24 қыр, 2024 сағат 12:40

Жетісу облысында 60 миллиардтан астам ақшаға салынған жол жарамсыз деп танылды


Жетісу облысындағы Алакөлге апаратын Үшарал-Достық тас жолынан 677 сынама алынды. Дегенмен оның 160-ы талапқа сай болмай шықты. Төрт жылда әрең аяқталған жол құрылысына 60 миллиардтан астам теңге жұмсалған екен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" КТК арнасына сілтеме жасап.

Мамандардың сөзінше, бұл жолға қарағанда 160 миллиард теңге бөлініп, әлі де құрылыс жұмыстары жүріп жатқан Талдықорған мен Өскемен арасындағы күре жолдың сынамасы әлдеқайда жақсы. 

Үшарал-Достық тас жолы жұртшылықтың Алакөлге емін-еркін жетуі үшін 60 миллиардтан астам теңгеге салынған. 

"380 миллион теңге, бір шақырымына орташа есеппен. Ол көпір Үшарал - Достық автожолының қайта құруда салынған көпір. Бұрынғы ескі көпірден бір шақырым солға қарай алып, жел бағытын есептей отырып салынған "роза ветров" деп аталып кеткен көпір", – деді  "ҚазАвтоЖол" ҰК Жетісу облысы филиалының директоры Нұрхат Ақылтаев. 


Жол сапасын тексеретін мамандар бұл жолдан сынама алып 160-ының талапқа сай емесін анықтапты. Осыдан кейін мердігерлер кемшілігін мойындап, олқылықты тез реттеген. Дәл осындай зерттеу бір шақырымы 500 миллион теңгеге салынып жатқан Талдықорған мен Өскемен арасындағы күре жолда да жүргізілген. 

"Алынған сынамалар міндетті түрде ешкім білмейтіндей қылып, штрих-код пайда болады. Ол арқылы тек зерттеуден өтіп болғаннан кейін анықталады. Қай жерден, қай мердігерден алынғаны, сондай тәртіпте. Екіншіден, зертханаларымызда цифрландыру жүріп жатыр", – деді "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК бас директоры Болатбек Айтбаев.


Шенеуніктердің айтуынша, биыл жолдағы ойық-шұңқырды реттеуге 500 миллиард теңге бөлінген. Бірақ мұның өзін азсынып, халықаралық институттардан көмек сұраған екен. 

"Жоспарға сәйкес жол жөнделуіне байланысты қаржы өзгертіліп отырады. Республикалық бюджетте қаржы тапшылығы бар. Сол себептен де халықаралық қаржы институттарынан қаржы тартып, осы жобаларды жүзеге асырып жатырмыз", – деді Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы Нұртілек Хасанов.  


Елімізде 95 мың шақырым жол бар. Оның 12 мыңы жөндеуден өтуі тиіс. Жол жөндеушілер еліміздегі жолды 100 пайыз сапалы ету үшін қаражаттан бөлек, мамандар да жеткіліксіз дейді.