17 қыр, 2021 сағат 20:15

Жібек Құламбаева мен Тимофей Скатов Қазақстанның абсолютті чемпиондары атанды


Елордадағы «Дәулет» спорт комбинатында теннистен ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, бұл жарыстың маңыздылығы сол, жеңімпаздар жуырда өтетін Astana Open турниріне жолдама алды. 

Әйелдер арасында финалда осы доданың бірінші және екінші ракеткалары Гөзал Айнитдинова мен Жібек Құламбаева бас жүлдені сарапқа салды.

Бұл біріншіліктегі ең ұзаққа созылған бәсеке болды. 3 сағат 24 минуттық матчта Ж.Құламбаева 5:7, 7:6, 6:3 есебімен жеңіске жетті. 

Осылайша жұптық сында да үздік шыққан Жібек абсолютті чемпион атанып, Astana Open WTA 250 турнирінің жолдамасын ұтып алды. Ал Гөзал осы доданың іріктеу сайысында бақ сынайды. 

Өскемендік Татьяна Николенко Софья Чурсинаны 6:2, 7:6 есебімен тізе бүктіріп, қола жүлдеге ие болды. 

Ерлер арасында соңғы бәсекеде алматылық Денис Евсеев пен қызылжарлық Тимофей Скатов кортқа шықты. 2 сағат 34 минутқа созылған кездесуде Т.Скатовтың мерейі үстем болды – 7:5, 7:6. 

Әлемдік рейтингте 275-орында тұрған Т.Скатов алғаш рет ел чемпионатында жекелей және жұптық сында үздік шықты. 

Тимофей Astana Open ATP 250 турнирінде, Д.Евсеев соның іріктеу сайыстарында өнер көрсететін болады. 

Қола жүлде Дмитрий Попконы сүріндірген Григорий Ломакиннің қанжығасында кетті.