26 шіл, 2016 сағат 16:40

Жер сату: "Пайдасы". Зияны. Тарихы

     

 2016 жылдың Наурыз айының соңында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев үкімет шілденің 1-інен бастап елде ауыл шаруашылығы жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Сәуірдің 24-інен бері Атырау, Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен, Алматы, Орал қалаларында  жер туралы заңға енгізілген өзгерістерге қарсы ірілі-ұсақты наразылық акциялары өтуіне байланысты 1 мамыр 2016 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексінің даулы баптарының күшін уақытша тоқтатты.

          РЕСМИ ДЕРЕКТЕР:  Қазақстан Республикасының «Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Заңы қабылданды, ол 2016 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Онда бос жатқан ауылшаруашылық жерлерінің бәрін аукцион арқылы сату көзделген. Аукцион барысында жердің сатып алушысы анықталмаса онда нысанның құны төмендетіліп, қайта сатылымға шығарылады. Жерді сатып алған азамат оны қайта сатуға құқылы.

          Жер Кодексіне сәйкес, жер жеке меншікке қазақстандықтарға ғана сатылады. Ал, шетел азаматтары аукционға қатыса алмайды. Олар тек 25 жылға жалға алады. Бұл туралы ҚР Парламенті депутаты және Ұлттық экономика министрлігінің басқарма жетекшісі Самат Сәрсенов ақтөбелік тұрғындармен кездесуінде осылай деді.  (Самат Сарсенов «Шетелдіктерге жер сатылмайды» 6.05.2016 жыл http://kerek-info.kz/kerek-akparat/2084-samat-srsenov-sheteldkterge-zher-satylmaydy.html).

        «Жер 2003 жылдан бері сатылуда. Қазір 3 млн гектар жер жеке меншікке сатылып, 65 мың гектар жер шетелдіктерге жалға берілген». (С.Сәрсенов, ҰЭМ-нің басқарма басшысы.

http://www.azattyq.org/a/kazakhstan_astana_interview_with_samat_sarsenov/27714921.html).

        «Мен депутат боп жүргенде көп жер арабтарға беріліп кетті. Соның барлығын шешіп, күн тәртібіне қою керекпіз. Жерді жалға берсек, тек өз азаматтарымызға берейік. Біз бұған түгелдей қарсымыз» (Мұхтар Шаханов «Жерді шетелге де жалға беруді тоқтату керек» 14.05.2016 жыл. http://qamshy.kz/home/show/6629).

        «Ауыл шаруашылығы жерлері шетелдiктерге сатылмайды. Сатылатыны өнеркәсiп өндiрiсiне қарасты жерлер. Мысалы, шетелдiк инвестор зауыт салса, зауыт ғимараты мен құрылыс тұрған жер учаскесi шетелдiк азаматтiкi саналады. Яғни, шетелдiктер өнеркәсiпке арналған жерлерді сатып ала алады» (ҚР Ұлттық экономика министрiнiң орынбасары Қ.Өскенбаев. 20.04.2016 жыл «Ұлт Ақпарат». http://ult.kz/18983/sheteldikterdin-kandaj-zherdi-satyp-aluga-kykygy-bar/).

        «Жер кодексiнiң 24-бабына сәйкес, шетелдiктер мен оралмандарға жер сатылмайды. Оларға 25 жылға жалға берiледі. Қазiргi таңда 10, 15 және 49 жылға берiлген жерлер одан әрi жалда бола береді». (ҚР ҰЭМ Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi және жер ресурстарын басқару комитетi төрағасының орынбасары Б.Смағұлов 20.04.2016 жыл «Ұлт Ақпарат»).

         «Қазақстан Ресейге 63 мың гектар жерін жалға беретін болды. «Мәселе зымыран қалдықтарының құлау траекториясының өзгеруінде. Яғни, бұрын олар Жезқазған аумағына құлап келген болса, енді Ақтөбе облысындағы Ырғыз ауданы және Қостанай облысындағы Жангелді аудандарының аумағына құлайтын болады. Барлығы 63 мың гектар жер бөлініп отыр: 22 мыңы Ақтөбе облысында, 41 мыңы Қостанай облысында орналасқан», — дейді вице-министр. (4.07.2016 жыл «Ұлт Кз» (http://ult.kz/23540/kazakstan-resejge-63-myn-gektar-zherin-zhalga-beretin-boldy/#comment-16748).

