Жер комиссиясының төрағасы Асқар Мырзахметов ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты Парламент қарауына ұсынылатын бірқатар мәселелерді жариялады. Соның ішінде қазақстандықтарға жерді жалға беру мәселесі бар. Бүгінгі заңнамаға сәйкес, Қазақстан азаматтары ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға жалға ала алады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Келесі бір мәселе – Жер кодексінде ауыл шаруашылығы жерлерін берудің егжей-тегжейлі регламенттерін белгілеу. Себебі өткен отырыстарда біз айттық, бүгінгі қоданыстағы заңнамаларда жерлерді бағытына қарай бөлмей, жалпы жерді беру тәртібі ғана берілген. Ал, енді ауыл шаруашылығы жерлерінің қаншалықты маңызды екенін жақсы білеміз. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы жерлерін жалға берудің өз алдына жеке тәртібін, регламентін бекіту керектігі жайында айтылды. Ауыл шаруашлығы жерлерін жалға беру жөніндегі конкурстардың ашықтығын қамтамасыз ету бұл да бүгінгі таңда үлкен бір мәселе ретінде талқыланды. Осыған орай, жалға беру конкурстарының құрамына қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің өкілдерін қатыстыру бойынша шешім қабылданып отыр», - деді А.Мырзахметов комиссияның бүгінгі отырысында.
Сондай-ақ әкімдіктердің ауыл шаруашылығы жерлерін жалға берудің нақты бір конкурс өткізетін қағидаларын әзірлеу бойынша ұсыныстар бар.
«Жалға беру мерзімін бизнес жоспарға сәйкес, инвестициялардың көлеміне қарай айқындау, яғни жерді аламын деген кезде оған бірден 49 жылға беріп қоймай, алдымен оның бизнес жоспарын, оның инвестициялық мүмкіндіктерін қарау, соған қарай, жерді жалға беру мерзімі бойынша шешім қабылдау ұсынылып отыр. Айталық, алғашқы кезде қысқа мерзімге жалға бергеннен кейін сол азамат алған міндеттерді ары қарай орындайтын болса, онда сол жалға алу мерзімін ұзарту мәселесін қарастыру қажет», - деп атап көрсетті А.Мырзахметов.