25 қар, 2016 сағат 16:19

Жетістік сараланып, мақсат айқындалды

Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ХIХ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Жиында партия филиалының төрағасы, облыстық филиалдың Саяси кеңесінің, бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы сайланды. «Нұр Отан» партиясының хатшысы Зауытбек Тұрысбеков құрметті қонақ ретінде қатысқан жиынды облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталов ашып, жүргізіп отырды. Алқалы жиын делегаттары мен конференция қонақтары алдымен облыстық партия филиалының 2015 – 2016 жылдарда атқарған жұмысы туралы есебі тыңдады. Мінберге көтерілген облыстық партия филиалының төрағасы атқарылған жұмыстардың нәтижесімен таныстырды.

– Биыл ел тарихындағы айтулы мерейтой – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Бұл мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты әрі құнды мереке. Тәуелсіз еліміз ширек ғасыр ішінде талай қиыншылыққа қарсы тұра білді. Тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырды, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енді. Мемлекет басшысының елді дамытудағы стратегиялық бағдарламалары мерзімінен бұрын жүзеге асып келеді. Мәңгілік Ел болуға бекінген мемлекетіміздің бүгіні мен келешегі туралы ой толғайтын еліміздің есепті жылы десек, қателеспейміз, – деп бастаған Амандық Ғаббасұлы Жетісу жеріндегі жетістіктерді саралады. – Аталған табыстарға облыс тұрғындары, оның ішінде 114 мыңнан астам мүшесі бар «Нұр Отан» партиясы да өзінің лайықты үлесін қосты деп нық сеніммен айта аламыз. Есеп беріп отырған 2015-2016 жылдар аралығы да партиямыз үшін саяси оқиғаларға толы, нәтижелі кезең болды. 2015 жылдың 26 сәуірінде Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. Қазақстан тарихында алғаш рет сайлаушылардың 95,2 пайызы қатысып,  халқымыздың барлық аймақтары бойынша жүргізілген қорытындысына сәйкес, азаматтардың 97,5 пайызы Нұрсұлтан Әбішұлына дауыс берді. Біздің облысымызда  сайлаушылардың 98,9 пайызы еліміздің Тұңғыш Президентіне қолдау білдірді. Биылғы 20 наурызда өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы облысымызда жоғары деңгейде ұйымдастырылып, облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттарының құрамына 334 депутат сайланды. Оның 326-сы «Нұр Отан» партиясының мүшелері. Осы екі сайлау нәтижесі біздің партиямыз үшін үлкен мүмкіндіктер ашты, тұрғындардың шынайы қолдауына ие болды. Партияның XVII съезінде қабылданған «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламамыз алдағы нақты межелерді белгіледі. Осыған сәйкес, облыстық партия филиалының жоспары әзірленіп, бекітілді, әр сала бойынша Саяси кеңес мүшелеріне де нақты міндеттер жүктелді. Нәтижесінде, іс-шаралар жоспары барлық негізгі бағыттар бойынша орындалуда.