         «Қазақстан жерінің жалпы аумағы – 272 млн га, оның ішінде ауыл шаруашылығына пайдаланылып жүрген жер – 100 млн га, бос жатқан босалқы жер – 100 млн га.

         Жер 2003 жылдан бері сатылуда. Сол жылғы жер кодексі қабылданғаннан бері жердің 3 миллион гектары жеке меншікке сатылған. Қалғаны жалға берілген.

         65 мың гектар жері шетелдіктерге жалға берілген.

         Шамамен 1,7 млн га жер алғашқы сатуға дайындалып жатыр». (4 мамыр 2016 жыл, Ұлттық экономика министрлігінің құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті басқармасының басшысы­ С.Сәрсеновтің дерегінен.

http://www.azattyq.org/a/kazakhstan_land_protest_interview_with_samat_sarsenov/27715081.html).

         Жер сатудың «ПАЙДАСЫ» жайлы К.Мәсімов өкіметінің келтірген уәждері:

  1. Ауыл шаруашылығы жанданады. Қарсы уәж: Ауыл тұрғындарына жерді сатпай-ақ жалға беріп, мемлекет көмектессе болды. Мысалы, арзан пайызбен қарыз беру, МТС-тердің қызметін қалпына келтіру, су жеткізіп беру т.т.  Ондай тәжирибеміз бар. Оны жақсы білетін ауыл қарияларының көзі тір

  2. Ақшаға кенелеміз. Уәж: Жарайды, жерді қазір сатып, бюджеттің жыртығын 2 млрд доллармен жамадық делік. Келесі жылы немізді сата­мыз?! Бізде басқа сататын не қалды? Әрине, қазіргідей қысылтаяң, қиын шақта қолында қаржысы бар адамдардың жер саудасынан ұтары көп. Ал, қарапайым халыққа ондай пайдасы тиемейтіні айдан анық.

  1.  Жердің азып-тозуына тосқауыл қойылады.  Уәж: Қалай жасасаң да жерді үздіксіз пайдалану жердің құнарлылығын төмендетеді. Ежелгі тәжрибеге жүгіну керек. Негізгі тәсілдердің бірі, жерді учаскелерге бөліп демалдыру, немесе ауыспалы егін тәсілін қолдану. Химиялық «тыңайтқыш» қолдануды азайтып, табиғи «тыңайтқыштарды» қолдануға бет бұру. Қазіргі таңда, диқаншылардың басым көпшілігі сатуға шығаратын өнімдеріне ғана «химиялық» тыңайтқыштар қосады, ал өздері жейтін өнімдеріне пайдаланбайды.

  2.   Еліміздің экономикасы көтеріледі. Уәж: Ұлан байтақ даламыздың асты мен үстіндегі бар байлығын (алтын, күміс, шырыш, мұнай, газ т.т.) сатқанда көтірілмеген экономиканы жер сатудан түсетін азғана ақшамен көтеремін деу барып тұрған экономикалық сауатсыздық.

  3.   Ауылшаруашылығы дамиды. Уәж: Ауыл шаруашылығын дамыту үшін жер пайдаланудағы тәжрибесі мол ауыл тұрғындарын жоспарлы түрде қалаға көшіруді ұйымдастырудың қандай қажеті бар еді. Орыс тілді өкіметтің бірнеше жыл бойы тоқтаусыз жүргізген «урбанизация» саясаты бәріміздің көз алдымызда болған жоқ па? Әлі де жүріп жатыр. Орыс тілді өкімет бізді бұл жерде де алдап соқты. Есімізде болар, ұлттың зиялылары ұлттық идеологияны экономика менен қатар қолға алу жөнінде мәселе көтергенде, бірінші ақша табайық, деп ұлттық идеологияны кейінге қалдырғаны. Оның қорытындысы тіліміз бен саясатымыздың және мәдениетіміздің «тізгінін» Ресейдің қолына, ал дініміздің «тізгінін» арабтардың қолына бердік. 25 жылда ел билігінің мемтілде тілі шықпауы және мына «мұзжарғыш» салафилер соның жемісі.

