05 там, 2025 сағат 17:39

Жүкті әйелдерге қабылдаулар мен скринингтер туралы хабарлама жіберіле бастады

Фото: Freepik.com

Қазақстанда ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесіне цифрлық жаңашылдықтар кезең-кезеңімен енгізілуде. Соның бірі – жүкті әйелдерге алдын ала медициналық тексерулер мен скринингтер туралы хабарлама жіберу сервисі, деп хабарлайды Ult.kz.

Қазірдің өзінде болашақ аналарға 348 мыңнан астам проактивті хабарлама жолданды. Бұл маңызды тексерулерді уақытында өтуге мүмкіндік беріп, пренаталдық көмекті қолжетімді етеді.

Цифрландыру тек жүкті әйелдерге ғана емес, балалар денсаулығын бақылауға да бағытталған. Елде «Бала денсаулығы паспорты» енгізіліп, ол балабақша мен мектепке қабылдану кезінде қажет болады. Сонымен қатар, 18 жасқа дейінгі әрбір баланың цифрлық бейіні қалыптастырылып жатыр. Онда дене салмағы индексі, вакцинациялау мәртебесі, патронаттық сапарлар мен профилактикалық тексерулер туралы деректер тіркеледі. Бұл жүйе баланың даму қарқынын бақылауға мүмкіндік береді.

Жүктілік пен босанудан кейінгі кезеңде медициналық қызметкерлердің өзара әрекеттестігін жеңілдететін электронды карта да іске қосылған. Ол есепке алуды, бағыттауды және бақылауды жеңілдетеді.

Бұл бастамалар – ана мен бала денсаулығына мемлекеттің ерекше көңіл бөліп отырғанының көрінісі. Цифрлық құралдар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.