Жиында келтірген мәліметтерге сүйенсек, облыс бойынша көптеген іс жасалған. Олардың ішінде құны 513,9 миллиард теңге болатын өндірілген өнімдердің нақты көлемінің индексі 100,1% құрап отырғанын айтуға болады. Сонымен қатар, жаңадан 48 өндіріс орны іске қосылып, 26 кәсіпорын өз жұмысын ұлғайтты. Осы кезеңде 22,4 мың жұмыс орны ашылып, ауылшаруашылық саласында 483,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Одан бөлек, 415,0 миллиард теңгенің инвестициясы Жетісу өлкесіне құйылды. Бұл облыстық партия филиалының Саяси кеңесі елімізде жүргізіліп отырған экономикалық және әлеуметтік жаңғыртулардың жаршысы болып отырғандығының белгісі. Сондықтан да партия филиалы халыққа берген уәдесін абыроймен орындап келеді. Оны облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуының  қарқынынан, партияның сайлауалды бағдарламасы «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты» бағытын орындауда белсенді жұмыс атқарғанынан көруге болады. Былтырдан бері облысымыз 83 жобаны іске асыру үшін Ұлттық қордан 49,5 миллиард теңге қаражат бөлінген. Оның 11,2 миллиард теңгесі өткен жылы белгіленген уақытта игеріліп, жоспарланған жұмыстар толық атқарылса, биыл 69 жобаға 38,3 миллиард теңге бөлініпті. Өткен он айдың қорытындысы бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес бөлінген 27,9 миллиард теңгенің 26,1 миллиард теңгесі 93,6 пайызға игерілген. «Нұрлы Жол» бағдарламасы тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туғызып, өңірлердің әлеуеті артуда. Инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша биыл 19760 орынды 30 білім беру нысанының құрылысына 23,6 миллиард теңге бөлініп, жоспарға сәйкес оның 14,9 миллиард теңгесі игерілген. Бүгінгі күні іске қосуға жоспарланған 10 нысанның тоғызы – алты мектеп, үш балабақша пайдалануға беріліпті. Былтыр 99 балабақша іске қосылса, биыл 89 балабақша сәбилерді қабылдамақ.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Жұлдызды 25 күн» шеңберінде 25 балабақшаны ашу жоспарланып отыр. Облыста тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту бағыты бойынша биыл 672 пәтерлі 6 тұрғын үйдің құрылысына 1,6 миллиард теңге бөлініп, оның 755,0 миллион теңгесі қаржылық жоспарға сәйкес толық  игерілген. Бұл үйлердің құрылысы жоспар бойынша келер жылы аяқталмақ. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға Ұлттық қордан биыл 19 жобаны іске асыруға 6,3 миллиард теңге бөлініп, оның 3,9 миллиард теңгесі толығымен игеріліпті. Жеке үйлер құрылысына арналған 2 мың 384 жер телімінде 312 шақырым инженерлік желілер құрылысы жүргізілген. Былтыр «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ арқылы бюджеттік несиелеу тетігі шегінде Алматы облысында 6 жобаны іске асыруға 1,6 миллиард теңге бөлініп, игерілгені де айтылды. Соның арқасында тұрғындарды орталықтандырылған жылумен қамту көрсеткіші 26%-ға дейін ұлғайып, жылу желілерінің тозуы 50%-ға дейін және желілердегі жоғалтулар көлемі 20%-ға дейін қысқарыпты.

Қатары жылдан-жылға толығып отырған партия филиалы санға емес, сапаға көп көңіл бөлуде. 16 аудандық және 3 қалалық партия филиалы, 338 бастауыш партия ұйымы бар облыстық партия ұйымына былтырғы 1 қаңтарда 98 мың 556 адам мүше болса, биыл 1 қарашада партия қатары 114 мың 181 адамға жеткен. Яғни, есепті кезең ішінде партия филиалының мүшелері 15 мың 625 адамға артыпты. Соған сай партия мүшелерінің сапалық құрамы да жақсарған. Атап айтқанда, жалпы мүшелердің 53,5 пайызы жоғары, 22,5 пайызы орта  арнаулы, 24 пайызы орта білімді. Былтырдан бері облыстық партия филиалының 54 конференциясы, Саяси кеңестің 42 және Саяси кеңес бюросының 117, бақылау-тексеру комиссиясының 11 отырысы өтіпті. Сол жиындарда «Нұр Отан» партиясы Төрағасының XVII съезде берген тапсырмаларын іске асыру мәселелері қаралып, ішкі партиялық тәртіпті нығайту, қоғамдық қабылдаулардың, депутаттық фракция мен облыстық мәслихат депутаттарының қызметі туралы есептер тыңдалған. Халықпен тікелей әрі тығыз жұмыс істейтін бастауыш партия ұйымдарының беделін көтеру, жетістіктерін насихаттау мақсатында жыл сайын «Ең үздік бастауыш партия ұйымы» байқауы өткізіледі. Барлық партия ұйымдары белсене қатысатын байқаудан былтыр үздік шыққан Қарасай ауданындағы «Елтай» бастауыш ұйымы республика бойынша жүлделі 3-орынды иеленді. Биыл да «Ең үздік бастауыш партия ұйымы» байқауына іріктеу жоғары деңгейде өткізіліп, облыстық кезеңнен жеңімпаздар анықталған. Атап айтқанда, 1-ші санат бойынша Балқаш ауданындағы «Білім» бастауыш партия ұйымы (төрағасы Өксікбаев Бақытжан Нұртайұлы), 2-ші санат бойынша Ақсу ауданындағы «Шоңай батыр» бастауыш партия ұйымы (төрағасы Ибраймова Рахат Нығметбекқызы), 3-ші санат бойынша Жамбыл ауданындағы «Шипагер» бастауыш партия ұйымы бірінші орынды (төрағасы Молдақалықова Доғдргүл Өмірқұлқызы) иеленген.