  4.     Өз өнімімізді жеп, экспортқа шығарамыз. Уәж: Жер егуге шетелді араластырмай-ақ шығып жүрген жоқпыз ба? Бұдан тәжрибеміз өте мол. Тіпті кей саладан әлем елдерінің ең алдыңғы қатарындамыз. Қазақстан астығының экспортқа шығып кеткелі әлдеқашан емес пе?

  5. Қазақстанның жері бос жатыр, сол жерлерді игереміз. Уәж: Ақиқатын да, қарапайым қазақтың егін егіп, баспана (үй) салмақ түгілі, «тауық кетек» салатында жері жоқ. Өкімет берген уәдесін орындамады. Бос жатса да еш айыбы жоқ. Біз игермесек, ұрпағымыз игереді.

        «Жер реформасы жөніндегі комиссияның үшінші отырысында қоғам қайраткері әрі аталған комиссияның мүшесі Мұрат Әбенов елімізде тұрғын үй салу үшін 1 миллионнан астам азамат 10 соттық (ауыл халқына 20 соттық) жер алу кезегінде тұрғандығын айтып, осы мәселенің шешілуіне көмектесу керектігін айтты, - деп хабарлайды. (28.05.2016 жыл «Қамшы Кз» (http://www.qamshy.kz/home/show/6927).

  1. Жер сатып мемлекет байитын болады. Уәж: Байитын мемлекет емес тек қана шенеуніктер мен байлар. Мемлекет шенеуніктер мен байлардан тұрмайды. Мемлекеттің негізі кәдімгі қарапайым қалың қазақ.  Шенеунік те, байлар да осы халыққа қызмет жасауға тиіс. Бізде бұл керісінше болып тұр. Мұның соңы жақсылыққа апармайды...

 

        ЗИЯНЫ: 1. Жоғары да айтқанымдай, жерге тек шенеуніктер, ірі байлар және шетелдіктер ие болады. Біздің бұлай ойлауымызға толық негіз бар. Себебі, Қазақстан билігі жер иелері туралы ақпаратты құпия сақтайтын заң қабылдап жіберген. Жарияласаң соттап жібереді.

         «Үкімет басшысының орынбасары Асқар Мырзахметовтың айтуынша: «Жердің ірі иеленушілері туралы ақпарат, мемлекеттік құпиялар қатарына жатады, яғни ол жайлы арнайы заң бар. Жердің иесі жайлы ақпаратты меншік иесінің келісімі болса ғана жариялауға болады».

(04.07.2016 жылы Абай Кз» басылымында (http://abai.kz/post/view?id=8637).

