Фото: wikimapia.org
Жезқазған қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында облыстық прокуратура мүлкіне зақым келтірген ер адамға қатысты әкімшілік іс қаралды.
Сотта анықталғандай, оқиға 2025 жылдың 30 тамызында сағат 05:23 шамасында болған.
"Ер адам масаң күйде бола тұра Ұлытау облысы прокуратурасының ғимаратының қақпасын досының үйі деп ойлап, қақпаны аша алмағаннан кейін ұрып-соққан және қақпа жанындағы темір парақты қасақана бүлдірген", - деп жазылған хабарламада.
Сот отырысында Ұлытау облысы прокуратурасының өкілі келтірілген шығынның мөлшері — 259 484 теңге 40 тиын екендігін мәлімдеді және шығынның ішінара өтелгенін хабарлады.
Құқық бұзушы сотта өз кінәсін мойындап, істеген әрекетіне өкінетінін жеткізді; сондай-ақ шығынның жақында толық көлемде өтелетінін айтты. Медициналық куәландыру нәтижесі бойынша азамат орташа дәрежелі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.
Сот ер адамның іс-әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы бар деп танып, оған 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады.
