17 қаз, 2017 сағат 18:15

Журналистер Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени орындарды аралады

ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің бастамасымен Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени және рухани орындарға арнайы пресс-тур ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Танымдық шараға «Əзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов, «Археология және тарихи ескерткіштерді қорғау» бөлімінің меңгерушісі Марат Тұяқбаев, музейдің бас редакторы Әбдікерім Манапов, музей қызметкерлері және облыстық, республикалық бұқаралық  ақпарат құралдары қатысты.  

Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы және «Қазақстанның киелі жерлер географиясы»  жобасын жүзеге асыру аясында рухани мекенде өткен басқосудың мақсаты- кесенелер тарихымен таныстыру және насихаттау, сондай-ақ мол тарих пен құнды деректерге бай мекеннің қадір-қасиетін барынша ашып көрсету болды. Пресс турды ұйымдастырушылар  елімізбен қатар шетелдік туристердің осы киелі жерлерге қызығушылығын арттырып, құрылыс жəне абаттандыру жұмыстарымен таныстыруды көздеді.  Аталған шара аясында қатысушылар  «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық музейіне қарасты  Əлқожа ата, Гауһар ана кесенелері мен ортағасырлық Сауран қаласына арнайы барды. Тарихы жəне қорғау, қалпына келтіру жұмыстарымен танысып, Үкаша ата кесенесі жəне құдығы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жайында да мол мәліметтер алды.   

Тарихшы-ғалымдар мен музей қызметкерлері Түркістан өңірінің бірегей тарихи-мәдени мұра нысандарының бірқатарымен таныстырып,  ескерткіштердің өзіне тән ерекшеліктерін де баяндады. Сонымен қатар, атаулы ескерткіштерге кешенді түрде зерттеу жұмыстарының жүргізілу қажеттігі мен туристік нысанға айналдырудың маңыздылығы да сөз болып, бірқатар ұсыныстар айтылды.  

«Тарихи құндылықтарымызды байытудағы басты мақсатымыз - тарихи киелі жерлерімізді сақтап қалу, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, туризмді дамыту арқылы барлық елдерге паш ету болып табылады», - деді қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.