  1.  Қарапайым қазаққа соларға жалданып құл немесе күндікші болудан басқа жол қалмайды.
  2. Сатылған жерге қарапайым қазақ аяқ баса алмайды.
  3.   Жер иеленушілер сатып алған жерлерінің сыртын шарбақпен қоршап, ішіне ешкімді кіргізбейді. Тіпті заң орындары қызметкерлерін де. Оларға да кіруге рұқсат алулары керек болады.
  4.   Сатылып кеткен жердегі Ата-бабамыздың моласының басына бара алмайтын боламыз.
  5. Ол жердегі Ата-бабамыздың молаларының үстіне жол салынып, егін егіліп немесе әртүрлі ғимараттар салынып аяқ астында қалады.
  6. Сатылып кеткен жерді оңайлықпен кері қайтарып ала алмаймыз. Кері қайтарып алудың бірінші жолы егер сатса (мысалы қытайлықтардың, орыстардың т.т. кері сататына күмәнім бар), бірнеше есе бағасын беріп қайта сатып алу. Екіншісі, қылмыс жасап күш қолдану арқылы тартып алу. Оның басқа жолы жоқ. Егер ертең солар сатып алған жерден алтын, күміс, мұнай т.т. шықса не істейміз? Құқықтық мемлекеттен Қылмыстық мемлекетке айналып кетпейміз бе?
  7. 25 жылдан кейін  немерелеріміздің «Жерімді қайтарып бер!» дегенін кім тыңдайды.
  8. Заңмен рұқсат етілгеннен кейін жер сату процесі тоқтамайды. Жақын келешекте жер де сатылып бітеді. Сонда қазақ баласына өлген де қайда жерленемін деген мәселе туындайды. Жер сатудың ақыры  бізді мұсылмандықтан шығарып, күлімізді көкке ұшыратын, яғни сүйегімізді өртейтін болады.
  9. Жер сатудың соңы қазақ халқын бай мен кедей деген екі тапқа бөліп, оның соңы тағы баяғы 1905 және 1917 жылдардағыдай  төңкеріске әкеліп соғады. Баяғы КСРО тарих кітабында айтылғандай,  «екінші аяғын басатын жер таппай, бір аяғымен тұрған шаруаның» кебін киеміз.
  10. Қазіргі ҚР орыс тілді билігі ешқашан шеше алмайтын  «Жер дауы» бұрынғыдан да бетер өршитін болады. Елімізде, жер дауына байланысты қаншама толқулар, шерулер орын алды. Сол даудың соңы тіпті кісі өліміне де апарып соқты. Мысалы, Алматыдағы «Шаңырақ» оқиғасы.
  11.       Жер сатылса қарапайым қазаққа "БАРАР ЖЕР, БАСАР ТАУ" қалмайды. Бұл қазірдің өзінде солай. Әуежай, ТЖ вокзалы, базар, мал базары т.т. бәрінің сырты өте алыс қашықтықпен қоршалған, ішіне көлігіңмен кірсең ақша сұрайды. Оның құнын жақында кейбіреулер тағы екі есеге көтеріпті. Ақшаң болмаса, алған малыңды бір км-ге жаяу арқалайсың, немесе күтіп алған қонағыңды жүгімен қосып арқалайсың.

         Еліміздің барлық көрікті жерлері әлдеқашан сатылып кеткен. Бәрінің сырты шарбақпен қоршалған. Ішіне мүлдем кізгізбейді. Кіргізетіндері әкесінің құнын сұрайды. Мысалы, Көкшетаудағы «Бурабай», Шымкент қаласы маңындағы «Машат» шатқалы, Маңғыстаудағы «Ақмыш» пен «Тамшалы» т.т..

         «Біз қазір Қапшағайдың жағасына барып, суға түсе алмай қалдық, балық аулай алмай қалдық. Алакөл, Балқаш, бәрі сол. Бөгенбай, Қабанбайлар тіріліп келсе, бетін де жуа алмайды Қапшағайдан, өзінің қорғаған жерінен. Міне, 2003 жылы жер жеке меншікке еніп, халықтың  көргені осы». (Д.Көшімов, «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. 21.05.2016. Источник: http://24.kz/kz/zha-aly-tar/basty-zha-aly-tar/item/120962-ya-otyrysy-aya-taldy).

          «Қызылорда облысында өткен жер реформасы бойынша қоғамдық комиссияның отырысында журналист Жанарбек Әшімжан ірі жер иеленуішілері туралы ақпаратты ашық түрде жариялау мәселесін көтерді. Себебі Райымбек ауданының өзінде барлық жерді төрт-ақ адам бөліп алған. «Ел қыстаудан жайлауға көше алмайды. Жолға дейін меншіктеп алған», — дейді Ж.Әшімжан, деп хабарлады Baq.kz тілшісі». (04.07.2016 жылы Абай Кз» басылымында (http://abai.kz/post/view?id=8637 жарияланған). Мұндай деректер өте көп.

  1. Қазақтың Атамекені мен бар байлығы қазақтың емес, «диаспоралардың» иелігіне өтеді. Өтіп те болыпты. «Қазақ жерінің 64 пайызы қазақ еместердің қолында» (Т.Жұртбай 27.08.2015. https://www.youtube.com/watch?v=UxhQc8OnQeA).

       1914 жылы желтоқсан айын­­да Орынборда Ә.Бөкей­­ханның басшылығымен өткен ІІ Бүкіл қазақ съезінде: «Жер, жердің үстіндегі түгі, оның астындағы кені – Алаштың мүлкі болып табылады» деп бекітілген.

