24 қаз, 2017 сағат 16:20

«Жетібай-Жаңаөзен» жолының бір шақырымын салуға 1,2 млн доллар жұмсалмақ

«Жетібай-Жаңаөзен» жол учаскесінің бір шақырымын салуға 1,2 млн АҚШ доллары сомасында қаржы жұмсалмақ. Бұл туралы бүгін Сенатта ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сатжан Аблалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Салынатын жолдың құнына тоқталатын болсақ, ол жолдың санатына құрылыс жүретін өңірге немесе жердің бедеріне байланысты болады. Бүгінгі күні біздің шығарып отырған жобамызда 1 шақырымы  (бірінші санаттағы төрт жолақты жол) 1,2 млн доллар шамасында, яғни 400 млн теңге көлемінде. Басқа өңірлерде елді мекендерге жақын жерлерде және жасанды құрылыстар көп жерлерде жол құрылысының құны 600 млн теңгеге дейін жетеді», - деді С. Аблалиев.

Өз кезегінде ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев «Жетібай-Жаңаөзен» учаскесін қаржылындырудың мән-жайын түсіндіріп берді.

«Займ туралы негізгі келісімге 371 млн доллар сомасында 2013 жылы қол қойылды және заңмен сол жылы ратификацияланды. 170 шақырымдық «Шетпе-Ақтау» жолының учаскесін қайта салу жұмысы ағымдағы жылдың соңына қарай аяқталады. Конкурстық рәсімдер мен девальвациядан кейін тиісті көлемде қаржы үнемделді. Үкімет тарапынан 73,3 млн доллар көлеміндегі осы қаржыны көршілес «Жетібай-Жаңаөзен» учаскесін қайта салуға пайдалану туралы шешім қабылданды. Осы орайда 2017 жылдың маусымында Қазақстан мен Азия даму банкі арасында келісімге қол қойылды»,- деді Т. Тоқтабаев.

Аталған қаржы 73 шақырым аралықтағы төрт және екі жолақты қозғалысы бар асфальт-бетонды жолдың құрылысына бағытталады. Сонымен қатар бір жол айрығы, екі көпір, 19 су өткізу құбыры салынады. Жоба 2017-2019 жылдары жүзеге асырылады.