Одан бөлек, «Нұр Отан» партиясының Жарғысына сәйкес партиялық мүшелік жарна толық және уақытылы жиналуда. Мысалы, былтыр 14,4 миллион теңге жарна есебінде жиналса, биылғы он айда бұл көрсеткіш 10,4 миллион теңгені құрапты. Сайлауалды бағдарламаның «Жаңа әлеуметтік саясат, қауіпсіздік және тұрақтылық» бағыты бойынша іске асырылып отырған партияның 9 жобасын жүзеге асыруға барлық бастауыш партия ұйымдары белсенді қатысуда. Былтырдан бері «Кедергісіз келешек» жобасы аясында облыста жоспарланған 260 нысанға толық бейімдеу жұмыстары жүргізіліп, мүмкіндігі шектеулі жандарға жиі қызмет көрсететін мекемелер орналасқан жерлерде 109 жол таңбалары, 3 дыбысты құрылғы орнатылған және облыстық «Жетісу» телеарнасында 2 телебағдарлама сурдо аудармамен қамтылған.

Халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейін төмендету, шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы ауылдық жерлерде өз кәсібін ашушыларға арналған «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы былтырдан бері нәтижелі жүзеге асырылып келе жатқанын сөз еткен облыс басшысы аймақта жеке қосалқы шаруашылық базасында ұсақ тауарлар өндірісін ұйымдастыруға 6 миллион теңгеге дейінгі шағын несие беруге 2 миллиард 930 миллион теңге қаржы бөлінгенін жеткізді. Осы жоба аясында барлық ауыл-аймақтарда 72 семинар-акция өтіп, 1 мың 207 адамға кеңес берілген. Бүгінде несие алған 261 шаруа қожалығы мал бордақылап, отбасылық сүт аулаларын ашып, кәсібін жүргізіп отыр екен. «Ұлы Дала елі» жобасы аясында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған республикалық «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінде командалық есеп бойынша облыс командасы 1-орынға ие болып, қазан айында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай, облыстық партия филиалы қолдауымен Талдықорған қаласында алғаш рет «Жетісу жүйрігі» атты аламан бәйге өткізілді. «Сәтті қадам» партиялық жобасына сай 16 мың 989 партия мүшесінің қатысуымен 124  іс-шара ұйымдастырылған. Жобаның үшінші бағыты бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде шектік баллды жинай алмаған 1534 түлектің 725-і жоғары оқу орындарына қабылданған. Одан бөлек, 505 жеткіншек техникалық-кәсіптік білім беру мекемелеріне түссе, 248 түлек «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы және бастауыш партия ұйымдары арқылы жұмысқа орналастырылыпты. Биыл мектеп бітірген жастардың 29-ы әскер қатарына шақырылса, тағы 20-сы мамандарды қайта даярлау орталықтарында білім алуда екен. Осылайша, ҰБТ сынағынан өтпеген 1534 түлек өмірдегі өз бағыт-бағдарын тапқан. Сонымен қатар, «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты балалық шақ», «Жастар Отанға» партиялық жобалары іске асырылуда. Партия жұмысының маңызды тармақтарының бірі – қоғамдық қабылдау арқылы тұрғындардың көкейінде жүрген көп мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік берілуде. Былтыр қоғамдық қабылдауға 5079 өтініш түссе, биылғы 10 айда қаралған 3478 өтініштің 936-сы оңтайлы шешімін тауыпты. Қалған 2 мың 542 өтінішке түрлі кеңес берілген.