        ...Алаш дегеніміз, ол – халық. Жер – халықтың мүлкі. Сіздер болса, соны сатайын деп отырсыздар», — деп атап көрсетті Д.Көшім.  «Жерде жеке меншікке сату керек дейтіндер мемлекетке сенбейді» 18.06.2016.  http://ult.kz/22556/d-koshim-zherdi-zheke-menshikke-satu-kerek-dejtinder-memleketke-senbejdi/).

          КИЕЛІЛІГІ: Жер сатылып, яғни құны айқындалып қолдан қолға өтетін болса қадір-қасиеті кетіп, киелілігінен айрылады.

          Атам Қазақ «ЖЕР» деген сөздің түбірін (өз түбін, сөздің атасын, қазіргіше айтқанда «авторын») «ЕР» (Ер-азамат) деп атаған. Демек, өзіңді өзіңнің сатуыңа болмайтыны сияқты, жерді де сатуға болмайды. Ұлы Аталарымыз жер сатуды «сатқындық» пен «жезөкшелікке» теңеген. Демек, жер сату ұлтқа деген сатқындық болып табылады.

          Сонымен қатар, Ұлы Аталарымыз "АНА, ЖЕР, АНА" деп жерді АНАҒА ДА теңеген. Анаңды жалға беріп, сатуға болмайтыны сияқты Жерді де жалға беруге, сатуға болмайды. Демек, Жер сатуды ең сорақы азғындыққа балаған.

         Ұлы Аталарымыз туған жерді Атамекен деп атаған.  Ата мекен (м-еке-н),  – Ата алдында, мен сөзінің қақ ортасында еке (әке) тұр.  Бұл сөздің толық мағынасы «Атам мен әкемнің моласы жатқан және менің туған жерім». Атамекен, бұл Қазақтың жерге қатысты Ата салтының мағынасын ашып көрсететін ең қасиетті сөзі.

        Бұндай ұғым жер бетіндегі еш бір елдің  сөздік қорында жоқ. Себебі, бұл әлем елдерінің барлығы Адам Атадан және оның қарашаңырағы Қаз Ағадан (Қазақтан) тарады дегенді білдіреді. Бұл ұғымның мағынасы бүгінгі қазақтар сол ең түптегі Адам Атамыздың мекенінде отыр деген сөз.

        Бұл ұғымның қадір қасиетін толық ұғыну үшін, қазіргі таңда осы ұғымның орнына қолданыста жүрген Отан ұғымының мағынасын толық түсіне білуіміз қажет.

      Отан – От анамыз бен Отбасымыздың, яғни бала-шағамыздың орналасқан жері. Демек, отбасың қайда болса Отаның сонда, яғни ит сияқты қарның қай жерде тойса, отаның сол жер деген сөз. Бұл қазіргі Америкаға жер-жерден жиналған әр түрлі ұлттардың «қыдырымпаз» өкілдерінің қағидасына толықтай сәйкес келеді.

       Біз қазір Атамекенді ауызға алмаймыз, оның орнына бар жерде үнемі бірінші етіп «Отан отбасынан басталады» деп, Отан деген сөзді ауыздан тастамаймыз. Бізге ұлы аталарымызға лайық толық қанды ел болу үшін бірінші кезекте Отанды емес, Атамекенді қоюға тиіспіз. Шындығында да, Атамекенді ауызға алмай, тек қана жалаң Отанды уағыздау біздің Ата тарихтан да, оның ұлы мәдениетінен де толықтай бас тартқандығымыз. Бұл космополитизмнің бастау алатын жері, яғни сол жерге апаратын тіке жол. Ана тіліміздегі космополитизмнің баламасы «Ер туған жерінде, ит тойған жерінде» делінеді. Қазіргі Қазақстанның солтүстік өңірлеріне өзге ұлт өкілдерінің аса көбейіп кетуі осы тұжырымымыздың айдай айғағы болмақ. Бұл баяғы Америкалықтардың (Европалықтардың), яғни ебрейлік большевизмнің жобасымен қолдан жасалған «Мой адрес Советский Союздың» жалғасы.

