27 сәу, 2018 сағат 16:22

"Жетісу көктемінде" өлең-жырдың самалы есті

Баянтаудың белінен сәлем алып барып ем,
Жетісудың төрінен өлең алып келдім мен.

2007 жылы Баянауылда өткен жас қаламгерлер форумы жайлы айтудан жалыққан емеспін. Жалықпайтыным – сол жиынға қатыса алмаған жас жеткіншектің, өлеңге құмар балғынның, жетінші сынып оқитын менің өкініштен өзегімнің өртенгенінен болар?! Өздерін көзіммен көріп, қолдарын ұстағым келген талай ағаларымның. Ол бақыт һәм мәртебе бұйырмады. Сол жолғы әдеби жиын жайлы жазылған аудандық газет парақтары жеке мұрағатымда сақтаулы. «Дәтке қуат» дегендей – көңіліме алданыш.

Есесіне он жылдан аса уақыт бойы талай әдебиетсүйер қауымның аузынан түспеген Баянауылдағы әдеби жиыннан бір мысқал да кем емес тағы бір форумға кәу болдық. 23-24-ші сәуір күндері Талдықорған қаласында «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасының бір жылдығына орай Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасының және Жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Жетісу көктемі» атты жас әдебиетшілердің бірінші форумы өтті. Бұл форумның басты ерекшеліктері – облыс көлемінде 1972 жылдан соң мұндай ауқымды форум алғаш рет өткізіліп отырғандығы және аға буын мен іні буынның бір жерде тоғысуы болды. Форумға еліміздің әр аймағынан 40-қа тарта жас ақын-жазушы қатысты.

Форумның бірінші күнін Алматы облыстық тіл басқармасының басшысы Айдар Карбозұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының Алматы облыстық филиалының директоры Ерлан Жүніс, «Жетісу» арнасының бас редакторы Есболат Айдабосынның бастауымен Алматы облысының қасиетті де қастерлі мекендерін аралаумен бастадық. Ең алдымен Шамалған ауылындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бой көтеріп, былтыр ғана тұсауы кесілген Тұңғыш президент – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметіне байланысты құнды мұрағаттармен таныстық. Орталықта көзіме оттай басылғаны – Елбасының «Қайсар-2016» оқу-жаттығу жиынында түскен фотосуреті. Лаңкестік топтарға қарсы «Сұңқар», «Арлан», «Бүркіт», «Арыстан» жасақтарының кешендік жаттығуына қатысқан Елбасы арнайы топтардың іс-қимылын жоғары бағалап еді. Алматы облысының Заречное кенті маңында орналасқан Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы «Бүркіт» Жауынгерлік және Әдістемелік дайындық орталығында өткен осынау әскери-тактикалық жиынның өтуіне сарбаз болып жүрген біз өз үлесімізді қосып едік. Бір ай бойы арнайы жасақ өкілдерімен бірге жүрген сол шақ сағыныш болып санамызға оралды.

Келесі кезекте Қырғауылды ауылындағы «Анаға құрмет» мұражайы мен «Батыр бабалар» мемориалын тамашаладық. Бұдан кейін Қаскелең қаласындағы тарихи-өлкетану музейіне ат басын бұрдық. Бұл жерде бізді айтыскер ақын Серік Қалиев қарсы алды. Ақын бізге Жетісу өңіріне қатысты бейнербаян көрсетіп, қасиетті де қастерлі өлкенің түкпір-түкпіріне саяхат жасатқандай болды.