Жетісу жеріндегі жетістіктерді саралап, атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырған облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталов өз сөзін:
– Енді алдымызда 2017 жылға атқаратын аса маңызды міндеттер тұр. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жетістіктерді насихаттау, жоғары деңгейде іс-шаралар ұйымдастыру және  тәуелсіздігіміздің баянды болуына әрқайсымыз үлес қосуымыз қажет. Қазіргі таңда әлемде тәуелсіз Қазақстанды танымайтын, онымен ынтымақтастық жағдайында іскерлік байланыс орнатып, өзара қарым-қатынас жасауға асықпайтын ел кемде-кем. «Терін төксе жеріне, жер тілеуін береді, елін сүйген еріне, ел тілеуін береді» демекші, осы жетістіктер «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Елбасымыз  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Бағытымыз белгілі, міндеттеріміз айқын. Алдымызда қызу жұмыс күтіп тұр. Ендеше, баршаңызды еліміздің игілігі үшін ауызбіршілікпен аянбай еңбек етуге шақырамын, – деп аяқтады.

Бұдан соң жарыссөзге шыққан бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, партия белсенділері – облыстық мәслихат хатшысы,  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Мұқанов, Талғар аудандық мәслихатының депутаты, грек этномәдени орталығы жетекшісінің орынбасары Наталья Тифанциди, «Нұр Отан» партиясы Іле аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Тұрымбетов, Еңбекшіқазақ ауданы, Түрген ауылдық округінің әкімі, «Түрген» БПҰ төрайымы Бота Елеусізова, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері Карина Горичева, Қаратал аудандық жастар ресурстық орталығының  консультанты, «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі Нұржан Рахметқазынов, «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша комиссияның төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Қанат Қожабеков, Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының  актрисасы, Қазақстанның халық әртісі, партия ардагері Алмахан Кенжебекова, облыстық мәслихат депутаты, Саяси кеңес бюросының мүшесі, Текелі қалалық Мәдениет үйінің директоры Константин Нестеров кезекпен шығып, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының 2015-2016 жылдары атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Соған сай ХІХ есеп беру-сайлау конференциясының делегаттары бірауыздан дауыс беріп, Қаулы қабылдады.

Бұдан соң мінберге көтерілген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Валерий Сапожников баяндама жасап, атқарылған жұмыстарының нәтижесін таныстырып, есеп берді. Осыған байланысты конференция делегаттары дауыс беріп, бақылау-тексеру комиссиясы төрағасының жұмысын қабылдады. Одан кейін алқалы жиынға қатысқан көпшілік облыстық партия филиалының Саяси кеңес мүшелері дауыс беру арқылы сайланды. Онда да толық тізім беру арқылы сайлауды дұрыс деп тапқан конференция делегаттары облыстық Саяси кеңес құрамына барлығы 43 адамды бірауыздан сайлады. Облыстық Саяси кеңестің жаңа құрамын «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева таныстырды. Бұдан кейін облыстық партия филиалының бақылау-тексеру комиссиясының құрамына 7 адам бірауыздан қабылданды.

