13 сәу, 2020 сағат 10:10

Жұмыс істейтін зейнеткерлерге 42500 теңгеден беріле ме - министр жауабы

Зейнеткерлер мен әлеуметтік жәрдемақы алатындар 42 500 теңге әлеуметтік төлем ала ма? Бұл сауалға бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн-брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сіздерге мемлекет тарапынан, бюджеттің есебінен ай сайын зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы төленіп тұрады. Олар төтенше жағдайға байланысты тоқтаған жоқ. Қайта олардың мөлшері артып жатыр, индексация жасалды. Оны мамыр айында сәуірде қосылғанымен бірге аласыздар. Сондықтан сіздерден кешірім сұраймыз, бұл төлем (42500 теңге - автор) сіздерге берілмейді», - деді министр. 

Дегенмен, оның айтуынша, зейнеткер немесе мемлекеттік жәрдемақы алып жүрген көпбалалы аналар, мүгедек жандар төтенше жағдайға дейін ресми түрде жұмыс істеген болса, онда бұл ескеріледі. 

«Иә, сіздер зейнетақы мен жәрдемақының мөлшері көп болмағандықтан қосымша табыс табамыз деп жұмыс істегенсіздер. Сіздерге - болады. Сіздер өтініштеріңізді бересіздер. Қосымша ештеңе төлемеңіздер. Төтенше жағдайға дейін төлеген болсаңыздар, біз оны көреміз. Жасыңызға қарамай, жәрдемақы алғаныңызға және басқаларына қарамай әлеуметтік төлем береміз», - деді Біржан Нұрымбетов.