13 нау, 2025 сағат 16:54

"Жүргізушілерді дайындау деңгейі төмен": Сенатор жол-көлік оқиғалары екі есе көбейгеніне алаңдаулы

Фото: Pexels.com

Өткен жылы жол-көлік оқиғалары алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көбейіп кеткен. Сонымен қатар, жарақат алған балалар саны 4 мыңнан 10 мыңға дейін өсті. Сенатор Марат Қожаев өз депутаттық сауалында осындай алаңдатарлық деректерді жария етті, деп хабарлайды Ult.kz.

Сенатордың айтуынша, жол апаттарының жиілеуінің негізгі себептерінің бірі – жүргізушілерді дайындау деңгейінің төмендігі. Бас прокуратураның мәліметінше, жол-көлік оқиғаларының 96%-ы жол қозғалысы ережелерін бұзудан туындайды. Көптеген жүргізушілер мектебінің түлектері сапалы білім алмайды, ал кейбір жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен иемденеді. Такси қызметінде елеулі кемшіліктер байқалып отыр. Такси жүргізушілері демалыссыз жұмыс істейді және міндетті медициналық тексеруден өтпейді, бұл ауыр зардаптарға әкеледі.

«Жүргізушілерді даярлау және аттестаттау жүйесін жетілдіру шараларын қабылдау қажет. Бұл үшін жүргізушілерді оқытатын ұйымдарға мемлекеттік бақылау енгізу, емтихан тапсыру және жүргізуші куәлігін алу тәртібін қайта қарау керек. Сонымен қатар, айналма жолдардың құрылысын жеделдету, елді мекендерде жарықтандыру мен жаяу жүргіншілер өткелдерін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларын есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесін әзірлеу және заманауи жол стандарттарын енгізу маңызды. Жол ережесін бұзушыларға бақылауды күшейту мақсатында жасырын патрульдеу әдісін кеңінен қолдану, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу және жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерді қайта емтихан тапсыруға міндеттеу ұсынылады», – деп атап өтті сенатор Марат Қожаев.