Түстен кейін Талдықорған қаласына бет түзедік. Жолай Кербұлақ ауданындағы Сарыөзек ауылына ат басын тіредік. Бұл жерде біз ұзындығы екі шақырымдық «Ұлы дала» аллеясымен таныстық. Аллеяда осы аудан аумағында жерленген тарихи тұлғалардың, ауданнан шыққан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, Еңбек ерлерінің, Чернобль апаты мен ауған соғысының құрбандарына арналған ескерткіш тақталар орнатылған. Ең қызығы алғашқы алаңқайда Жоламан батыр, Тезек төре, Шоқан Уәлиханов сынды жиырмаға ттарта тұлғаның мәңгілік мекен тапқан орындарының топырақтары әкелініп бір жерге топтастырылыпты. Кербұлақ ауданында Бәсентиін Малайсары батырдың да бейіті орналасқан екен. Малайсары батырға да құрмет тасы орнатылыпты. Бұл жерде біз батыр балалар рухына құран бағыштап, дұға тіледік.

Әрі би, әрі батыр болған Бәсентиін Малайсары туралы деректер Шоқан Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіптің деректерінде, сондай-ақ Ұлттық ғылым академиясының қорындағы «Абылай ханның 40 батырымен Сарыарқаны Қалдан Цереннен тартып алған уақиғасы» атты материалдарда кездеседі. Малайсары батыр Павлодар облысының Май ауданының аумағында дүниеге келген. Бірақ бұл туралы да сан алуан пікір бар. Ал, ажал құшқан мекені – Жоңғар Алатауының батыс сілеміндегі тауға Малайсары аты берілген екен. Журналист, жазушы Заңғар Кәрімханның: «Малайсарының өмірінің соңы туралы ел аузында сақталған ескі аңызды Мәшһүр Жүсіп жазып қалдырады. Онда: «Қазақ-Қалмақ соғысына қатыспаймын», - деп ант-су ішкен батырды Абылай қолқалап, қоймай соғысқа қатыстырады. Шайқастың бірінде оқ тиіп, жараланған батырды Абылай кері шегіндіріп, қоста емделуін қатаң тапсырыпты. Сүр ет берілмесін, - деген бұйрықты біле тұрса да, батырдың қылышынан қаймыққан қос бақыршысы оған сүрленген ет беріп, ажал аузына айдағаны туралы аңызды келтіреді шежіреші қарт Мәшһүр Жүсіп. Батырдың қаза болғаны туралы нақты тарихи жазба дерек жоқ. Ел аңызы бойынша, ол 1754 жылдары қалмақ нояндары Әмірсана мен Дава Цзы арасындағы жаулықтың салдарынан болған соғыста шейіт болғанға ұқсайды. Ғалым Ерлан Арын: «Алтынемел тауының бір сілемінде Малайсары батыр оққа ұшты. Сол заманнан бері бұл жота Малайсары атанады. Биіктігі 1446 м, батыстан шығысқа қарай 100 шақырымға созылып жатыр, ені 10-20 шақырым. Жоңғар Алатауының басталатын тұсы да осы жер», - деген дерек келтіреді. Белгілі кәсіпкер, ұлт құндылықтарының жанашыры Қуат Есімханов батыр баба ерлігін дәріптеп, Алматының Кербұлақ ауданындағы бейітіне үлкен тас орнатты», - деген мақаласымен таныспыз.

Сарыөзектен Алтынемел қорығына жол тарттық. Шоқан Уәлихановтың бейіті мен мұражайын тамашалауға. Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, өмірден ерте озған ұлтымыздың біртуар перзентінің бейіті басына қойылған құлпытастың түпнұсқасы музейде сақталып, бейіт басына көшірмесі қойылыпты. Мұражай ең алдымен Шоқанның қысқа ғұмырында атқарған істері мен халыққа сіңірген еңбегі жайлы әңгіме қозғайды. Музейде қойылған экспонаттардың қатарында Шоқанның нағашы жұрты Мұса Шормановтар әулетінің, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің және Әлкей Марғұланның фотосуреттері мен жазбалары қойылыпты. Сонымен бірге шоқтығы биік ғалымның еңселі ескерткіші болашаққа көз салып, қазақ халқына жол нұсқап тұрғандай әсер етеді. Кербұлақ ауданынан аттанып бара жатып Ерлан Жүніс жастар атынан: «Бұрын Сарыөзек десе тек әскери қалашық қана елестер еді көзімізге. Енді бұл жерде рухтың ұйығанына, руханияттың ұйысқанына көз жеткіздік», - деп ақжарма тілегін жеткізді.