Конференцияның күн тәртібінде қаралған облыстық партия филиалының төрағасын «Нұр Отан» партиясы Жарғысының 9-6 тармағына сәйкес сайлауға ұсыныс беру үшін «Нұр Отан» партиясының хатшысы Зауытбек Тұрысбеков сөз алып, көпшілікті бірауыздан дауыс беруге шақырды. Сөзін:
– Киелі, қасиетті Жетісу өңіріне,  Елбасымыздың кіндік қаны тамған жерге келіп ерекше қуанып отырмын, – деп бастаған Зауытбек Қауысбекұлы екі жыл Өзбекстанда, үш жыл Ресейде, төрт жыл Украина елдерінде елшілік қызметтер атқарған кезде алған әсерлерін әңгімелеп, еліміздің қарқынды дамуы үшін, ұлттың рухани құндылығын сақтау үшін аянбай еңбек етіп, халық санын арттыруға, білім алуға ұмтылу қажеттігін атап өтті. Сол бағытта партия мүшелері белсенді жұмыс істеп, мемлекет іргесінің беріктігін сақтауға қажетті мамандарды жетілдіруге, халықтың саяси белсенділігін арттыруға күш салу негізгі бағыт болуы тиістігіне тоқталды. Ол үшін білімді жастарды ел мен жер, мемлекет пен халық аянбай еңбек етуге үйретіп, алған білімін тиімді пайдалану керек. Алайда Елбасының бастамасымен шет мемлекеттерге оқытылған 10 мың адамның бәрі бірдей Қазақстан Республикасының игілігі үшін еңбектеніп жатқаны аз. Өйткені, алыс-жақын шетелдер біздің жастарымызды жоғары жалақымен, әлеуметтік жеңілдіктермен қызықтырып, өздеріне әкетуде. Әйтпесе, қазіргідей жаһандану үдерісі кезінде ұлт ретінде, мемлекет ретінде жұтылып кету қаупі басым. Жаһанданудың қармағына ілікпес үшін елдікті сақтауды  ескерткен Зауытбек Тұрысбеков халықтың келешегі «Нұр Отан» партиясымен байланысты екенін жеткізді.

– Бірінші халқымыздың саны көп болуы керек. Осыны қазіргі жастарға дұрыс ұғындырған жөн. Себебі, халықтың болашағы бүгінгі жастар. Баяғыда Жұмабек Тәшенов Оңтүстік Қазақстанның Балтакөл деген шаруашылығына келіпті. Шалғайдағы ауылдан екі орыстың қызын көріп: «Бұлар кімдер?» – деп сұрапты. «Бұлар дәрігерлер», – деген жауапты естіген соң: «Не қазақтар жоқ па?» – деп қайталай сұрақ қойыпты. «Жоқ». «Жиырма баланы дайындаңдар, ендігі жылы медициналық институтқа түсіріп беремін!» – деп мәселені төтесінен шешіпті. Сол жиырма маман әлі күнге дейін сол өңірде жұмыс істейді. Олардың кейбірін көрдім, кездестім, тілдестім. Бәрі де ауылда дәрігер. Өзбек халқында махалла деген бар. Сонда ауылдың жастарына қатысты мәселелер қаралады. Әрқайсына: «Сен дәрігер боласың, сен мұғалім боласың. Біз сендердің қаржыларыңды көтереміз. Оқытамыз, тоқытамыз, елге келіп еңбек етесің», – деп тұжырады. Еврейлерде типуци деген бар. Соны өзім талай зерттеп көрдім. Сонда да өздерінің балаларына қатысты тақырыптар көтеріліп, керекті мамандарды игеру талқыланады. Ондағы кеңестен өткен жастардың өзге жаққа кетуге қақысы жоқ, өз елінде жұмыс істейді. Сондай әдістерді бізге де пайдалануымыз қажет.

