Фото: Дина Оралбекованың жеке мұрағатынан
Қазақстанның IT саласы болашақта одан әрі дамып, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуға ұмтылуда. Мемлекет цифрландыруды дамыту және инновациялық экожүйені құру мақсатында бірқатар бағдарламалар мен жобаларды іске асыруда. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанның IT саласы әлемдік деңгейде мойындалып, ел экономикасының маңызды секторына айналуда. Осы орайда Ult.kz тілшісі Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының аға ғылыми қызметкері, PhD маман Дина Оралбековамен сұқбаттасты.
– Дина Орымбайқызы, IT мамандардың елдің ақпараттандыру саласына қосқан үлесі ерекше. Жалпы бұл саланың бүгінгі даму қарқыны қандай?
– Қазақстанда ақпараттандыру саласы жыл сайын дамып келеді, әсіресе жасанды интеллект (ЖИ) саласында. Жасанды интеллекттің өндіріс салаларына енгізілуі үлкен серпіліс жасап, чат-боттар мен басқа да ЖИ негізіндегі көмекшілердің қолданылуы кеңейіп отыр. Бұл тек ақпараттық технологиялармен байланысты емес, сонымен қатар мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да салаларда тиімділікті арттырып келеді. ЖИ саласындағы ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобалар да үлкен назар аударылып, елімізде тиісті инфрақұрылым қалыптасып келеді.
– Үздіксіз коммуникация озық жабдықтар мен заманауи технологияларды қажет етеді. Біздің еліміз бұл жағынан қай деңгейде?
– Қазақстанда заманауи технологиялар мен озық жабдықтар қолданылуда. Жыл сайынғы инновациялық жобалар мен стартаптар елімізде ІТ саласының даму деңгейін көрсетеді. Бізде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілгенімен, алда әлі де көптеген мүмкіндіктер бар.
Қазіргі кезде біздің Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтында қазақ тілін дамыту, оны дұрыс жобалау және өңдеу саласында айтарлықтай прогресс жасалып жатыр. Бұл бағытта үлкен жетістіктерге қол жеткізілуде. Мысалы, қазақ тілі үшін үлкен тілдік модельдер әзірленуде, олар тек тілдік деректерді өңдеу мен машиналық оқыту саласында ғана емес, сонымен қатар сұрақ-жауап жүйелері және мәтіндік түсінуді жақсарту мақсатында қолданылады. Сонымен қатар, жасанды интеллект негізінде көздің ауруларын анықтау үшін модельдер жасалып, олар денсаулық сақтау саласында үлкен мүмкіндіктер ұсынуда. Агроөнеркәсіп саласында да инновациялық жобалар қолға алынған, мысалы, ауыл шаруашылығын автоматтандыру, егіннің өнімділігін арттыру мақсатында машиналық оқыту әдістері енгізілуде. Бұл еліміздің технологиялық дамуында үлкен қадам болып табылады және Қазақстанның әлемдік деңгейде өз орнын нығайтуына мүмкіндік береді.
– Бүгінде IT мамандары қандай қызмет көрсетіп жатыр?
– IT мамандары бүгінгі күні әртүрлі қызмет түрлерін ұсынады: бұл бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеу, жүйелер мен желілерді басқару, деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету, цифрлық трансформация, жасанды интеллект пен мәліметтерді талдау, сондай-ақ түрлі цифрлық платформаларды дамыту және қолдау көрсету сияқты қызметтерді қамтиды. Сонымен қатар, олар мемлекеттік органдар мен жеке секторларға қажетті ІТ шешімдерін ұсынады, сонымен бірге қоғамда жасанды интеллект пен робототехниканы енгізуге көмектеседі. Айта кететін жайт, айти мамандары деректерді жинау және өңдеу, тиімді модельдерді құру үшін үлкен жұмыстар атқарады. Дегенмен, кейбір деректер, әсіресе қазақ тілді материалдар, қолжетімсіз болып жатады, бұл кейде сапалы модельдерді әзірлеуді қиындататын фактор болып табылады. Мысалы, қазақ тілінде жоғары дәлдікпен (95-100%) болжау жасайтын модельдерді әзірлеу үшін жеткілікті көлемде деректердің болмауы мәселесі туындайды, бұл тиісті нәтижелерге жетуді қиындатады. Осы мәселелерді шешу үшін деректерді жинау және өңдеу әдістерін жетілдіру бағытында жұмыс жалғасуда.
– Осы саланы оқитын мамандар жыл сайын артып отыр. Ал Қазақстандағы ІТ саласы озық қатардан көріне алып жатыр ма?
– Иә, ІТ мамандарын дайындайтын білім беру жүйесі дамып келе жатыр. Қазақстанда ІТ саласы бойынша көптеген білім беру бағдарламалары бар, ал жас мамандардың саны жыл сайын артып келеді. Әсіресе ақпараттық технологиялар мен ЖИ салаларындағы мамандарға сұраныс өте жоғары. Қазіргі таңда ЖИ саласында жаңа кафедралар мен арнайы мамандықтар ашылып жатыр, бұл білім беру жүйесін жаңартып, ІТ мамандарын даярлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мектептерде де жасанды интеллект бойынша білім беру бағдарламалары енгізіліп, оқушылардың осы салаларға қызығушылығы артуда.
– Ал сіз қызмет ететін институтта қандай мүмкіндіктер бар?
– Біздің институтта әр жыл сайын студенттер, магистранттар мен докторанттар өндірістік тәжірибеден өтеді. Практика барысында олар нақты ғылыми жобаларымен танысып, іс жүзінде жұмыс істейді, бұл оларға өндірісте қажетті үлкен тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Бұл тәжірибе оларды кәсіби дамуына және ІТ саласындағы нақты мәселелерді шешуге даярлайды. Қазақстандық ІТ саласы әлемдік деңгейде өзін танытып келе жатыр, бірақ бұл салада әлі де бәсекелестікке дайын болу үшін даму қажеттілігі бар. Біз болашақта жоғары білікті мамандарды даярлау және инновациялық жобаларға қатысу арқылы осы салада халықаралық аренада өз орнымызды нығайта аламыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Ақбота Мұсабекқызы