Музейді аралағаннан кейін Талдықорған қаласында өтетін форумға аттандық. Кеш түсе қалаға жеткен біз Қаратал өзені бойындағы жыр кешіне куә болдық. Жыр кешінде «Мен – қазақпын» мегежобасының жеңімпазы Бейбіт Мұсаев, әуезді әндердің туындыгері Гүлнұр Нұрасылова ән шырқады. Біздер болсақ, өзен толықынымен қатар тербеліп жыр оқыдық. Әсерлі де әдемі кешпен форумның бірінші күні аяқталды.


Форумның екінші күнігі жұмысы Талдықорған қаласындағы Сүйінбай Аронұлы мен Мұқағали Мақатаевтің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Сүйінбай ақынның ескертішіне тағзым ету мәртебесі бұйырды маған. Алыстан келген қонақ деп құрмет көрсете отырып, Қазақстан Жазушылар Одағының Төрағасы Ұлықбек Есдәулетпен бірге салтанатты рәсімді абыроймен атқардық. Өзің сүйіп оқитын ақыныңмен қатар тұрып, жауапкершілікті сәтті сезінудің өзі бақыт екен. Еңселі ескерткіш алдында еңсемді көтеріп, Ұлыағаңмен қатар тұруым, тұғырдағы тас ақын мен гүл ұстаған қос ақынға барша қаламгерлердің қошемет көрсетуі – күллі Баянауыл жұртының мәртебеленуі деп сезіндім. Бұдан кейін Ақберен Елгезек пен шымкенттік жас ақын Арайлым Мұраталиева Мұқағалиға мұқым қазақтың махаббатқа толы ыстық ықыласын білдірді. Арайлым қаламдасымның бұл сәтте қандай күй кешкенін білмеймін, мен үшін гүл мен жырдың қасында қатар тұру – нұр құшумен теңдей еді.


Талдықорған қаласындағы «Жастар саябағын», «Рухани жаңғыру» орталығын аралап тамашалағаннан кейін, еліміздегі тұңғыш һәм жалғыз «Тіл сарайында» өткен әдеби секциялардың отырысына қатыстық. Еркін форматта өткен «Бүгінгі қазақ поэзиясы: жаңа ізденістер» сессиясын ақын Ақберен Елгезек, «Бүгінгі қазақ прозасы: дәстүр мен жаңашылдық» сессиясын жазушы Бейбіт Сарыбай жүргізді. 

Сессия жұмысын бастаған Ұлықбек Есдәулет: «Өздеріңдей жас кезімде алғашқы жас қаламгерлер форумына қатысқаным, Қадыр Мырзалиев пен Аян Нысаналиннің секциясында болғаным есіме түсіп отыр», - дей келе естеліктерімен бөлісті. Өзі қатысқан форумдар жайлы айтқан Ұлықбек аға бір кездері Павлодарда өткен жиын туралы сөз қозғады. Сөз барысында ол баянауылдық ақын Төлеген Мұқаевтің есімін құрметпен атады. Былтыр ғана Павлодарға келіп, студенттермен жүздескен жиынында да Ұлықбек аға жастарға Төлеген Мұқаев деген өте мықты ақын болғанын тамсанып айтып еді. Елеусіз кеткен есіл ақынның өмірі мен шығармашылығына қызығушылық танытып жүргеніме аз болмап еді. Бізге беймәлім тағдыр иесі: 

«Бейнеттен мен торықпаймын, 
азапқа да жүгінбен. 
Өлімнен де қорықпаймын, 
өз басыма үңілген. 
Жетеді-ау деп өз түбіме, 
қорқыныш жоқ маза алған. 
Қорқамын тек көз тіріде, 
арға төнген ажалдан», - деп жырлаған еді. 