Екінші, денсаулығы мықты болған халықтың болашағы жарқын. Үшінші, оқымысты, білімді болуымыз керек. Себебі, біз жеті атаға дейін қан араластырмайтын халықпыз. Шетелдерде елшілікте еңбек еткен жылдарымда жоғары оқу орындарының басшыларынан: «Кімдер мықты оқиды?» – деп сұрайтынмын. Олар: «Қазақ!» – дейді. Сонда төбем көкке екі елі жетпегендей қуанамын. Өйткені, бүгінгі күні біздің қабілетіміз ауыр еңбекке, кетпен-күрекке нашарлау болып тұр. Сол себепті, қиындықты ақылмен, интеллектпен ғана жеңеміз. Онда да дипломның көптігінен гөрі, бір саланы толық білген, бір мамандықты жетік меңгерген дұрыс. Ол үшін оқу керек. 90 жылдарда Елбасымыз 10 мың адамды шет мемлекеттердің 100 жоғары оқу орнында оқытты. Одан бөлек, 30 мың қыз-жігіт өз қаржысымен шетелде білім алды. Барлығы 40 мың адам. Бүгінгі күні солардың 300-ге жуығы ғана мемлекеттік қызмет саласында жүр. Әрине, бірқатары кәсіпкерлікпен айналысады, Ұлттық компанияларда қызмет етеді. Дегенмен, 40 мың адамның қалғаны қайда? Ең бастысы, тіл білетін сондай мамандар сәл қиындыққа шыдамай шетел асып жатыр. Ол кеткен соң, оның кіндігінен таралатын ұрпақ та кетеді, тек кетеді. Біздің бар мақтанатынымыз тек. Сол себепті, осы мәселеге баса көңіл бөлуіміз керек. Бұл өңірден де кеткендер аз емес шығар?! Солардың бәрін Отанына, туған жеріне қайтарған жөн. Олжас Сүлейменовтің айтуынша, әлемде 5 мың түрлі ұлт бар. Олардың ішінде 200-нің ғана елі, жері бар. Қазақстан солардың қатарында. Бұл үлкен мақтаныш. Егемендікті алу оңай емес, бірақ оны сақтау одан да қиын. Сол ауыртпалық, сол жүк ендігі ұрпақтың мойнына салынады. Отанын сүйетін, патриоттығы басым ұл ғана сол жүкті көтереді.

130 ұлт пен ұлыс өкілдерінің басын қосып, бейбітшілікті, тыныштықты, тұрақтылықты өркендетіп отырған елімізге әлем жұртшылығы қызығатынын атап өткен Зауытбек Қауысбекұлы Қазақстанның бүгінгі жетістігін сақтап, құрметтеп келешек ұрпаққа аманаттау әрқайсымыздың міндетіміз екендігін атап өтті. Сол үшін аянбай еңбек ету, отандық өнімнің көлемін ұлғайту басты міндет екендігін еске алды. Соған сай еліміздің өркендеуі, мемлекетіміздің дамуы жолында еңбек еткен «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының лауазымына облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың кандидаттығын ұсынатынын жеткізген партия хатшысы Зауытбек Тұрысбековтың сөзін көпшілік бірауыздан қолдады. Көпшіліктің қолдауына ризашылық білдірген облыс әкімі Амандық Баталов:

– Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда Алматы облысының бюджеті 11 миллиард болатын. Қазір Елбасы саясатының арқасында, Үкімет көмегінің арқасында, облыс активінің қолдауының арқасында, осында отырған барлық департамент, басқарма, мекеме басшыларының, кәсіпкерлік нысандарының тынымсыз еңбегінің арқасында бюджетіміз 400 миллиард теңгеден асты. Мұндай көрсеткіш бұрын-соңды болмаған. Бір ғана білім саласының бюджеті 140 миллиард теңгеден асып отыр. Бұл кейбір облыстардың бюджетімен пара-пар. Сондықтан көрсеткіштеріміз жаман емес. Құрметті конференцияға қатысушылар, «Нұр Отан» партиясының мүшелері, сіздер білдірген сенім үдесінен шығуға уәде етемін! – деп сөзін түйіндеді.

Бұдан соң жаңадан құрылған Саяси кеңестің ашық отырысында «Нұр Отан» партиясы Жарғысының 9-4 тармағына сәйкес Саяси кеңес бюросының 13 мүшесін Саяси кеңес мүшелері бірауыздан дауыс беріп, сайлады. Саяси кеңес бюросының құрамын «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев таныстырды. Облыстық филиал Саяси кеңесінің, бақылау-тексеру комиссиясының, Саяси кеңес бюросының жаңадан сайланған мүшелерін құттықтаған президиум төрағасы алқалы жиынды аяқтады.