        Бұл екі ұғымның айырмасы аса үлкен. Себебі, сен Ата мекеніңді  ешқашан сатпайсың, сата да алмайсың,  қазақта ондай ұғым да, ондай сөз де жоқ. Атамекен (атаң, әкең және өзіңнің туған жерің) сенің өзіңнің және ұрпақтарыңның жүрегінің түпкірінде мәңгі жатуға тиіс. Ал, қазір Отанын сататындар толып жатыр. Бұған айғақ іздеп алысқа ат айдаудың да қажеті жоқ. Нұр Отанға мүше болып алып, партиясында, соған қоса елін де, жерін де сатып шетелге қашып жүргендер қаншама десеңізші! Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда бүгінгі көптеген ұрпақтардың арасында Атамекен, Туған жер деген ұғымдардың оты сөнуге айналған. Көптеген замандастарымыз Отбасын ертіп алып, көже қарнын тойғызатын Отан іздеп жер шарын шарлап кеткені ешкімге де құпия емес.

        Бұндай әрекеттің  мысалдары, қазақ даласында да айқын көрініс табуда. Мысалы, солтүстіктің қазақтары атамекен - туған жерлерін  орысқа босатып берсе, оңтүстіктің (Шымкенттің) қазақтары атамекендерін өзбекке беріп, өздері бүкіл қазақ даласын шарлап, «көже қарын тойғызатын жер» іздеп кетті. Демек, қазіргі қазақ руларының ежелгі қазақи болмысы бұзылуға айналған.

        Тарих тағлымы: Әрбір Қазақ баласының «көзінің қарашығындай» қорғауға тиіс ары мен намысы: Ар-иманы, Атамекен - туған жері және Отбасы. Егер адам баласында осы үшеуі болмаса және оларда осыларды қорғайтын сенім болмаса, онда ол нағыз арсыздың өзі. Бұндайларды Атам Қазақ «Ер туған жерінде, ит тойған жерінде» деп итке теңеген. Бұл қазір ғылыми тілде «космополитизм» делінеді. Қазіргі халықты тонап шет ел асып кеткендердің бәрі осы топқа жатады.

 

          ТАРИХИ НЕГІЗДЕМЕСІ: Жоқ. «ЖЕР МЕМЛЕКЕТТІҢ МҮДДЕСІ. ОНЫ БІРЕУГЕ ҚАЛАЙ БЕРЕМІЗ» (Күн қағаны МӨДЕ).

        «Қытайдың терістігін мекендеген Хұн екі ұлысқа, яғни тайпалық бірлестікке топталады. Соның түстік ұлысы-Донху ханы Хун Тұманы өлген соң, елші жіберіп, ханнан қалған тұлпарды сұратады. Мөде уәзірлерімен кеңесіп, көрші елмен бір атқа бола жауығамыз ба деп, тұлпарды елшіге жетектетеді. Тағы бірде Донху Мөденің нақсүйерін (яньчж) қалайды, уәзірлері: «Донхулардың есі дұрыс па?! Әлде, бізді басынғаны ма, бұлардың қай қылығы, оның ханы арсыз, ұятсыз адам екен! Донхуға қарсы ұрысқа аттанайық!»-деседі. Мөде: «Көрші елден бір қатынды аяймыз ба?»,-деп өзінің нақсүйер әйелін Донхуларға жөнелтеді.

       Мөденің нақсүйері қолына тиген Донхудың ханы есіріп кетеді. «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман адамға мал бітсе, жанына қоңсы қондырмастың» кері келіп, Донху жерінің батысында 1000 лилік құм тақыр болушы еді (мұңғыл (Мұңал М.Қ.) даласындағы Қалғанның оңт.-батыс жағы). Мұнда екі жақтың шекарашылары тұратын. «Осы аралық сендерге қолайсыз, маған тарту етіңдер»,-деп, Донхудың ханы Мөдеге тағы кісі жібереді. Мөденің кеңесшілері: «Пайдаға асып жатқан жер емес, берсе де, бермесе де болады»,-деп солқылдайды. Сонда Мөде қаны қайнап: «Жер-мемлекеттің негізі емес пе, жерсіз мемлекет бола ма?! Оны қалай бермексіздер!»-дейді де, жерді берейік дегендердің басын алдырады.

