08 шіл, 2025 сағат 11:06

Журналистика ардагері Кәкен Қамзин жалғыз баспанасын алаяқтарға беріп қойған

Фото: ашық дереккөз

Белгілі журналист, профессор, «журналистиканың ұстазы» атанған Кәкен Қамзин алаяқтардың арбауына түсіп, жалғыз баспанасынан айырылып қалудың аз-ақ алдында тұр. Бұл туралы шәкірті әрі әріптесі Айбар Олжаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ult.kz.

Жазба авторының айтуынша, ардагер журналистің сенгіштігін пайдаланған алаяқтар кинодағыдай сценариймен әрекет еткен. Алдымен өздерін «Энергосбыт» компаниясының қызметкерлеріміз деп таныстырып, пәтер иесінің жеке деректерін — мекенжайы, ЖСН, тіркелген тұрғындар саны туралы ақпаратты біліп алған. Артынша өздерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлеріміз деп көрсетіп, үйін біреулер тартып алмақшы екенін айтып, мүлікті тез сатуға көндірген. Журналистке ақшаны Ұлттық банктің арнайы шотына салу керек деген сылтаумен қолма-қол ақшаны курьер арқылы алдыртқан.

Осылайша, Кәкен Қамзин үйін нотариус арқылы сатып, алаяқтардың қолына түскен ақша енді қайтарылмайтын жағдайда қалып отыр. Қазіргі таңда Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасы бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Алаяқтық бабы бойынша тергеу жүріп жатыр.