Жанғали Мырзалиев хақында бірер сөз
«Ой – хой , шіркін, неткен нұрлы ең тіршілік,
Көз ашқалы көргеніміз жоқ күрсініп.
Жұмыр жерге симай кейде жүреміз,
Жүректерде жанартаулар сілкініп...»
(«Тіршілік», Жанғали Мырзалиев)
Ия, ақын-ғұмыр осылайша тіршілік тамырын ұстаған адами болмыстың әр жүректегі бұлқынысын береді.
Өмір – кешушілер мен сүрушілердің жұмбақ әлемі. Өмір кешу мен сүрудің арасында байқалмайтын ұсақ, өмір құрайтын бөлшектер бар. Өмір кешу – әрекетсіз ағымдағы пендешілік тірліктің жалпылық болмысы. Өмір – сүру мағыналы өмір құраушылардың жекелік болмысы.
Өмір – сезінгендерге әркім үшін тіршілік орбитасы болғанменен, кедергілер шабуылы! Екінші жағынан сол кедергілер шабуылына құрылған саналылар бекінісі! Яғни, өмір – майдан! Кедергілер бекінісін құраушылар да – өзіміз. Оны басты кейіпкерлері – даңққұмарлар, мансапқұмарлар, өзімшілдер, көре алмаушылар, күншілдер, өзін өзгеден биік санаушы-таяздар, жағымпаздар, жалтаңдар, қиянатшылдар, аярлар, атаққа мастанушылар, сана мен жігер әлсіздігін пайдаланушылар секілді тізбелер. Бұл кедергілер жойылмай өмірді шынайы сүру мүмкіндігі алыстай түседі де, арпалыспен кеше шығасың!
Адамды үш нәрсе өмір сүруге құлшындырады: Арман, Сенім, Үміт! Арман орындалады мағыналы мақсатың болса, Сенім орындалады сенімге серік болсаң, Үміт – санаңды алға апарушы, өмірге құлшындырушы тірлік жетегі!
Өмір жалтаңды сүріндіреді, жігерсізді құлатады, қанағатсызды жылатады, әлсізді сындырады! Өмір тіке қарағанды ұнатады! Сынағынан сырғымасаң, сыралғы тірлігін бұйыртады!
Менің қалам тартудағы негізгі мақсатым – ақын тағдырын талқыға салу немесе өмір сүрген орбитасын таразылау емес, жүрегінде жанартауы сілкінген тума таланттың ағынын ақтарыла халқына ұсынған жыр-жазбаларының сырлы дүниесін оқырманына табыстау.
Көсемсөздің көркі жазудың көптігінде емес, түйір сөз болса да құнарында. Алып мұхит шөл қандырмайды, кішкентай қайнар бойыңа қуат!
Жанғали поэзиясы – оқырманын ой орманына жетелейтін самал секілді көңілге қонымды, бірден санаға сая беретін өз өміріңнің бөлшегіндей болып кететін мазмұнды поэзия!
Ақын табиғатын танығың келе ме? Оны өзінен ізде! Ақын бүкпесіз өз табиғатын өлеңмен жария етеді:
Көңілдің бұлты тосыннан,
Торлайды мені кей кезде.
Тап бола кетсең мұндайда,
Достарым таңба мені езге.
Ерлік қылған ісім жоқ,
Ез болып та көрмедім.
Көңіл бұлты бір-ақ күн,
Көп шалыман күндерім.
Сондықтан маған құр босқа,
Келмеңдер аяп, мүсіркеп.
Өмірді мына тым қысқа,
Өткізсем деймін күреспен.
Менің бар шуақ көктемім,
Бар менде – долы боран да.
Өзім-ақ күйіп, тоңайын,
Рұқсат бергін жараңдар! («Менің табиғатым») – деген ақын өлеңінен тырнауық тағдырға жонын тосқан қайсар мінезді көреміз. Өз бойыңнан позитивтік құлшыныс табуға мәжбүрленесің!