        Мөде енді атқа қонып: «Кейін қалғандардың бәрінің бас шабылсын», - дейді де, шығысқа бет алып, Донхуларға шабуыл жасайды. Дандайсып, қаннен-қаперсіз жатқан донхулардың быт-шытын шығарады, жерін қиратып, мал-мүлкіне ие болады (Б.К.Албани «Қазақия» Алматы. 1998. 33-35 беттер).

      Тарих тағлымы: Жер сату Қазақта мүлдем болмаған. Атамекен - туған жерін Қазақ, Қазақ болғалы ешқашан саудаға салған емес.

 

         ЗАҢДЫҚ (АВТОРЛЫҚ) ҚҰҚЫҒЫ: Он сегіз мың ғаламды, соның ішінде Жерді де жаратқан Адам емес, Ұлы Жаратушы – Алла. Демек, жерге иелік ету құқығы Адам да емес,  Алла да. Қазақтың Ата салты бойынша адамдар өз қолымен жасаған дүниелеріне ғана иелік етуге құқылы.

         Алланың 99 есімінің бірі ХАЛЫҚ. Демек, Қазақ жеріне иелік ету Ұлы Жаратушы – Алла Ас пен Көкті, оның ортасына соның бәріне иелік етсін деп Адам баласын жаратып, оларға сөйлейтін тіл мен сана бергелі бері өз Атамекендерінде отырған Қазақ ұлтының құқығы.

           Осы ел мен жер үшін тер төккен Ата-бабаларымыздың рухы ата мекенге сіңіп қалған. Батырлар кетсе олардың моласы, рухы, ісі, тарихы осы жердің бойында. Осы себептен жер қазақ үшін тауар емес, қасиетті нәрсе, ұлттың мекені, киелі дүние.

          «Биікте көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда,

          Екеуінің арасында адам баласы жаралған.

          Адам баласы үстіне ата-тегім, Бумын қаған, Істемі қаған отырған.

          Отырып, түркі халқының  ел-жұртын қалыптастырған, иелік еткен» (Күлтегін).

          Тарих тағлымы:  Әлемде батырлықтың теңдессіз мектебін құрып, ілімін сақтаған қазақтың қолынан қарапайым ғана жер өңдеуді келмейді деу, бұл қазақты қорлау. Мемлекет тек қана жағдай жасауы тиіс.

         ЖЕР САТУДЫҢ ӘЛЕМДІК ТӘЖРИБЕСІ:   ҚР ауылшаруашылығы министрі А.Мамытбековтың

         «Жер сату әлемдік тәжірибеге, экономиканың сан қатпарлы талаптарына толықтай сай» дегеніне айтарымыз: Жерді жалға берген, сатқан және кепілдікке қойған елдердің ешқайсысы жерін қайтарып ала алмаған, тіпті алпауыт елдердің өзі де.

         Алаш көсемдері кезінде татар мен башқұрт халықтарын мысалға келтіре отырып, жерді жекеменшікке басыбайлы берудің кеселін дəлелдеп берген. Жекеменшік жерлерін татар мен башқұрт бауырлар банкіге кепілдікке қойып, несие алған, оны қайтара алмай, көп жерден айырылып қалған. (Бұл дерек Алаш көсемі Əлихан Бөкейханның жазбаларынан алынды).

          «Николайдың (Ресей патшасы – ред.) кезiнде арендаға берiлген жер қайтпады. Қазақ жерiнiң түбiне жеткеннiң бiрi – осы аренда болатын. Халықтың сыртынан билеп үйренген қазақтың жуандары арендаға жер бере беретiн. 1904 жылы Жекендi өзенiнiң бойындағы Ойыл жәрмеңкесi кезiнде әлгi жуандар елдiң жайлауын орыстарға арендаға берген ғой. Сол жердiң бәрi орыстарға өтiп кетiп, көшпелi қазақтың күнi қараңға айналды».

           Кедей қазақтың жерiн сол жуандар сыртынан жалдап жiберетiн, ақырында ол жер арендаға алған кiсiнiң түпкiлiктi мүлкi болып қалатын. Осылайша отаршылдар қазақтың жерiн әбден талады, бұған қазақтың өз жуандары да қолғабысын тигiздi. (Телжан ШОНАНҰЛЫ: «Николайдың (Ресей патшасы – ред.) кезiнде арендаға берiлген жер қайтпады». Орынбор, 1923 жыл).