ЕЛ СЕНІМІН НЫҒАЙТТЫ

Бота Елеусізова,
Түрген бастауыш партия ұйымының төрайымы:

– «Нұр Отан» партиясы қазақстандық көшбасшы партия ғана емес, әлемдік деңгейде де бағыт-бағдары айқын және даму барысы дараланған биіктігімен бағалы болып отыр. Қазіргі таңда партияға деген ел сенімі нығайып, халықтың қолдауына ие болуы – партия бағдарламаларының нақты, мақсаттарының айқын екендігіне дәлел. Болашағы жарқын партияның біздің аймақтағы қадамы да тың серпіліспен, жаңа тыныспен алға бастап келеді. 35 мүшемен құрылған Түрген бастауыш партия ұйымы биылғы жылы партия мүшелерінің қатарын 607-ге жеткізді. Партияның белсенді, беделді мүшелері округ аумағына мемлекеттен бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына қоғамдық бақылау жүргізеді. Жергілікті қауымдастықтың 63 өкілінің 50-і «Нұр Отан» партиясы мүшелері.

Қай кезеңде болсын ел дамуының негізгі шарты – еңбек. Ал елдің өркендеуі – әр азаматтың еңбекқорлығына байланысты. Бұл орайда, өзім туып-өскен, бүгінде тыныс-тіршілігіне тіреу болып, басқарып келе жатқан Түрген округінде орын алған оң өзгерістер аз емес. Ауылда әрбір еңбекке жарамды азамат өз бойындағы қабілет-қарымына қарай жұмыс жасап, өзінің де, елдің де тұрмысын жаңғыртуға атсалысуда. Жыл басынан 14 орта және шағын кәсіпкерлік нысаны іске қосылып, 69 тұрақты, 300 маусымдық жұмыс орны ашылды. 18 жас маман тұрақты жұмыспен қамтылды.

Мектеп бітіруші 64 түлектің 46-ы жоғары, 12- і арнаулы орта оқу орындарына түсіп, 4-і жұмысқа орналастырылды. Бастауыш партия ұйымы бастамасымен 4 айдың ішінде мүгедек, ата-анасынан бірдей айырылған тұл жетім Арыстан мен Ақеркеге асарлап тұрғын үй құрылысын бастап, биылғы жылы шатырын жаптық. Келер жылы қоныстойын атап өтуді жоспарлап отырмыз.

«Кедергісіз келешек» жобасының нәтижесін әрбір мүмкіндігі шектеулі жандар сезінуде. Дегенмен, несие беруде кейбір қаржыландыру қорлары мен банктердің ішкі құжаттарында «мүмкіндігі шектеулі азаматтарға несие берілмесін» деген талаптар кедергі болуда, сондықтан осы қарама-қайшылық жан-жақты қаралып, оң шешімін тапса деген ұсынысым бар.

ЫНТЫМАҚТЫ ЕЛДІҢ ЫРЫСЫ МОЛ 

Қанат Қожабеков,
«Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша комиссияның төрағасы, облыстық мәслихат депутаты:

– Қазақ халқында «Ынтымақты елдің – ырысы мол» деген даналық бар. Біз бүгінде тарихы біте қайнасқан, тағдыры ортақ тұтас халықпыз. Тірлігі жарасқан, бірлігі бақ ашқан елміз! Әрине ынтымақты ұран, татулықты ту ете білген халқымыздың кеңдігімен «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара, қимыл қосып келе жатқан сіздердің еңбектеріңіз ерен деп білемін, құрметті «нұротандықтар!». Бүгінде бағыты айқын, жоспары нақты, мақсаты биік мемлекеттің болашаққа бастар әрбір қадамы қарышты болары хақ. «Нұрлы Жол» бағдарламасының жүзеге асуы ел экономикасы мен халықты жұмыспен қамту мәселесіне айтарлықтай оң әсерін тигізуде.