Біз өмір жайлы ойымызды осы жазбамыздың кіріспесі ретінде айтқан болатынбыз. Бұл ой Жанғали өлеңдерінде көркемдік нақыштармен, көркемдік суреттеулермен салыстырмалы түрде берілген. Мәселен, «Өмір» атты өлеңінде «жасыл көйлек киген атырып», «қазық аяқ қарағай», «бақытты өмір» тіркестері сөздің жәй ғана тіркесуі емес, «ақша бұлттар астында» өтіп жатқан адам тағдырының тамырлы бейнесі.
Қараңыз:
Жапырақтар, жап-жасыл жапырақтар,
Жасыл көйлек кигізген атырапқа.
Қазық аяқ қарағай жаңа ғана,
Жылғалардан жарысқан жатыр аттап.
Қаздар келеді сұңқылдап төңірекке,
Мамық самал маңдайға жеңіл өпкен.
Ақша бұлттар астында өтіп жатқан,
Айналайын бақытты ең, Өмір, неткен!
«Мен бұл өмірде маңдайыма не жазғанын ешқашан білген емеспін, бір Ұлы іске жаратылғанымды әрқашан білдім», – деген ой айтыпты Джон Дэвисон Рокфеллер. Жанғали да сіңір тағдырдың тарамысын тарамдау үшін емес, Ұлы іске жаратылғанын білген журналист-ақын. Ақынның өмір жайлы көзқарасы, түйіні «Өмірдің кейбір сәттері» өлеңінен айқын көрінеді. Өмірдің құбылмалы заңдылығын сол қалпында суретейді:
Бұл өмірде қарап тұрсаң – көп қызық,
Көп қызықпен жүрміз күнді өткізіп.
Көз жасыңды алар бірде төккізіп,
Бақытыңды қояр кейде тепкізіп.
Жалған тірлікті жалпағынан бассаң да, жалғанынан бассаң да ағымды күннің бұйырмысы қалыпты. Бірде түксиіп, бірде жадырап, бірде қаңырап адам тағдырын қарғылайды. Бұл заңдылықтан ешкім де қалыс қала алмайды. Бұл табиғи заңдылық қана. Ал, адамдар ше? Адамдардың құбылуы – қасірет! Ақын оптимизмі бұған да жырынан жауап табады:
Енді өкініп керегі жоқ қан бұзып,
Өмір алда, таусылмаған бар қызық.
Сайқымазақ, сыр айналғыш достардан
Артығырақ көрінеді жалғыздық!
Өз ойымнан өзім кейде түңілем,
Ар сотының алдына кеп жүгінем.
Көп жыл бойы жоғалтқан бір нәрсемді
Ақ қағаздан табатындай үңілем...
– деген түйінді сөз айтады ақын тілі.
Ги де Мопассын: «Жазушының бір ғана қабілеті бар. Ол өмірдегі шындықты көзімен көріп, оны нағыз шебердей суреттейді. Қалғандары екіжүзді адамның тірлігі ғана», – дейді. Рас!
Жанғали поэзиясы – нақты образдың, шашау шықпас ойдың поэзиясы. Ақын «Уәде» атты өлеңінде:
Болса да ақындықтың азабы көп,
Жүргем жоқ табиғаттың мазағы деп.
Шабыт ап мынау өмір дүбірінен,
От жырды өрекпіте жазамын кеп.
Төгілмеу қиын екен тасып тұрып,
Барады уақыт деген асықтырып.
Ойымды жүрегіммен айтам енді,
Аузымды алақанмен басып тұрып.
Осы бір өлеңде Жанғалидың бүкіл ақындық болмысы анық көрінеді. Ең алдымен бұдан біз ақындық тағдырдың ғажап та қиын тіршілігін, оны мойнына алған талантын азапты жолын көріп-танимыз.
«Лириканы түсіну-пайымдауындағы үлкен және жиі кездесетін қателік-ақын өз атынан айтқанының бәрін тек өзі туралы, өз басы жайында айтып отыр деп қарау, ол болғанды ғана емес, болатынды да, өзіне ғана емес, өзгеге де тән көңіл-күйін сезіне айта алатынын ескермеушілік», – дейді көрнекті ғалым З.Ахметов.
