Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындаған қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға облыс әкімі Ж. Түймебаев, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен қызметкерлері, белсенді жастар қатысты.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің конференц залында өткен жиында алғашқы сөзді облыс әкімі Ж.Түймебаев бастап, Елбасының бұл мақаласы – мемлекеттік идеологияны анықтайтын басты саяси құжаты болып табылатынын және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының оңтүстік өңірінде іске асыру жұмыстарының өзектілігін атап өтті.
«Елбасы мақаласы- рухани жаңғырудың жарқын жолы. Осы маңызды мақалада заманға сәйкес жаңғыру, оның ішінде рухани жаңғыру мәселесі жан-жақты талданып, таяу жылдарға ауқымды міндеттер қойылып отыр. Осы орайда облысымызда мақаланың басым бағыттарын ілгерілету, насихаттау мақсатында арнайы спикерлер топтары жасақталып, БАҚ арқылы қызу қолдау шаралары атқарылуда, әлеуметтік желілерде пікірлер жариялануда. Халықты бірлікке, ынтымаққа, татулыққа шақыратын және ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді дәріптейтін түрлі деректі фильмдер, роликтер әзірлеу қолға алынуда», - деді Ж. Түймебаев.
Бұдан бөлек, өңірімізде мақаланың мәтіні жазылған кітапшалар, әдістемелік құралдар шығарылып, таратылуда. Сондай-ақ, облыстағы тарихи-мәдени ескерткіштер аумағында туристерге қызмет көрсететін ұлттық қолөнер бұйымдары, кәдесыйлар сататын сауда дүкендерін және тек ұлттық тағамдар дайындайтын дәмханалар ашу бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Алғашқы нысандардың бірі ретінде қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын паш ететін Отырар ауданында «Алаш» этнографиялық ауылы ашылды. Жалпы, қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының 6 бағытының 2-і республикалық деңгейде жүзеге асырылатын болады.
Сонымен қатар, комиссия отырысында Оңтүстік Қазақстан облысында Жобалық кеңсе жұмысы туралы өңірлік жобалық кеңсенің басшысы Бақытжан Әшірбеков, «Атамекен және азаматтық сана» тақырыбында жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт, Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жолдарының өңірлік ерекшеліктері туралы «Интеллект Орда» халықаралық әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулерді ықпалдастыру институтының бас директоры, профессор Саттар Мәжитов сөз сөйлеп, негізгі бағыттарды атады.
«Жоғары оқу орындарында жастарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу жолдары» тақырыбында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ректоры Жұмахан Мырхалықов, Жоғары оқу орындарында рухани жаңғыруға қатысты тұрақтылық пен татулық туралы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Оңалбай Аяшев та өз пікірлерін ортаға салды.
Кездесу сұрақ-жауаптар мен пікір алмасулармен жалғасты. Отырыс соңында облыс әкімі Ж.Түймебаев өңірдегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша аудан, қала әкімдеріне, басқарма басшыларына және құзырлы мекемелерге тиісті әрі нақты тапсырмалар жүктеді.