ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында Мемлекет басшысының биылғы 2 қыркүйектегі «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы таныстырылды. Құжатпен ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов таныстырды.
Жоба 5 бағыт бойынша 81 іс-шарадан тұрады.
Ә. Смайыловтың айтуынша, «Заман талабына сай тиімді мемлекет» I бағыты бойынша Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия жұмысының жоспары бойынша ұсыныстарды қалыптастыруға бағытталған 11 іс-шараны іске асыру, азаматтар мен ұйымдардың өтініштерімен жұмыс сапасын күшейту, мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын кезең-кезеңімен 25%-ға қысқарту, қатысушылар үшін қолжетімділікті ескере отырып, белгілі бір жерлерде бейбіт митингілер өткізуге рұқсат беру көзделген.
«Әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын және Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығын өткізу жөніндегі республикалық жоспарлар, сондай-ақ, Алтын Орданың 750 жылдығына арналған іс-шаралар әзірленетін болады», — деді ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары.
«Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» II бағыты бойынша сот шешімдерінің мониторингі мен судьяларды бағалауды енгізу, «Сот практикасының сандық аналитикасы» жүйесін сынақтан өткізу, озық халықаралық тәжірибе негізінде Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру бойынша 15 іс-шара іске асырылатын болады.
Ә. Смайловтың айтуынша, жеке адамға қарсы бірқатар ауыр қылмыстарды, браконьерлікті қатаңдату, әкімшілік әділет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар енгізу, азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдігін арттыру бойынша 6 заң қабылдау жоспарлануда.
«2020 жылдың соңына дейін Қарулы Күштер мен әскери құралымдарды дамыту тұжырымдамасы жаңа редакциясында қабылданады», — деді Бірінші вице-премьер.
«Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика» III бағыты бойынша экономиканы әртараптандыру, бизнес пен банк секторын дамыту, салық және бюджет заңнамасы бойынша 27 іс-шара іске асырылатын болады.
Микро- және шағын бизнес үшін «Бизнестің жол картасы-2025» шеңберінде жаңа және әлеуметтік жобаларды мемлекеттік қолдау шаралары іске асырылатын болады.
«Микро- және шағын бизнес табыс салығынан және үш жылға тексеруден босатылады. Бұдан басқа, ұлттық компаниялар қызметінің тиімділігіне, оларды қысқарту бойынша ұсыныстар енгізе отырып, талдау жүргізілетін болады», — деді Ә. Смайылов.
«Әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі» IV бағыты бойынша 18 іс-шара қарастырылған.
Бірінші вице-министр атап өткендей, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үйге кредит беру кеңейтіледі, жоғары оқу орындарының санына талдау жүргізіледі, педагогтардың, мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы ұлғайтылады.
«Атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіру, табысы аз отбасылардан шыққан балаларға кепілдік берілген әлеуметтік пакетті енгізу жөнінде шаралар қабылданатын болады», — деді ол.
«Қуатты өңірлер – қуатты ел» V бағыты бойынша 10 іс-шараны іске асыру жоспарланған.
Жергілікті атқарушы органдарды бағалау жүйесі қайта қаралатын болады, үш ірі қала әкімдіктерінің құзыреті кеңейтіледі, тұрғын үй бағдарламалары операторларының саны қысқартылады, Парламент жанынан заңнаманы зерттеу институты құрылады.
Ә. Смайылов сендіргендей, «Сарыарқа» магистральдық газ құбырына қосу үшін газ тарату желілері кезең-кезеңмен пайдалануға берілетін болады.
«Жалпыұлттық жоспарды жүзеге асыру Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында қойылған барлық міндеттерді және сайлауалды тұғырнамасын шешуді қамтамасыз етеді, — деді Ә. Смайылов. — ЖҰЖ-дың іс-шараларын іске асыру жөніндегі жұмыстарды үйлестіру және мониторинг жүргізу Үкіметтің жобалау кеңсесіне жүктеледі».