28 мау, 2017 сағат 09:06

Жетесіз жегі құрт

Үп еткен желге бола қара аспанды төңкеріп, мөлт еткен суға мұхитты қотарып, бір ауыз сөзбен ауылды өртейтін әпенділер қаншама. Солардың ішінде өзгешелеу шіреніп мойын жіпке қылқынып, ығайлардың қатарын да көрінгісі келетін бір кісі бар.

Жанына адам баласы жоламақ түгіл, алыстан келе жатқанын көрсең асқазаның көтеріледі. Тіршілік үшін кейде сондайларға тәуелді болатын сәттер де кездесіп жатады. Олай етпеуге лажың жоқ. Тура сол әлсіз жеріңнен ұстауды ол сеннен жақсы біліп алған. Басынан сөз асырмайтыны да сондықтан.  Мойыныңа ажырғы салып, ерттеп желкеңе мініп алып тепеңдейтінін қайтесің. Кейде,  асқынғанның үстіне асқынып, қазаққа тіл, ар мен иба туралы түсіндіргісі келіп екі ұрты бүлкілдей қалатыны тағы бар.  

Атеизмнің жылтпасына жұмырын әбден майлаған көркеуде тоғышар байқұс, қызды-қыздымен Құдайдан қорқуды ұмытып, кейде жаратушыны сықаққа күлкіге айналдырғысы келеді. Міне, жұрт сеніп сенім артып отырған найсаптың күйі осындай.

Ақыл-есі дұрыстау дегендердің өзі, осы қорашты қолтығынан демеп, қолпаштап әлек, көтермелеп бәйек болады. Қыстық соғымы мен аужалын қарасытылғындағы тоғышарлар тобы даярлайды. Жем-шөбін десем артық болар...

Негізі олардың ойлап жүргені, бұл «Тұлғаның» қарастылығын да  жүргенін асқан бақыт сезінудің жемісі. Олардың да қайсыбірі оңып тұрғаны шамалы. Өсек айтып жұртты шағыстырудан қара үзеді. Алдына жан салмайды.

  Жегі  құрттың ойлап таппайтын бәлесі жоқ. Жұмыс демалысын да қарадай іші қызып, қызылкөздік қасиеті оянып тынышта ұйықтай алмайды. Неге дейсіз бе, жұмыс бастала салысымен басқаларды жамандап, қарастылығындағы адамдарды жүндей түтіп, жер-жебіріне жетіп боқтайды. Содан ләззат алатын секілді ме, ол жағын түсінген жан баласы әзірге жоқ.

Орынсыз әкіреңдеп, қарғап-сілеп қазбалап әке-шешеден түсіп балағаттаудың қас шебері. Диплом жұмысын «Анайы сөздердің ағзаға әсері»,- деген тақырыпта екі мың доллар төлеу арқылы  қорғап шыққанын айтар болсақ, сіз, бізді жек көруіңіз бек мүмкін. Алайда шындық осы. Не десеңіз де еркіңіз білсін! Шуылдаған қыз-қырқынды жинап алып, даурығып айғай салып, шампан атып шарап ішіп шалқыған да барып, оның нағыз кеспірін көруге болады. Оған дейін оны тануға тырысудың қажеті жоқ.

Адамды жамандап бақыт таппасымыз анық. Алайда  көре тұра жақ ашпай қалуға болмады. Соңғыларға ескертуіміз болсын деген оймен қозғап отырмыз. Жұрттар ағаш атқа мінгізген де, тақымы ауырмасын деп көпшік салып бәйек болдық. Тексіз бәрібір тексіздігін дәлелдеді. Осы жолы ол ойымыздан айнып қалдық.

Өтірік көпірме сөзді судыратып, тілімен өзінен жоғарғылардың кебісін тазалайтын болса халықаралық дәрежедегі спорт шебері, біреудің сыртынан домалақ арыз жазып, бәле шығаруға келсе әлем шемпионы бола алады. Бүкіл ғұмырын «Өзімнен басқа ешбір жанға жақсылық жасамау керекпін»,-қағидасын берік ұстанғаны сонша, кескін –келбетінен кім екені менмұндалап тұрады.

Зәудеғалам біреу жетістікке жетіп, қуанышқа кенелсе, бұл сабазың  ине жұтқан иттей қылғынып дөңбекшиді-ай келіп. Оның  тек өзіне ғана тән ит мінезімен тоғышарлық қасиеті осындай. Осынау жершарын тек бір өзі иемеденіп, бір өзі ғана өмір сүретіндей сезінуі өкіншті. Бәрібір сыртынан шуылдаймыз ғой, құлағы тыныш қалсын ба... Жегі құрт түбі өзін жеп тынатыны ақиқат.

К.БОҒЫДАБАЕВ,

Ұлт порталы