Жанғали – жасқаншақ ақын емес. Ақынның өзегін жарып шыққан «Алға ұмтылам» деген өлеңіндегі өміршеңдік автордың поэзия планетасындағы платформасын паш еткендей:
Алға ұмтылам өмірдің асқарына,
Бір тыншу жоқ әйтеуір жанымда.
Қызғалдағы қырмызы, қызығым мол,
Дақ түспесе болғаны аспаныма.
Аса берем асулар, белеңдерден,
(Өмір өзі тумаған өлеңдер ме ей)
Бақытымды қолымнан жасап жүрмін,
Сарғаймай-ақ бір күні келер деумен.
«Өмірді жақсы көру керек, ең ұсқынсыз формада болса да» Жак-Ив Кусто. Лириканың күші – әсерлілігінде, әсерлілік әр нәрсені әншейін ауызекі әңгіме қылғандай сылдыратып айтып беруде емес, айтайын дегенін оқиғалы түрге айналдыруда, суреттеп жеткізуінде, демек, лириканың күші баяндауда емес, суреттеуде жатады. «Портрет» атты өлеңінің фабуласы – өте қарапайым, ой тастау мағынасындағы берілген қоғамның көлеңкелі тұсындағы солғын бейне.
Мысалы:
Жүзі сынық. Киімі де жұпыны,
Бәлкім оның табылмай жүр күтімі.
Туған күні саулық тілеп кімі оның
Шарап толы көтереді құтыны?
Пәс жанарын тастайды ол көшеге ,
(Байлаулы бақ тасталмаған кесеге),
Бәлкім оның баспанасы жоқ шығар
Нәр сызбаған шығар бәлкім кешеден.
Оны ешкімнің қызықтырмас атағы,
Қайырымды жан жоғы ғана батады.
Қалтасына жасырынып қолдары
Көк түтінге көміледі сақалы..
Жанғали поэзиясының детальдары оқырман көз алдына тамаша суреттер әкеледі. Әсіресе, табиғатты суреттегенде деталь ақынның басты құралына айналып кететінін байқаймыз. Жанды құбылыс, тартымды бейне, сомсуреттер, тіпті шебер суретшінің қолынан шыққан әдемі натюрморт көргендей де боласыз.
Ақын – адам портретінің де, пейзаждың да шебері. Аз сөзбен жеке деталь штрихпен күрделі де қызық суреттер салады. Ақынның «Жұлдыз» өлеңінен осы айтылғандарға дәлел таба аласыз:
Түн самалы бейне әжемдей сыйпап қара шашымды,
Шілделіктер шаттық күйін шертеді әне қасымда.
Көз жіберіп ту алысқа көк шалғында жатырмын,
Жымыңдаған сансыз жұлдыз түпсіз ойға батырды.
Арулардай алдап олар тұр алыстан қол бұлғап,
Құр дәрменсіз, сезім буып, әжуә болған мен бейбақ.
Өлең жолдарынан аңғарғанымыз, автордың әйтеуір бейнелі өлең сөз демей, тақырып табиғатына, өлең материалының сипатына орай кестелер іздейді.
Поэзия мәдениетін көтеруге үлес қосқан ақынның жыр-қазынасынан жекелеген үзінділер келтірелік.
Даланы бүркеп боз қырау,
Шымшиды аяз бетіңді.
Таялған қыстың – күз мынау
Шабарманы секілді.
Шұбатылған шудадай,
Мұржалардың түтіні.
Жұрт соғымын сойып ап,
Жүр «қонағын» күтініп.
Ақын қаламы өрнектеген «Түн самалы әжемдей сыйпап», «Шілделіктер шаттық күйін шертеді», «Арулардай қол бұлғап», «Таялған қыстың – күз мынау шабарманы секілді», «Шұбатылған шудадай, Мұржалардың түтіні» барлығы да өлең өңіріне кестелеген бедерлі кестедей теңеулер. Бұл құбылыс «Ауыл кеші» өлеңінде жалғасын табады.
Тармақтап таратып көрелік:
...Егінжайдың көлеңкесі ұзарып,
Қара жолдың иығына сүйенді,
....Әлденеге қымсынғандай қызарып.
Әне, асығыс көкжиекке күн енді,
...Әр жүрекке күйін құйған сұңқылдап,
Осы кешкі тіршілік – ай үйдегі...
