28 қыр, 2017 сағат 14:00

"Жиырма жылдай өмірім қоғаммен араласпаумен өтті"

«КОЛЛЕКЦИЯ ЖИЮШЫ ДЕҢГЕЙІНЕ ТҮСІП ҚАЛДЫМ»
(Ақын Өтежан Нұрғалиевпен әңгімеден)

Бітімі-болмысы өмірде де, өлеңде де өзгелерден қой ішіндегі құлжадай бөлек көрінетін Өтағаң ерекше киінетін мәнерімен де, таудан жаңа түскен альпиниске ұқсап жалпы сырт келбетімен де өзгешеленіп, кейде қайшылықты, кейде аяқ астынан тапқыр ой айтып тастайтын әдетінше шабыттана сөйлеп отыр...

– Қазақтың ішінде мен жақсы көретін кім бар деші, – қазақтың ішінде мен жақсы көретін адам жоқ! Өзім едім, бірақ кейін өзім де өз сынымнан өте алмадым...
Он тоғыз-жиырма жасымда Мағжанға ұқсап жазатынмын. (1950-дің аяғы, 1960-шы жылдардың басында менің даңқым, шамамен, Емельян Пугачевтың даңқындай болды-ау!). 
Тегінде, жер бетінде қанша адам бар, соның бәрі ұлы. Бірақ олар өздерін ұлымын деп есептемейді, тек «ничтожный» жағынан көрінеді ғой.
Мен болсам кейін де өлеңге келген бойдағы бағытымнан таймадым, сондағы деңгейден төмендемедім де. Бұл, әрине, біреулерге ұнамайды.
Жиырма жылдай өмірім қоғаммен араласпаумен өтіпті. Араласқым келмей...
Оқуға дейін бес жыл қаңғығанмын. Сонша уақыт КазГУ-де, тағы бір бес жыл Қарасуда өтті. Және бес жылдай елге кетіп қалғанмын.
Қазір ше? Қазір де халықтан қол үзгенмін. Ең жаман нәрсе осы. Менде бүгін ру да жоқ, дос та жоқ. Баратын жер, басатын тау да қалмаған. Ауылыма да орала алмаймын. Қабылдамайды мені. Себебі, ол бұрынғы ауыл емес. Мен өзгеріп кеткенмін»...

***

– Хоббиің не десең – мен «идиот» жинаймын. Бұл не деген сөз? «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» демекші, өз пайдасынан гөрі өлеңнің... өнердің мүддесін биік қойып, қоғамның қыспағына көнбей, ағынға қарсы жүзетіндер немесе әдейі қырсығып, өздерінің ерекше мінездерімен еркелеп жүріп-ақ маңайындағыларға ой салатындар менің көңіл түкпірімген лайықты орын алады.
Мысалы, Мұқағали Мақатаев. Мына Алатаудың ұланы. Түр десең түр, кескін-келбет, дарын десең дарын... бәрі бар. Екі қазақтың бірі сүйеді оны. Ал сол келеді де біреулер керемет кеш өткізсе, мәселен, қазақ әдебиетінің жыл қорытындысы болып жатса, әлдекімдерден өш алғысы келе ме, барады да: «Кім мынаны өткізіп отырған?! Бұл қазақ әдебиеті емес, бұл – мазақ әдебиеті. Тоқтату керек мұны!» дейді. Осыдан өткен «идиотизм» бола ма!
Асқар Сүлейменовке келіңіз. Ол қазақтың ең сұлу қыздарына үйленеді... Білімі... өнері жетеді. Жағдайы да жоқ емес. Бірақ ештеңе жазбай жүріп алады. Бір жігіттер күнде барады: «Асеке, жазыңыз енді!» деп. Жо, жазбайды. Жазбаймын дейді. Түсініп көр... 
Міне, сол жағынан ұнайды бұлар маған. («Идиоттық» дегенім жақсы көргенім ғой!).
Таяуда ұзынқұлақтан естідім, белгілі күйші Шәміл Әбілтаев «мұның маған қажеті жоқ» деп әлдебір биік атақтан бас тартыпты. Не көрінді екен? Ол кезінде нағыз атаққұмар жігіттердің бірі еді ғой. Неге алмайды беріп тұрған нәрсені?! «Идиоттық» емес пе!.. 
Менің оған да ішім жылып қалды. 
Тағы бір әуестігім – бұрын соңына түсіп кітап жинаушы ем. Қазір тек коллекция жинаушы деңгейіне түсіп қалдым. Бұл дегеніңіз – кітапқұмарлықтың біткен жері. Бірақ қалған ғұмырымда іздеп өтетін кітаптарым бар. (Оларды таба алмайтынымды да жақсы білемін). Мысалы, Лев Толстойдың шығармалары. Үйде сексен томы тұр. Енді оның он томын қалайда қолға түсіруім керек қой. Көпшілік кітапханалардан немесе біреулердің үйінен ұрлау керек... Я сатып алуға тиістімін. Ал оның бір томы, кемінде, бір дөнен қойдың құны...
Бұрын таңды таңға ұрып кітапты көп оқыдым. Адамдармен сөйлескім келмегендіктен. Қасыма маңайлаған кісінің кім екенін анадайдан-ақ біліп тұратындықтан.
Бүгінде оқуды сиреттік. Кейде Бальзакты аударыстырып қоямын. Көбіне өз шығармаларымды оқимын...

