Фото: Eгемен Қазақстан
БАҚ өкілдерін іс-шараларға тіркеу қағидаларына өзгерістер енгізілмек. Қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Журналистерді аккредиттеудің жаңа қағидалары «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді.
«Аккредиттеуші ұйым қызметінің ерекшелігін ескере отырып, журналистерді аккредиттеуді жүргізуге өтініштерді қабылдау және қарау тәртібін, оның ішінде мерзімін де белгілейді», - делінген қаулының түсіндірме жазбасында.
Аккредиттелген БАҚ өкілдері келесі шарттарды сақтауы тиіс:
– аккредиттелген мемлекеттік органдар мен ұйымдардан алынған ақпаратты оның атынан аккредиттеуге тиісті өтініш келіп түскен бұқаралық ақпарат құралдарында ғана жинау және тарату;
– аккредиттеуші ұйым жүргізетін іс-шаралар регламентінің сақталуы;
– аса маңызды мемлекеттік объектілер мен стратегиялық объектілердің өткізу және ішкі режимін сақтау.
Қандай жағдайда аккредиттеуден бас тартуы мүмкін:
– бұқаралық ақпарат құралының өнімін таратуды не бұқаралық ақпарат құралын шығаруды тоқтата тұру не тоқтату туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болуы;
– аккредиттеу тәртібінде көрсетілген құжаттарды ұсынбау;
– есепке қойылған бұқаралық ақпарат құралдарының тізімінде болмауы.
«Журналистерді аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі бірыңғай медиа платформа арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, медиа платформада қазақ және орыс тілдерінде аккредиттеуді жүргізуге өтініштерді қабылдауды бастау туралы хабарландыру орналастырылады. Журналистерге «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабының 1-тармағына сәйкес масс-медиа саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен аккредиттеу карталары беріледі», - деген түсініктеме берілген жобада.
Қаулы жобасы 1 тамызға дейін қоғам талқысына ұсынылып отыр.