Нақтылық, суреткерлік пен бейнелік – шынайы таланттан туындаудың нышаны. Содан болса керек ақын сөзді үнемді пайдаланады, көбінесе құбылысты суреткерлікпен, көркемдік тіркестермен, айшықты бедерлермен көрсетуге тырысады.
Ақындар көркем ауыстырулар арқылы болмыстың, дүниенің келбетін шынайы қалпында индивидуалдық-авторлық тұрғыдан суреттейтін болмаса, онда ол өзінің өрнектілік-көркемдік міндетін шебер және суреткерше қабылдай білгені. Ауыстыру тәсілінің бойында сан алуан қасиеттер бар. Олар: өрнектілік, экспрессивтік, түсіндірмелік, болжағыштық, танымдық, репрезентативтік.
Өлеңдегі оқыс, айшық, оқшау контраст орамдар құрайды:
Ей, менің сыбызғы саз Тіршілігім,
Күнім бол да көгімнен күлші бүгін.
Сәуірлерде мен сенің қаз даусыңмын,
Көктемдерде мен сенің бүршігіңмін.
Айна бұлақ арманмын сыңқылдаған,
Назды ойлармен тыңы әлі жыртылмаған.
Көкірегімнен бір күйді күмбірлетсем,
Ғасыр құрып малдасын сыр тыңдаған.
Шұғыламын қаралық қашықтаған,
Ақ қайыңдай арулар ғашық маған.
Көтерем деп жердегі жапырақтағы,
Күй тіліңді байқамай басып қалам! («Ей, тіршілік!»)
Оқыған көзге қарапайымдау болғанымен, осы теңеулердің әсерлілігі күшті екенін аңғару қиын емес. Адам сезіміне терең бойлап әсерлі қиялға бөлейді, ойландырады. Ақын ойының көрінісі айқындалды.
Өмірдегі әрқилы затты, құбылысты тек бір-бірімен салыстыру арқылы оның қыры мен сырын танып білуге болатыны әмбеге аян. Сондықтан болар осы танып білудің де өзінше құпия сыры,тәсілі әрбір суреткердің өмірге, дүниеге, жасап отырған қоғамына,мемлекеттік саясатына,өзінің жан-жақты біліміне, сөздік қорына, тіл байлығына философиялық терең ойды ақындық шеберлікпен тұжырымдау қабілетіне, анығырақ айтсақ, азаматтық өрісіне байланысты-үлкен мәселе. Мұны жақсы түсініп, терең сезінген Жанғали Мырзалиев жоғарыда келтірілген мысалдардағы таңдап алынған өткір де нақты, дәлдікпен берілген теңеулері арқылы бізге паш етеді.
Ақын поэзиясының шығармашылық шырайының көркемдік күш-қуаты табиғи таланттан туындайды. Ақындық парасат пен парыздың жүгін тең арқалаған суреткер поэзиясының қадыр-қасиетімен құнды. Суреткер өлең технолгиясының әдіс-тәсілдерін өміршеңдік жете меңгеру арқылы тума талантының көзін ашады, өлең-жырларына бедер береді.
Гегель: «Ақындық творчество табиғатты тура көшіру емес. Поэзия, терең мағынасында, шынайы, киелі, асыл өнер. Ақын барша құбылыстар мен заттардың негізін ұғып, түсінетін асқақ рухтың иесі. Ақын табиғаттың әдемілігі мен әсемдігін тұтастыққа негіздейді де, қайдағы бір құдіреттің ерекше белгісі ретінде қабылдайды», – деген болатын.
Қорыта айтқанда, Ж. Мырзалиев поэзиясы өз бедеріне лайықты орнын алар, ұлттық рухани байлықтың бірегеуі деуге толық дәлел бар.
Ж.Мырзалиевтің шығармашылық өнеріне зер сала қарағанымызда шеберлік баспалдағының барлық сатысында да жемісті еңбек етіп, тер төккенінінің куәсі боламыз.
ТАЛАП ТАЙМАСҰЛЫ,
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің аға оқытушысы. Ақын, «Жиембет жырау» атындағы сыйлықтың иегері.