ҚР Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Нұрлы Жол» бағдарламасының  өміршең, нәтижелі болуын «Нұр Отан» партиясына тапсырғаны баршаңызға аян. Шын мәніндегі халық партиясы сол халық үшін жасалған бағдарламаның жүзеге асуына жауапты болуы заңдылық. Өткен жылы осы мақсатта мәслихаттардағы партия фракциясы жанынан бағдарламаның 5 негізгі бағыты бойынша комиссия құрылды. Облыс бойынша тұрақты 4 комиссия жұмыс істейді. Шамамен 73 нысан бақылауға алынған. Бұл жұмысты жергілікті жерлердегі партия фракциясының әр деңгейдегі депутаттары мен бастауыш партия ұйымдарының өкілдері жүргізеді. «Көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту» комиссиясы «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан стратегиялық маңызды нысандарды ұдайы бақылап, бөлінген қаржының уақытылы және сапалы игерілуін назарда ұстап келеді. Алматы – Өскемен тасжолының 235–259 км.-дегі учаскесін реконструкциялау жұмыстары, Батыс Еуропа – Батыс Қытай  Алматы – Қорғас автомобиль жолдары құрылысы, Шу – Алматы 1 учаскесінің екінші құрылыс жобасы бойынша ұзындығы 110,7 шақырым теміржолдың жасалып жатқан жұмыстары,  сонымен  қатар, Жаркент өңіріндегі салынып жатқан еліміздегі ең үлкен «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық айлағы логистикалық  инфрақұрылымның  құрылыс  жұмыстары біздің арнайы бақылауымызда.

Дені саудың тәні сау

Карина Горичева,
Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері:

– Мен үшін мынандай биік мінберден сөз сөйлеу үлкен мәртебе. Сол үшін сіздерге рахмет айтуға рұқсат етіңіздер, «Нұр Отан» партиясы мүшелері. Тәуелсіздік алғалы бері еліміз ең бірінші адамның денсаулығын сақтауға басымдық беріп келе жатқанын жақсы білеміз. Дені сау адамның тәнінің саулығын сақтаудағы ең басты көмекшісі дене шынықтырумен және спортпен айналысу екендігі белгілі. Сол себепті де «Нұр Отан» партиясы болашақ ұрпақтың денсаулығын сақтаудағы басты шарттардың бірі ретінде спортты дамыту мәселелеріне баса назар аударып келеді.

Сондықтан да бұл саланың дамуы мемлекеттің басты міндетіне айналып отыр. Біздің облыста бір жарым миллионға жуық жетісулық дене шынықтырумен және спортпен айналысады. Бұл біздің өңірдің ширегінен астамына тең көрсеткіш. Облыста спортпен айналысуға қажетті барлық мүмкіндік қарастырылып, спорттық кешендер ашылуда, жаңа нысандар салынып, спорттық ойындарға қомақты қаржы бөлінуде. Осындай жанашырлық өз нәтижесін беруде. Бұған біздің спортшылардың халықаралық біріншіліктерден жүлдемен оралуы дәлел. Тәуелсіздік жылдарында ондаған спортшы Олимпиада ойындарының алтын медалін иеленсе, одан екі есе көп спортшы әлем чемпиондығы және құрлық біріншіліктерінен жүлде олжалады. Соның бірі ретінде биыл Рио-де-Жанейро қаласында өткен 2016 жылғы Олимпиада ойындарын атай аламын. Халықаралық біріншіліктен біздің спортшылар әртүрлі деңгейдегі 18 медаль еншіледі. Солардың қатарында ауыр атлетикадан алған менің де қола медалім бар. Мемлекетіміз бен Президентіміз, жеңіс жолында біздерге қуат берген миллиондаған жанкүйер, жаттықтырушылар мен спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттағы ұстаздарым көрсеткен қолдау болмағанда мұндай жетістікке жетер ме едік, жетпес пе едік?! Жетістіктің бәрі де, ең алдымен, Жаратқан Құдайдың, содан кейін сіздердің көрсеткен сенімдеріңіздің арқасында. Ендеше әрбір спортшының басты арманы – халқының сенімін ақтау және жеңіс мінберіне Мемлекеттік Ту көтерілгенде шырқалған Гимннің астында басты тік ұстап, көкіректі кернеген қуанышқа марқаю. Чемпионның басты қасиеттеріне – Күш, Ерік, Рух, Патриотизм, Ерлік жатады. Сіздер барда бұдан да биік мақсаттарға қол жеткізіп, Қазақстан Республикасының Көк байрағын желбіретеміз.

Мәди Алжанбай

Дереккөзі: "Жетісу" газеті