Фото: ашық дереккөз
Жетісу облысының Алакөл ауданында жалпы кадастрлық құны 100 миллион теңге болатын 1655 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Ult.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Прокурорлардың мәліметінше, өңірде ауыл шаруашылығына жарамды жерлер тиімсіз пайдаланылған. Жер ресурстарына деген сұраныстың жоғары болуына қарамастан, жергілікті әкімдік пайдалану мерзімі әлдеқашан өткен уақытша жер телімдерін қайтару шараларын уақытылы жүргізбеген.
Қадағалау барысында 14 жер телімін қайтару қажеттігі анықталды. Прокуратураның араласуымен аталған жерлер мемлекеттік жер қорына өткізілді.
Бұл шара Жетісу облысындағы жерді әділ әрі тиімді үлестіруді қамтамасыз етуге бағытталған. Прокуратура заң бұзушылықтардың алдын алу және жер ресурстарын қорғау жұмыстарын жалғастыра беретінін мәлімдеді.