*** 

– Мен тегінде, дүние-мүлік, киім-кешек... дегенді былай қойып, творчествоға да аса құмартпайды екем. Маған ұнайтыны – соның процесі. Өлеңді қалай жазғаның, оны жұртқа оқығаның, содан соң олардың кітабыңды лақтырып тастағаны немесе әжетханада пайдаланғаны... қызық. Бәрі де өтеді, кетеді ғой. Ал кезінде керек қылмаған нәрселерді артынан іздейтін де сәттер болады. Мысалы, біреулер әлдекімнің дауысын тыңдағысы келмейді. «Осыны естімесем екен. Тезірек құрыса!» деп тыжырынып, қос құлағын бітеп алады. Енді біразырақтан соң ашса, маңай тым-тырыс. Әлгі жиіркенген адамы жоқ. Кетіп қалған. Оның даусы, өзі, шынында да, сонша тартымды дауыс емес-тін. Бірақ, бәрібір, аналар елегізіп, сол үн қайта естіліп қалар ма екен деп елеңдей бастайды. Әне, осы үдеріс ұнайды маған...

***

– Ұстазым Мұқағали Мақатаев ештеңе алмай, тек беруге ұмтылған, поэзиядағы лапылдап жанып, маңайын нұрландырып тұратын алау... шамшырақ іспетті адам еді ғой.
Төлеужан Исмайылов – туымыз-тын. Біреулер: «Оған еліктемеңдер. Көре қалсаңдар айналып өтіңдер. Танымаған болыңдар!» дейтін. Қайдағы! Біз оған сәлем бергеніміздің өзін дәреже көретінбіз. «Төлеужанды арқалап үйіне апарып тастадық!» деп мақтанатынбыз. Ел ол туралы не десе де, туабітті мәдениеті ғажап, көп оқыған, аса күшті ақын еді. Орыстың ең талантты ақындары қандай болса сондай... Қазақ ақындарының өлеңдерінде алыстан орағыту, жасандылық, мәймөңкелеу сияқты бірдеңелер кездеседі. Төкең ондайдан таза болды. Қазақ поэзиясын әлемдік поэзия деңгейіне көтерді.
Тоқаң... Тоқаш Бердияров – бәріміздің ұстазымыз. Лириканы сол ақын үйретті бізге. Оған дейінгі өлеңдеріміз ішіп алған адам сияқты арсы-гүрсі болып келетін. Ал Тоқаңның мәнері ісмер етікшінің әдібіндей болатын...
Қазір менің үйіме барсаң, төрде Асқар Сүлейменовтің портреті ілулі тұрғанын көресің. Ал бүгінде кім кімнің суретін қастерлеп сақтар жүр?!
Бұлар уақытында ғана «жарқырап», ертең лезде ұмыт болатын «выскочкалар» емес, ел санасында мәңгі қалатын тұлғалар. Соларды ойлайсың...

***

Өтекеңнің біз білетін бір ермегі – картина жинау.
Бұ кісінің бертінде ғана абстрокционист суретші Ерсайын Жапақтың (негізгі мамандығы журналист) екі туындысын әжептәуір қымбат бағаға сатып алғанын білетінмін. Тіпті, өзі сол суретшінің шығармашылығы туралы «Мұның қазақтың қолы жете қоймайтын ұлылыққа ұмтылуы керемет!» деп екі мәрте телехабар да жасаған. Бірақ ол жайында тіс жармады. Белгілі нәрсені қайталамай-ақ қояйын деді ме екен?!.

Құлтөлеу Мұқаш, 2001 жыл.