10 қар, 2016 сағат 12:40

Жеткіншектермен жылы жүздесу

Облыс өңіріндегі балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан жеткіншектерге ат ізін салатындар, оларға мереке сайын сыйлықтар немесе басқаша көмегін беретіндер баршылық. Үкіметтік емес ұйымдар да балалар үйлерімен белсене жұмыс істейді. Сонда «тірі жетімдердің басына түскен тағдыр тәлкегін қалай жеңілдетуге болады?» деген сауал барлық жұмыстың нысанасына айналады. Жақында Рудный қаласындағы балалар үйінде қамқоршылар күнін ұйымдастырған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанаты да осындай мақсатты алға салды.

Балалар үйінде жұмыс үш бағытта жүргізілді. Психологтар тобы қамқор­шылар мен жетімді жебегісі келетіндер үшін, балалар үйінен қамқор­лығына бала алғысы келген азаматтар үшін семинар-тренинг өткізді. Екінші топ балалар үйінің тәрбиеленушілерімен әскери-патриоттық тәрбие жөнінде әңгі­ме өткізсе, үшінші топ жұмысын осын­дағы жасөспірімдерді волонтерлық және қоғамдық жұмыстарға баулу мәселесіне арнады.

Балалар үйіндегі жасөспірімдерге Ау­ған соғысының ардагері Мұратбек Жұбанышевпен кездесу қызықты болды. Ол балаларға Ауған жеріндегі қиын күндерден әңгімелер айтып берді. Олар шет жерде от пен оқтың арасында жүріп, бейбіт ауған халқына көмектесті, мек­тептер мен ауруханалар салды. Балалардың түрлі сұрақтарына жауап берген Мұратбек оларға еліміздің әрбір азаматы Отанға қызмет етуі, өз елінің патриоты болуы керектігін айтты. Отан үшін қандай қызметке де әрқашан дайын болуы керектігін түсіндірді.

– Әскер қызметі жеңіл емес және үл­кен жауап­кершілікті қажет етеді. Отан­ға қызмет ету – парыз. Әскери қыз­метті жүрекпен қалап, саналы түр­де барғанда, адал қызмет еткенде ғана еліңнің, Отаның­ның нағыз патриоты бола­сың. Менің сүрлеуіммен жүргісі келетін жастарға бұл істе шыдамдылық, табан­дылық, қайсарлық болғанда ғана еліңнің қорғаны бола алатыныңды айтқым келеді, – деді Мұратбек Жұбанышев.

Облыстағы «Жас Отан» жастар қа­натының төрағасы Ерлан Төлетаевтың балалар үйіндегі жасөспірімдермен жүр­гізген әңгімесі сырласу кешіне ұласты. Ол тәрбиеленушілерге бала­лық­тың өтетінін, енді үлкен мұраттар үшін алға ұм­тылу қажеттігін түсіндірді. Өмірде өз жолын табамын деген жастарға мүмкіндіктің көп екенін, оның жолдарын айтты. Ең алдымен, әр жасөспірімнің алдында мамандық таңдау мақсаты тұр.

– Балалар үйіндегі жасөспірімдермен бауырыңа тарта араласқанда ғана олар шешіледі, жүректегі мұзы ерігендей әсер аласың. Мен әңгімелескен бала­лар­дың көбі болашақ мамандығын таң­дапты. Алда олар оқуға түссе еңбек на­ры­ғында бәсекеге қабілетті маман болып шығады. Оларды тек балалар үйінде ғана емес, одан кеткен соң да бақылап, жақсы ортаға түсуін қадағалау керек. Сонда түзу жолын тауып кеткен жетім балалардың тағдыры да жеңілдейді, – дейді Ерлан Төлетаев.

«Жас Отан» жастар қанаты бел­сенділерінің айтуынша, жетім балаларды қамқорлыққа алған отбасылармен, балалардың өз ата-анасымен рухани-адамгершілік тұрғысында көп жұмыс істеуі керек. Жетім балаларға адамдар тарапынан, айналасынан барынша шуақ мол түскенде ғана, жазықсыз жәу­діркөздердің басына түскен хал жеңілдейді. Ең бастысы, оларды жаман жолдан сақтаймыз.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Рудный қаласы