Фото: Ашық дереккөз
23 шілде күні Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жер сілкінісі тіркелді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 4 балдық дүмпу Көкпекті, Қалбатау, Қасым Қайсенов, Самар ауылдарында, сондай-ақ Өскемен қаласында сезілді. Семей мен Аягөзде 2–3 балл шамасында байқалған. Қуанышқа орай, зардап шеккендер жоқ. Алайда бұл жағдай еліміздегі ең маңызды сауалдардың бірін күн тәртібіне шығарды: біз жер сілкінісіне дайынбыз ба?
Жаттығу емес, ескерту
Келесі күні, 24 шілдеде, Үшарал қаласының маңында тағы жер сілкінісі тіркелді. Осы тұста елімізде "Жер-2025" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталған болатын.
Министрліктің хабарлауынша, 24 шілде күні сағат 10:00-де Алматы мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ сейсмикалық қауіпті аймақтарға жататын жеті облыста «Баршаның назарына!» атты сирена-сөйлеу жүйесі іске қосылды. Адамдар көп жиналатын орындарда сейсмикалық жаттығулар өтті. Оқу-жаттығу азаматтық қорғау жүйесінің жойқын жер сілкінісі жағдайында әрекет ету дайындығын сынау мақсатында ұйымдастырылды.
Шығыс Қазақстан: қағаздағы қауіп – нақты қатер
Шығыс Қазақстан облысы – сейсмикалық қауіпті аймақ. Өскемен мен Риддер қалаларында 7 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін. Ал бұл өңірдегі әлеуметтік нысандар (мектептер, ауруханалар, балабақшалар) көбіне сейсмикалық талаптарға сай емес.
2006 жылға дейін салынған 240 мектеп жоғары қауіп төндіреді
Қайта жөндеу қажет, бірақ бір мектепті сейсмикалық талапқа сәйкестендіру 250–450 млн теңге аралығында қаржыны талап етеді.
Жаңа құрылыстарда темірбетон конструкциялар мен сейсмикалық оқшаулағыштар (резеңке демпфер, серпімді тіректер) қолданылып келеді. Бірақ бұл технологиялар барлық нысандарға жеткен жоқ.
Қауіп – жоғары, шара – кешенді
Қазақстанның ең сейсмикалық қауіпті қаласы – Алматы. Қала аумағында 27 тектоникалық жарық орналасқан. Мұндағы ғимараттар 9–10 балдық дүмпуге төтеп беруі тиіс.
2017–2018 жылдары 10 мыңға жуық ғимарат тексерілді. Соның 30–35%-ы сейсмикалық тұрақтылығы төмен деп танылды.
2023 жылдан бастап 2000 жылдан кейін салынған 16 701 нысан қайта тексерілді.
5 600-ге жуық ғимарат қайта жөндеуді немесе бұзуды қажет етеді.
Кеңестік кезеңде салынған кірпіш және панельді үйлердің кейбір түрлері жоғары қауіпті саналады. Алайда халықтың кейбірі үйдегі жүк көтергіш қабырғаларды рұқсатсыз бұзып, жағдайды қиындатып отыр.
Жаңа ғимараттар – үміт пен үлгі
Қазіргі таңда заманауи құрылыс жобаларында монолитті темірбетон кеңінен қолданылады. Бұл тәсіл сейсмикалық төзімділікті арттырады. Осы жағдайға бірнеше мысал келтірейік:
Алматы әкімдігінің ғимараты — арнайы металл конструкциялармен 10 балдық жүктемеге төзетіндей күшейтілген.
"Қазақстан" қонақ үйі (1977) — монолитті бетон ядросы арқылы сейсмикалық қауіпке бейімделген.
Көктөбе телемұнарасы — инженерлік шеберлік үлгісі, 10 балдық сілкініске төтеп беруге қабілетті.
Не істеу керек?
Халыққа:
Телефонда 112 нөмірі қосылғанын тексеріңіз;
Жер сілкінісі кезінде басыңызды қорғап, терезеден алыста болыңыз;
Отбасыңызбен жиналу орнын келісіп алыңыз;
Құжаттар, су, дәрі қобдишасы, қуаттағыш дайын болсын.
Мемлекетке:
Сейсмикалық қауіп картасын жаңарту;
Мектептерде тұрақты жаттығулар енгізу;
Хабарландыру және эвакуация жүйелерін орнату;
Сейсмикалық тұрақты құрылысқа талаптар мен субсидиялар енгізу.
Жер сілкінісінің нақты уақытын болжау мүмкін емес. Бірақ оған дайын болу – мемлекет пен азаматтың ортақ міндеті. Қалаларда жүйе бар, бірақ ол халықпен жеткілікті байланыс орната алмай отыр. Ауылда жүйе әлсіз, алайда қауіп барын жұрт түсініп келеді.
Ақбота Мұсабекқызы
