Таразда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына арналған бірінші республикалық ғылыми-тәжірибиелік конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Республикалық мал өсірушілер слеті-2021» шарасы аясында өткен конференцияға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев және Премьер-Министр кеңсесі, Шымкент қаласының, Алматы, Қызылорда, Түркістан облысы әкімінің орынбасарлары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен Тараз өңірлік университетінің профессор - оқытушы құрамы қатысты.
Шараның ашылуында облыс әкімі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған хатын қатысушыларға таныстырды.
Мемлекет басшысының хатында Жазылбек Қуанышбаев – еліміздің мал шаруашылығын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан даңқты шопан екендігі, көп жылғы ерен еңбегінің арқасында аса танымал тұлғаға айналғаны айтылған.
Сонымен қатар, Таразда тұлғаға лайықты құрмет көрсетіліп, барынша дәріптеліп жатқанын құптарлық қадам деп бағалап, мұндай шаралар әсіресе, жас буынды атакәсіпке адал болуға үндеп, өнімді еңбек етуге жігерлендіретінін атап өткен Мемлекет басшысы конференция жұмысына сәттілік тілеген.
Бердібек Сапарбаев жиынның маңызына тоқталып, Елбасы мен Мемлекет басшысының қолдауының арқасында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бірқатар ірі мақсатты бағдарламалар жүзеге асырылып, оң нәтиже беріп жатқанын айтты.
«Еңбек – ер атандырады» деген нақыл сөз дәл «Дала академигі», «Малшылардың маршалы» атианған, бүкіл ғұмырын ақтылы қой өсіруге арнаған, өңірдің гүлденіп, көркеюіне үлкен үлес қосқан Жазылбек Қуанышбаевқа арнап айтылғандай. Ол жарты ғасырдай адал еңбегімен шалғайда жатқан ауданның атын аспандатып, мерейін көтерді. Қырқыншы жылдардың басында қаракөл қойын өсіру қолға алынғанда, Жазылбек Қуанышбаев онымен алғаш айналысқандардың бірі еді. Аға шопанның, әсіресе, соғыс кезіндегі еңбегі елге ерекше үлгі болды», - деген аймақ басшысы данқты шопанның игі ісін бүгінгі жерлестері де жалғастырып жатқанын жеткізді.
Қазіргі таңда облыста қаракөл қой шаруашылығын дамыту мақсатында 3 қаракөл қой шаруашылығына бейімделген қожалық ұйымдастырылды.
Осы саладағы жетекші ғалымдармен бірге қойды қолдан ұрықтандыру технологиясы пайдаланылуда.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде қаланған жақсы негіз және көпжылдық тәжірибенің арқасында короновирус пандемиясына байланысты дағдарысқа қарамастан салада тұрақты жағдай сақталып отырғандығын тілге тиек етті.
«Қазақстан фермерлер одағы» қауымдастығының президенті Жигули Дайрабаев, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Әбдірахман Омбаев, Атырау облысының кәсіпкері Назерке Кусесова да сөз алып, орамды ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
«Қазіргі заманда көпшілік қой бағудың қиындағанын, тіпті, тиімсіз болып қалғанын алға тартады. Жүн де, тері де сұраусыз қалған соң, бабаларымыз айтқандай, қой бағудың пайдасы «көл-көсір» болмай жатыр. Бірақ, Қазақстанның жері кең байтақ. Өнімнің өзіндік құны төмен болуы үшін жайылым жерлерді барынша тиімді пайдалануымыз қажет. Заман өзгергенімен, қойдың физалогиясы сол қалпында қалды», - деген Жигули Дайрабаев бұл салада жаңа технологияларды игеріп, бұрынғы қой бағу дәстүрлерімізбен үйлестіріп, әлеуетті барынша арттыру керектігін айтты.
«Жазылбек Қуанышбаев Қазақстандағы қой шаруашылығын дамытуда көп еңбек сіңірген тұлға. Ол елімізде алғаш рет өзінің шаруашылығында қолдан ұрықтандыру әдісін енгізген. Ата кәсіпті дамытуға айрықша үлес қосқан абыз ақсақал бұл іске жастарды баулу, тәрбиелеу жолында көп еңбек ете білді. Бұл конференция Жаз-атаның тәжірибесін насихаттап, таратуда, сол арқылы қой шаруашылығын дамытуға ықпал етуде маңызы зор болады деп ойлаймын»,-деп атап өтті ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Әбдірахман Омбаев.
Қонақтар өңірдегі оң өзгерістерді, шараның ұйымдастырылуын жоғары бағалап, облыс басшылығына алғыс білдірді.
Конференция барысында «Жалпақ жұрттың Жаз атасы» кітабының тұсауы кесілді.