Ұлықбек Есдәулеттің: «Кеше ғана мемлекеттен 500 баспа табақ кітап шығаруға қаржы бөлу мәселесін қарастырып келдік. Алдағы уақытта жастардың тырнақ алды кітаптарын шығарсақ па деп отырмыз. Күзге қарай орайы келіп жатса «Халықаралық поэзия фестивалін» Орал қаласында өткізу ойымызда бар. Бұдан басқа да жастарға қатысты жақсы жаңалықтарымыз бар. Оны уақыты келгенде біле жатарсыздар», - деген сөзі шығармашылық ғұмырында жастарды қолдап келе жатқанын, жастармен бірген екенін, бұдан кейін де жастарды қолдайтынын білдіреді. Дөңгелек үстел барысында Айнұр Төлеу қазақ әдебиетінде кенже қалып келе жатқан детиктив, фантастика жанрларын дамыту үшін филолог немесе әдебиетші болу міндет емес екенін айтты. «Фантастикалық шығармалар ғылыми жаңалықтар ашылып жатқан елде пайда болады. Ал, детективтік шығармаларды тіл ғылымын еркін меңгерген криминалист мамандар жазуы керек», - деді ол. Әдебиеттанушы Елдос Тоқтарбай жастар поэзиясына жанашырлықпен қарап, бір-біріміздің шығармашылығымыз жайлы сыни пікір білдіруге шақырды. Жазушы Қанат Әбілқайыр әдебиет тарихын дамытуды ұсынды. «Орыс халқы бір ғана Есениннің өмірі мен шығармашылығын сан қырынан зерттеу арқылы орыс әдебиетінің тарихын байытуда. Ал, біз Маралтайдың «Әдиләсі» қалай туғаны секілді бірен-саран шығармалардың туу тарихын білеміз. Маған ондай жазбаларды оқу көркем шығармаларды оқығаннан ерекше әсер етеді», - деді. Қарағандылық жазушы Алмаз Мырзахмет болса, фентези жанрының соңғы 7-8 жылда сұрансықа ие екенін баса атты. Ақын Аслан Тілеген барша қаламгер қауымын балалар әдебиетіне жанашырлықпен және жауапкершілікпен қарауға шақырды. Жиында Ұлықбек аға шет елден келген қандас ақындардың республикалық жинағының тұсауын кесті.

Түстен кейін «Салтанат сарайында» өткен форумның қорытынды жиынын Алматы облысы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Жақсылық Омар жүргізді. Бұл жерде орынбасар мырзаның сөз саптау шеберлігі мен өлең мен ақынға деген құрметі ерекше білінді. Форум қатысушылары Жақсылық ағаның әдеби жиынды ресмилендірмей, поэтикалық аурасын сақтай алғанына разы болды. Дөңгелек үстел отырысын бастаған Жақсылық Мұқашұлы: «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ұлттық сананы жаңғырту идеясының түп тамыры – тілде, әдебиетте, мәдениетте жатыр. Рухани жаңғыру ретінде ұлттың әдебиеті бірінші орында тұратын сала», - деді. Әдебиетшілерді қолдау мақсатында облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен былтыр бір мезетте 39 кітап жарыққа шығып, оқырманға жол тартыпты. Сонымен бірге бірқатар әдеби байқаулар мен шығармашылық шаралар ұйымдастырылыпты.


Барша қаламгерлер қауымын қуантқан келелі сөзді Ұлықбек Есдәулет айтты. Басқарма басшысының сөзінше биыл «Абай» атындағы ұлттық сыйлық дүниеге келмек екен. Бұл марапат «Mемелекеттік сыйлық» пен «Алаш» сыйлығының ортасындағы жыл сайын әдебиеттің 3 жанры бойынша берілетін болды. Сонымен қоса «Нұр Отан» партиясымен өзара келіссөздер жүргізіліп, олар алда әдебиет бойынша өз сыйлықтарын тағайындайтын болыпты. Бұл марапаттар жас дарындар үшін демеу ғана емес, жас әдебиетіміздің беделін көтерер мығым тіреу болмақ.

