17 қар, 2022 сағат 14:33

Жигули Дайрабаев: «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына өзгерістер енгізу қажет


Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев үгіт-насихат жұмыстарын Батыс Қазақстан облысында жалғастырып жатыр, - деп хабарлайды «Ауыл» партиясының баспасөз қызметі.

Өңірге арнайы келген кандидат Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде кездесу өткізді. Жиынға универсеттің басшылары мен оқытушылық құрамы, студенттер, ЖОО белсенділері қатысты. Кездесу барысында оқу ордасында білім алған мамандардың жұмыспен қамтамасыз етілуі талқыға салынды.

«Иә, расында ауылдық жерлер мен қаланың даму деңгейінде айырмашылық бары жасырын емес. Осыны анық аңғарып, көріп жүрген жастар оқу бітірген бойда алдымен қалада қызметін бастап, сол жерде тұрақтап қалуды көздейді. Бірақ өзіміз айтқандай, ауылдарды дамыту мемлекеттің басты бағыттарының біріне айналып отыр. Осы ретте «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына өзгерістер енгізу қажет деп санаймын», – деп атап өтті Жигули Дайрабаев.


Кандидат ауылдан шыққан жастар, қайта ауылға оралып, өз туған жерінің дамуына үлес қосуы қажет дейді. Ол үшін оларға барлық жағдай жасалуы тиіс. Ауылдық елді мекендердегі білікті маман тапшылығының орнын толтырудың бірден-бір жолы осы. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастырған жөн.

«Еліміздегі ауыл шаруашылығы бағытындағы университеттердің түлектері неге мамандық бойынша жұмыс істеуге бармайды? Біріншіден, саладағы жалақының төмендігіне байланысты. Екіншіден, ауылдағы тұрмыстық жағдайдың қиындығы, көптеген ауылдарда қарапайым суық су, интернет жоқ, жолдар өте нашар. Үшіншіден, балаларға арналған дамыту орталықтарының жоқтығы. Сондықтан «Ауыл» партиясы ұсынып отырғандай, ауыл және ауыл шаруашылығы мәселелерін бірлесіп шешу қажет», – деген пікірде Жигули Дайрабаев.

Қандидат Жигули Дайрабаев «Жайық Ет» кәсіпорнына барып, еңбек ұжымымен кездесті. Бүгінде заманауи ет өңдеу кешені 8 мың тонна өнім шығарады. Кәсіпорын өндіріс көлемін арттыруға ниетті. Алайда зауыт басшылығының айтуынша, несие алу бойынша қиындықтар туындап отыр.


Осы ретте Жигули Дайрабаев агробизнес құрғысы және аграрлық саланы нығайтқысы келетіндер үшін пайызсыз несие беретін арнайы агробанк құруды ұсынғанын атап өтті.

«Пайызсыз несие қожалықтар мен фермерлік шаруашылықтарға, жеке кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін ашу мен жеке бизнесті кеңейтуге берілуі тиіс. Мен бұл өзекті мәселеге өзімнің сайлауалды бағдарламамда да тоқталдым. Біз ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ниетті болсақ, осы бағытта еңбек етіп жүрген азаматтарымызды қолдауымыз керек», – деді Жигули Дайрабаев.