінде Премьер-Министр Асқар Мамин баяндама жасайды.

Ақша-несие саясатына қатысты шаралар туралы Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев баяндайды.

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндайды.

«Сосын бірқатар облыстың басшыларына сөз беремін. Қажет болса, басқаларға да сөз беріледі. Қысқа әрі нұсқа, негізгі мәселелерге тоқталыңыздар», - деді Мемлекет басшысы.