Содан соң сөз алған «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін: «Біздің әдебиетіміз Алып Ер-Тұңғаның «Тұран патшалығынан» басталады. Парсыларды құм арасына апарып қырып тастаған «Шу» батыр дастанымен басталады. Ол кешегі жыраулар поэзиясына, «Алтын Орда» кезіндегі ғажайып дастандарға ұласады. Осындай іргетасы бар Қазақ әдебиеті қалай кемшін соқсын? Қазақ әдебиеті неге толыспасын? Біздің облыс жас әдебиетшілерді қашан да қолдап келеді. Жас таланттарға көмектесу керек. Талантсыздар бізсіз де бұзып-жарып алға шығып кетеді! Міне, сол таланттарды қолдаудың бір парасы бүгінгі жас әдебиетшілердің үлкен алқалы жиыны деп білеміз», - деп Жетісу өңірінің әдебиетке деген жанашырлығына көзімізді жеткізді.

Сөзін әдеби жиынды өткізуге мұрындық болған облыс және басқарма басшылығына рахмет айтудан бастаған жаңа филиалдың жаңа басшысы Ерлан Жүніс: «Мұндай форумдардың бір ерекшелігі жер-жерден келген ақын-жазушылар бір-бірімен аралас-құралас болып, болашақта тек, өз өңірін жырлап қана қоймай, мұқым қазақтың үмітін, арманын, өмірін жырлап, жаңа қазақ образын ашады деп ойлаймын. Сондықтан, осындай форумдардың бізге берер нәтижесі де сол, яғни, қазақты тану, елді тану, жерді тану, Отанды тану болады», - деді. Бұдан бөлек белгілі ақындар Қалқаман Сарин, Бақытгүл Бабаш, журналист Бейсен Құранбек, жас дарын Мұхтар Күмісбек ізгі тілектерін жеткізді.

Әдеби отырыс «Мәңгілік елдің мұраты» атты жабық байқаудың нәтижесін жариялаумен жалғасты. Алматы облысы әкімінің «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесін проза аталымы бойынша Қанат Әбілқайыр мен поэзия бойынша Сағыныш Намазшамова иеленді. Бұдан кейін Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет басқарма мүшелігіне өткен аға буын қаламгерлер алматылық Есболат Айдабосын, Қанат Әбілқайыр, Қалмақанбет Мұханбетқали мен Жангелді Немеребаевқа, атыраулық Бақытгүл Бабаш пен Әлия Дәулетбаеваға және астаналық Бауыржан Қарағызұлы мен Серік Сейітманға куәліктерін тапсырды. 

Бұдан соң әдеби форум тұсаукесер рәсіміне куә болдық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Рух» халықаралық әдеби байқауында жеңімпаз болған қаламгерлердің, әзірге жарақ көрген төрт кітабының тұсауын ақын Ұлықбек Есдәулет пен облыс әкімнің орынбасары Жақсылық Омар кесті. 
Жетісу жерінде өткен екі күн жас қаламгерлердің есінде мәңгі сақталып, жүрегінде жыр болып жазылары сөзсіз. Ұлықбек аға өзі қатысқан ертеректегі форум жайлы бір сөзінде: «Сол кезде қатысқан көптеген жастардан тек үшеу ғана, Жәркен, Жүрсін және мен қалыппыз», - деген еді. Біз де отыздан аса қаламгер бардық Қаратал жағасына, Алатау баурайына. Үш жүздің сөзін сөйлер үш ақын жарқырар Алаш көгінде!
Рахмет, Жетісу!
Мың алғыс, «Жетісу көктемі»!

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,

Баянауыл – Талдықорған – Баянауыл.