Қазақстан Жазушылар одағында Атырау облысы әкімдігімен Жазушылар одағының бірлесіп тағайындаған Жұмекен Нәжімеденов атындағы поэзия және Ғабдол Сланов атындағы проза сыйлықтары бір топ қаламгерге табысталды.
Қазақстан Жазушылар одағының ұсынысымен Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан бұл игі шараға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен Атырау облысынан арнайы келген делегация және Айкен Жұмекенқызы бастаған Ж. Нәжімеденовтің ұрпақтары қатысты.
Төраға Ұлықбек Оразбайұлының алғы сөзінен кейін бір топ қаламгерге сыйлықтар табыс етілсе, еліміздің батыс өңірінен арнайы келген Атырау облысының «Ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру» орталығының басшысы Бақытбек Мырзағалиұлы Сартбаев ақжарма тілегін арнап, облыс әкімінің құттықтау лебізін жеткізді. Іс-шара соңында Айкен Жұмекенқызы қаламгерлерді құттықтап, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
2019 жылдың 4 маусым күні өткен Секретариат мәжілісінің шешіміне сәйкес, алғаш рет республикалық Ж.Нәжімеденов және Ғ.Сланов атындағы әдеби сыйлығының иегерлері белгілі болған.
Атап айтсақ, поэзия номинациясы бойынша Жұмекен атындағы сыйлыққа ақындар Мейірхан Ақдәулетұлы, Бауыржан Жақып, Сұраған Рахметұлы, Мұрат Шаймаран және Нұртас Тұрғанбекұлы ие болды.
Проза номинациясы бойынша Ғ.Сланов атындағы сыйлықтың лауреаттары – жазушылар Тынымбай Нұрмағанбетов, Несіпбек Дәутайұлы, Молдахмет Қаназ, Нұрлан Қами, Асқар Алтай.