         Ресей кезінде Алясканы АҚШ-қа 100 жылға жалға сатқан болатын, ол жерден Ресей түпкілікті айырылды. Бұл оқиғаны дүние жүзі біледі.

         Күрдістан мемлекеті кезінде жерін кепілдікке қойып қарызға ақша алған. Қарызын уақтылы қайтара алмауы себепті үш ел – Ұлыбритания, Франция және Түркия оның жерін бөліп алып, Күрдістан елі мемлекет ретінде тарихтан жойылды.

         Палестина мемлекеті кезінде жер сатуды парламентке шығарып, жерді шетелдіктерге сату жайлы заң қабылдаған болатын. Сол заңның негізінде олардың жерінің бір үлкен бөлігін еврейлер сатып алып, сол жерге қазіргі Израиль мемлекетін құрды.

         «Израиль қалай құрылды: Сионистік қозғалыстың авторы атанған журналист Теодор Герцльдің (1896 жылы) «Еврей мемлекеті» деп аталатын шағын кітапшасы жарық көрген. Әр елде тентіреп жүрген еврейлерге ұлттық мемлекет құру туралы ең алғаш ой тастаған осы кітапта, автор, бүкіл әлемдегі жөйіттерді Палестинадан немесе Аргентинадан иелік сатып алу үшін «ақша жинауға» шақырады. Бұл еңбегі жарыққа шыққанда, Палестинада олардың отыз шақты елдімекені болған екен. Сионистік ұйымдар ол жаққа барған қандастарына «жеті сотық» алуға қаржылай көмек беріп, ақшаға құныққан арабтардың жерін көтерме бағамен сатып ала бастайды. Қазір енді, барынан айырылып, жау кеткеннен кейін қылышын тасқа сермегендей болған Палестина үкіметі, еврейлерге жер сатқандарды өлім жазасына кесетін үкім шығарып қойған. Арабтар осы ессіз қылығына әлі күнге дейін өкінеді. Біз де өкініп қалмайық, ағайын…» (Жолымбет Мәкіш).

        Мұндай мысалдарды ондап, жүздеп келтіруге болады.

         Тарих тағлымы:  Әлемдік тәжрибе де жерін саудаға салған елдің оңғаны жоқ. Кез келген ұлттық мемлекет жерін сатса немесе ұзақ жылға шетелге жалға берсе, онда ол жерден міндетті түрде айырылып, қаңғып қалады, немесе ұлт ретінде тарих сахнасынан кетеді.

         ҚОРЫТЫНДЫ: Жер ешкімге, тіпті өзімізге де сатылмауы керек. Жерді шетелдіктерге жалға беруге де болмайды. Жер тек қана қазақ халқының Атадан қалған мұрасы. Мұраға ие болудың барлық қамын жасауға тиіспіз. Жер бос жатыр, түгел игеруге тиіспіз деу дұрыс шешім болмайды. Біз игермесек ұрпағымыз игереді.

          Жерге қатысты мыңның, миллионның ішінен бір ғана қауіп төнетін жағдай болса, онда оған да жолауға болмайды.

          Адам, Адам болып, қазақ деген хандықтар мен қағанаттар (мемлекеттер)  құрылғалы бері жер сату мәселесін алғаш  көтеріп отырған Қазақстанның орыс тілді үкіметі болып тұр.

         Тарих тағлымы: Ежелгі Қазақ батырлары «Елімді (жерімді) мен қорғамасам кім қорғайды?» деген ұғыммен ғұмыр кешкен. Демек, Қазақ ұғымында ел қорғау (жер қорғау) зиялылықтың ең басты принципі.

        Жерді сатқан күні ҚАЗАҚ деген киелі атқа ылайық болудан кетеміз.

         Жерді Ұл Аталарымыздан қалай аманаттап алдық, келер ұрпаққа да солай аманаттап тапсырып кетуге тиіспіз! «Аманатқа қиянат жасамас болар» (Халық мақалы). Қазақтың ең басты ұлттық идеологиясының негізі осы.

          Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау

"Ұлт порталы"